Нарық талабы қатал

26 октября 2017 - Администратор
article15235.jpg

Қостанай тек астықты аймақ қана емес, өндірісі өркендеген өңір. Облыста кейінгі жылдары үдемелі индустриалды даму бағдарламасы бойынша машина құрастыру саласында ірі жобалар жүзеге асырылды. Allur Group автокөлік компаниялар тобының құрамына енетін екі алаң – «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» зауыттарында шығарылып жатқан көліктердің түрі көбейіп, өндіріс көлемі артты. Биылғы жылдың тоғыз айында кәсіпорында 60 млрд теңгенің өнімі шығарылды.

Соңғы жылдары аталған өндіріс орнында бір емес, бірнеше жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асқаны мәлім. Зауыттың SsangYong Nomad, ZAZ, УАЗ және Iveco көліктері елімізден бөлек, шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Қазір өңірде бұрын-соңды болмаған электромобильдер шығарылып жатыр. Мемлекет те машина жасау саласын қарқынды дамытуға мүдделі. Қолдау зор. Сәйкесінше, өңірде өндіріс ошақтары да өріс алған. Мәселен, жеті жыл ішінде Қостанайдағы зауытта 30 мыңдай көлік құрастырылыпты. Бүгінде өңдеу өнеркәсібінің 25% осы салаға тиесілі. Бұл – мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесі. 

Қазірдің өзінде автокөлік өндірісін жолға қойған қос кәсіпорында жүзден астам жас мамандар қызу еңбек етіп жүр. Қостанайдағы бұрынғы дизель зауытының базасында жұмыс құрылған кәсіпорындарда жұмыс істейтін білікті мамандардың көпшілігі зейнет жасына жеткен. Олардың жастарға үйретері көп. Заманауи техниканың тілін жақсы меңгеріп, машинаның әр бөлшегін асқан мұқияттылықпен құрау оңайдың шаруасынан емес. Қостанайлық машина жасаушылар бұған әбден машықтанып алған. 

Автоөндіріс ісіне дендеп кіріскен зауыт қатарына қолынан іс келетін жастарды тартпаса болмайды. «АгромашХолдинг» АҚ мен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-і басшыларының алға қойған мақсаты осындай. Солардың бірі – Александр Росликов зауытта 2012 жылдан бері жұмыс істейді. 

– Диагностика цехында темір ұстасы болып еңбек етемін, – дейді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жұмысшысы Александр Росликов. – Көлік құрастыру оңай жұмыс емес. Біліктілік керек. Кәсіпорында білімімізді арттыруға жақсы жағдай жасалған. Тәжірибе алмасып тұрамыз.

Айналасы аз-ақ жылда Қазақстандағы көлік құрастырудың гигантына айналған қостанайлық кәсіпорын жауапкершілігі зор жұмысқа жергілікті жастарды көптеп тартуға ынталы. Сондықтан, Қостанайдағы оқу орындарын бітірген жастарды жұмысқа қабылдап, оларды кезекпен шетелдерде тәжірбиеден өткізіп алу жақсы дәстүрге айналып келеді. Өйткені, қанатын енді ғана кеңге жая бастаған отандық өндіріске іскер жас мамандар ауадай қажет.

Өндіріс ошағындағы мықты маманның бірі – Әділ Шәйкемелов Кореядан тәжірибе жинақтап келген. Сырлау цехында үш жылдан бері жұмыс істейді. 

– Мұнда машина шанақтары төрт деңгейлі сырлаудан өтеді, – дейді сырлау цехының шебері Әділ Шәйкемелов. – Заманауи жабдықтар бізге жұмысты сапалы, мүлтіксіз атқаруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде біз мемлекеттің қолдауымен жаңа жабдықтар алып, кез келген шанақты кез-келген түске бояй аламыз. Бұрын мысалы, автокөліктер келгенде боялып келетін. Бұл көліктердің құнын жоғарылатады. 

Кәсіпорында ұсақ түйінді құрастыру цехы іске қосылғалы дәнекерлеу, сырлау, құрау сияқты жұмыстар өзімізде атқарылады. Бұл шығарылған көліктердегі қазақстандық үлесті арттырды. 

– Мемлекеттің қаржысымен біз технологиялық желілер орнаттық, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Сергей Могилатов. – Нәтижесінде, бүгінде сегіз халықаралық бренд бойынша 50-ден астам көлік түрін шығарамыз. Олардағы қазақстандық үлес орта есеппен 33 пайыз, кейбір машиналарға 50 пайызға дейін барады.

Бүгінде автонарықта бәсекелестік жоғары. Әлемдік алпауыттармен иық тірестіру оңай емес. Жас кәсіпорынның халықаралық әріптестерімен бірлесе қимылдауына жергілікті билік те қолдау жасап отыр. Жақында ғана екі бірдей келісім-шартқа қол қойылды. 

– Бірінші келісім-шарт Қостанай әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жасалды, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім жетекшісі Айгүл Бапинова. – Ол бойынша газбен жүретін қоғамдық көліктер шығару көзделген. Ал, қытайлықтар мен кәсіпорын арасындағы екінші келісімде, коммерциялық мақсаттағы арнайы көліктерді құрастыру жобаланған. Бұл өнімдер кедендік одақ пен Орта Азия елдеріне сатылады деп жоспарланып отыр.

Қостанайлық зауыт енді сыртқы нарықта бәсекеге түсуге ниетті. Әзірге Ресейге алғашқы партиялар сынама ретінде жіберілсе, Тәжікстанмен жыл соңына дейін жүз машина сатуға келісім жасалды. Ал, еліміздің автозауыттары алғашқы сегіз айда 1200-ге тарта машина экспорттаған. Жалпы, жергілікті машина құрастыру зауыты биыл жыл соңына дейін алты мың дана көлік шығаруды көздеп отыр. Мемлекеттің қолдауы кәсіпорынды қандай қиын шақта да құлдырауға жіберген жоқ. Бүгінде өндіріс орны көліктердің түрін көбейтіп, өнімдердегі қазақстандық үлесті арттыруға көшті. Біртіндеп сыртқы нарыққа да жол ашыла бастаған. 

Еркін АЙДАРОВ

суреттер ғаламтордан алынды

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии