Кейкі батыр – әлі де зерттеуді қажет ететін тұлға

26 октября 2017 - Администратор
article15233.jpg

Үстіміздегі жылдың 20-шы қазанында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Қостанай облысының мемлекеттік архиві» ММ оқу залында Кейкі батырдың сүйегін жерлеу және еске алу іс-шараларын жалғастыруға байланысты «Өз заманының батыры» атты дөңгелек үстел өтті. 

Жиын барысында табылған архив құжаттары негізінде Қазақстан тарихындағы Кейкі батырдың рөлі және аспиранттар мен магистранттарды зерттеу жұмыстарына тарту, еске алу іс-шараларын өткізу арқылы өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы сұрақтар талқыланды. 

Дөңгелек үстел отырысына ғылым және шығармашылық зиялылар, қоғам, «Нұр Отан»  партиясы, БАҚ өкілдері, архив және мәдени мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қатысты. Кездесу аясында қатысушылар мен қонақтарға «Ұлт-азаттық көтерілісі және Кейкі батыр тарих құжаттарда» тақырыбындағы фотоқұжаттық көрменің тұсауы кесілді. 

Көрменің экспонаттар құрамына Қазақстан Республикасы және Ресей Федерацияларының мұрағаттарынан әкелінген құжаттар, сонымен қатар атақты батырдың тікелей туыстары Қосжановтардың отбасылық архивінен алынған суреттер енді.

Мұрағат құжаттарындағы деректерге сүйенсек, Кейкі батырдың бейнесі артындағы ақарлы-шаһарлы жұртымен бірге жасап, өміршеңдік танытса да кешегі кеңес дәуірінде солақай саясаттың салқынымен ғылыми зерттеулерден алынып тасталғаны белгілі. Соған қарамастан, Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасында, М.Қаратаевтың «Даладағы дауыл», Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романдарында ақиқаттың астарлап болса да айтылғанын көңілге медет тұтамыз.

Ал, Тәуелсіздік алған уақыттан бастап тарихи тұлғаның тағдырына арнап К.Әмірқызы, С.Тұрғынбекұлы, А.Байжан, Ә.Қылышбайұлы, Қ.Әлім және тағы басқалары мерзімді баспасөз беттерінде қалам тартты. Бірақ жарық көрген сол мақала, кітаптарда Кейкінің күрес жолы тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер негізінде жазылды және мұндай талпыныс оның өмірбаянына қатысты көптеген жаңсақтықтарға жол ашты. Мәселен, оның туған, өлген жылдары, кеңестік билікке қарсы күрескен тұстары бұрмаланып көрсетілді. Мұның басты себебін мұрағат қорларындағы құжаттардың сол уақытта әлі ғылыми айналымға түспеуімен түсіндірсек қателесе қоймаймыз.

Сонымен, қолдағы бар деректер мен жинақталған мұрағат қорларындағы құжаттарды саралап байқасақ, батырдың өмірі былай өріледі. Азан шақырып қойған аты – Нұрмағанбет, руы – құлан қыпшақ. Көп кісіге қосылмай кейкиіп жүретін болғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Сөйтіп, ел арасына «Кейкі» атымен танылған. Шежіреге зер салсақ ол бес ағайынды болған. Көкембайдан Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұбар туады. Осылардың ішінде бүгінде тек Қосжанның ғана ұрпағы бар. Кеңес өкіметі кезінде Көкембайдың кіндігінен тараған ұрпақтары «банды», «басмашының» туыстары деп айыпталып, билік басындағылардан теперішті көп көрген.

Кейкі батырдың елін күреске бастап шығуы және отарлық саясатқа қарсы қарулы қарсылық танытуы, атының ел аузына ілігіп «құралайды көзге атқан мерген», «батыр» атануы Торғай даласындағы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі тұсында көрініс тапты.

Қазақ даласын тұтастай шарпыған Ресей патшасының 1916 жылғы 25-ші маусымдағы жарлығы түрткі болған азаттық жолындағы күресте Кейкінің батырлығымен қатар құралайды көзге атқан мергендігі кең танылды. Сол көтеріліс кезінде ол Торғай даласында құрылған Қыпшақ хандығының мергендер мыңдығын басқарды. Әу баста «патшаға қара жұмысқа адам бермейміз» деп өз қарсылығын танытып, ұйысқан халық бара-бара жеке хандық құрып, ауыз бірлігін танытты. Көтерілісшілердің 50 мыңдық әскеріне Амангелді Иманов бас сардар болып тағайындалса, хан қылып халқы Әбдіғапар Жанбосыновты көтерді. Кейкі батырдың ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жылдың қысындағы Торғай, Құмкешу, Доғал, Үрпектегі және басқа да патшаның жазалаушы әскерлерімен болған шайқастарда анық көрінді, асқан мергендігімен, ержүректігімен көзге түсті, яғни көтерілістің даңқты қаһарманына айналды, ерлігі аңыз болып тарады.

Дөңгелек үстел барысында Кейкі бабамыздың салтанатты жерлеу рәсімінен бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, архив қызметкері жақсы деректермен бөлісті. Және де батырдың тікелей ұрпағы Сейтқали Қосжанов Салтанат Тащанованың Кейкі батырдың өмірін, ерлігін зерттеуде сіңірген ерен еңбегі үшін төсбелгі тақты.

 

Еркін Әбіл,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

 

Салтанат Тащанова,

«Қостанай облысы әкімдігінің архивтер және құжаттама басқармасы» ММ бөлімінің басшысы:

– Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мәдени мұра» құндылықтарын тарихты ұлықтап, сол тарихты ұлттық санаға байланысты жаңа міндеттерді ашып көрсеткен. Осы бағдарлама негізінде архив қызметкерлері тысқары қалмады. Сол төл тарихымызды жаңғыртып, тарихи тұлғаларды дәріптеу мақсатында мұрағат қызметкерлері өз үлестерін қосуда. Кейкі батыр бабамыздың өмірін, өшпес ерлігін, ел үшін азаттықты аңсап өткен өр тұлғаны зерттеп, тарихи құнды мәліметтерді жинау, әр азаматтың парызы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, мемлекеттің қолдауымен батыр бабамыздың бас сүйегі елге әкелініп, қыркүйек айында салтанатты түрде туған жер төсіне тапсырылған еді. Сол себептен, бүгінгі іс-шараға Кейкі бабамыздың жүрген жолдарын зерттеу, ол туралы экспедицияда белсенділік танытқан және де Арқалық қаласында өткен ғылыми конференцияға қатысқан азаматтарды шақырып отырмыз. Кейкі батырдың есімін дәріптеу мақсатында іс-шаралар жалғасып жатыр. Соның бірі, осы іс-шара. Дөңгелек үстел барысында ғалымдарымыздың өз көзқарастары мен тұжырымдарын, Кейкі батырдың Қазақстан тарихындағы маңызды рөлі туралы сөз қозғалады деген ойдамыз.

 

Сейтқали Қосжанов, Кейкі батырдың ұрпағы:

– Елбасының қолдау білдіруімен атамыздың бас сүйегі елге қайтарылып, лайықталып кесене тұрғызылып, арулап жерленді. Ғылыми конференция барысында осы архив саласындағы қызметкердердің дайындаған сурет, бейнероликтерін көріп көңілім толды. Ел біле бермейтін ақпараттар көрсетілген екен. Нұрмағамбет Көкембайұлы кезінде діндар, мерген, халық үшін қасық  қанын қиған ержүрек адам. Менің әкемнің апасы Ақбала Кейкі батырды 13 жасында көрген екен. Сол кісі айқаны бойынша, ол өте мығым, нағыз батыр денелі адам болған. Ешқашанда жамандық жасамаған. Елін қорғай білген, қиналған жандарға көмек бере білген. Мерген болғаны соншалық, бір тойда Амангелді батыр екеуін бақталастыққа түсіріп, кімнің мерген екендігін анықтаған. Сол кезде Кейкі Амангелді батырдың басындағы тақиясын алып, оның орнына асық қойып, дөп түсірген көрінеді.

 

Алмасбек Абсадықов,
филология ғылымдарының докторы, доцент:

– Біз барған экспедиция шілде айында өткен болатын. Оның аты «Ұлы дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» деп аталды. Біздер бабамыздың соғыстары өткен орындарынан жүріп өттік. Кейкі бабамыз өз уақытында мұсылманша сауатты болған адам. Үстемгеннің Жәкені деген кісінің қызының айтуынша, Жалаулы өзекшесінің бұлар арғы бетінде тұрған. Ал Кейкі батыр бергі бетіндегі үйге келген. Содан Жәкенің үйіне «Кейкі келіп сыбағамды жеймін» деген хабар жетеді. Өзінің ағайыны болғандықтан, «сыбағамды мен отырған үйге алып келсін» деген хабар келеді. Сонда Үстемгеннің әйелі өте ақылды кісі болған. Сол кісі Кейкі отырған үйге барғанда батыр намаз оқып отырған. Қардан жайнамаз сызып оқыған. Патша әскерлерінің келе жатқанын сезген үй иесі Кейкіге өтірік айтып заттарын жинап, өзге ауылға қонаққа баратындарын айтады. Оның сөзінде, бір гәптің жатқанын сезген Кейкі қыздарын қалдырып кетуін талап етеді. Аз уақытын өткен соң патшаның сарбаздары келіп үйді қоршайды. Ал қыз балаға Кейкі тығыл деп кеңес береді. Осылай, сол жерде атыс болып, содан Кейкі бабамыз қайтыс болған екен. Дегенмен, бұл айуандық мұнымен тоқталмай, батырдың басын шапқан. Онымен қоймай, босануына айы-күні жетіп отырған әйелін және де бауырын да асқан қатыгездікпен өлтіріп, үшеуін бір шұңқырға тастап кеткен екен. Осындай қатігез оқиға орын алған жер Жалаулы деп аталған. Оны табу үлкен қиындық тудырды. Нақты қай жерде екені белгісіз. Айтқан спикерлердің сөзіне бір қосарым, енді алдағы уақытта Кенесары ханның басы елге оралса, тарихи санадағы келіспеушіліктер сол уақытта тоқтайды деген ойдамын.

 

Қалқаман Жақып,

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің философия кафедрасының профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

– 95 жыл өткеннен кейін Кейкі Көкембайұлының бас сүйегінің елге оралуды үлкен тарихи оқиға. Мен Кейкі батырдың сол уақыттағы ел басына күн туғанда жасаған қызметтерін, елін жаудан қорғай білген ерліктері арқылы бір жағынан Кенесары ханға да ұқсатамын. Әрине, екеуі екі бөлек адам болған күннің өзінде мақсаттары, істеген істері, мінездері бірдей болғанда көрінеді маған. Сонымен қатар, Шәміл Имаммен де қатар қоятын едім. Себебі, олардың арасында үлкен ұқсастықтар бар. Ол түр жағынан емес, елін қорғай білген істері жағынан. Біз батыр жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Торғай даласына аттанғанда, онда бірнеше адам оның сол уақыттағы соңғы батыр, мерген деп қайталады. Мені бүгінге дейін толғандыратын сұрақ: «Ол қалай сол уақытта аздаған сарбаздарымен қазақ даласында жалғыз қалды?» деген. Бірнеше кітаптарды, архивтерді ақтара отыра журналист Бөгетбай Әлмағамбеттің сұхбатын тауып алдым. Сол уақытта Амангелді Иманов қаза тапқан кезде, Кейкі батыр не ақтарға, не қызыладарға жақ болмай өз туған жеріне оралған. Сосын қарапайым адамдарша өмір сүрген. Дегенмен сол уақытта патша солдаттары Кейкі батырда бірнеше жақсы тұлпарлардың барын біліп қайта-қайта сұраған көрінеді. Сөйтіп, аттарды жақсы көрген Кейкі бабамыз ашумен  жаңағы солдатты сол жерде өлтірсе керек. Осыдан кейін оның артыннан адамдар келетіндігі жөнінде хабар тарайды. Сол уақытта екі жаққа да жақтаспаған бабамыз Патша үкіметіне қарсы шығады. Осыдан кейін сол өлкедегі шаруалар, байлар келіп оны Патша үкіметіне қарсы соғысты бастайтын сардар болуын өтінеді. Басында қарсылық білдірген Кейкі ақыр аяғында келіседі. Батырды жазалауға келе жатқан солдаттардың оның туыстарына зияны тимеу үшін, өзі басқа жаққа кетіп қалған. Міне, осыдан кейін оның тағдыры өзімізге белгілідей жалғасады.

 

Ақбота САҚҰЛОВА,

суреттерді түсірген автор

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев