Қасиетті күшке ие киелі орындар

26 октября 2017 - Администратор
article15214.jpg

Халыққа бүгінде ұмыт қалған, бірі білсе бірі біле бермейтін, сырқат жанның дертінен айығуына көмектесетін қасиетті орындарды таныту мақсатында «Тобыл-Торғай мұрасы» атты бағдарлама қолға алынған болатын. Аталмыш пресс-тур аясында осы киелі орындар жөнінде толық дерек, сурет, картамен толықтырылған сайт дайындалатын болады. Бағдарлама желтоқсан айының аяғына дейін жалғасатын болады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, облыста жалпылай алғанда 31 киелі орын таңдалынып алынған.

 

Тарих тұнған Торғайдың  Аралбай ауылының маңында орналасқан киелі орындардың бірі  XVIII-ші ғасырда құрылған Қазыбай әулие кесенесі. Ол шамамен XVII-ші ғасырда өмір сүрген. Қазыбай әулие «Баянтанат» деген жерде қайтыс болған. Сол себептен, ол жер «Қазыбай қорымы» деп аталып кетіпті. Бүгінгі күні бұл кесенеге көптеген адамдар келіп, әулие жер екендігіне сенген.

Батпаққара өлкесі де аңызға толы киелі орындарға ие. Солардың бірі – Сатыбалды ишан кесенесі. XIX-шы ғасырдың аяғында құрылған ол Амангелді селосында орналасқан. Облысымыздың Амангелді ауданында алыс-жақын шетелдерден зиярат етушілер баратын киелі орындар жетерлік деуге болады. Аудан орталығында орналасқан кешенде Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы жерленген. Ескерткішті 1899 жылы оның үлкен ұлы салдырған деседі. 

Сатыбалды Ғабдоллаұлы – өз дәуірінің белгілі тұлғаларының бірі. Жас кезінен дін жолына түседі. Өмірінің 14 жылын оқуға арнап, Орта Азия мұсылман кеңесінің алдында сынақ тапсырып, одан мүдірмей өтеді. Кеңес мүшелері оған бір ауыздан – ишан атына лайықсың деп сенім білдіреді. Заманында жерлестерін оқу-білімге, еңбекке тартқан, еліне зор қызмет қылған адам. 

Ел аузында сақталған аңыздың баяндауына қарағанда қазіргі кешен орналасқан жер ордалы жыланның отаны болыпты. Кейін аталған жерді жыландар Сатыбалдының дұғаларынан кейін тастап кеткен деседі. Аңыз ба, әлде шын ба, кім білсін, әйтеуір тегін адам болмаса керек. Кешенде Ғабдолланың баласы Файзулла және жақын досы Омар қалпе де жерленген. 

Амангелді ауданы, Амангелді селосында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі қолбасшыларының бірі, Кенесарының үзеңгілес серігі Иман батырдың немересі Амангелді Имановтың қабірі бар. 1960 жылы құрылған мүсін күмістен жасалған және тікбұрышты тұғырда, мәрмәр тақтада орнатылған. Тұғырдың төменгі бөлігі трапеция нысанында жасалған. Мүсіннің биіктігі-2,5 метр. Жалпы биіктігі-4,7 метр.

Жангелдин ауданына қарасты Қызбел селолық округі, Бидайық ауылында 1992 жылы ашылған киелі мазар Міржақып Дулатовқа тиесілі. 

Міржақып Дулатов – Қазақтың 20-шы ғасырдағы аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі. 

Ол 1885 жылы 25-ші қарашада Қостанай облысы Жангелдин ауданының Сарықопа ауылында дүниеге келген. 1928 жылғы тұтқынға алынып, 1930 жылы ату жазасына кесілген. Өкім 10 жыл лагерде болуға өзгерген. 1935 жылғы бесінші қазанда Міржақып Дулатов Сосновец лагерінің Орталық лазеретінде қайтыс болады және еріктілер зиратына жерленеді. 

Тек қана 1988 жылы қараша айында Міржақып Дулатов ақталады. 1992 жылы қараша айында оның сүйегі отанына қайтарылып, Жангелдин ауданы Қызбел ауылдық округінің Бидайық ауылына барлық сый-құрметпен жерленіп, сол жерге кесене салынады. 

Торғай өлкесіне қарасты Көкалат деген жерде 1965 жылы құрылған қасиетті ескерткіш бар. Ол есімі аңызға айналған Торы қыпшақтың ұрпағы Сейітқұл Маманұлы атты егіншіге тиесілі. Көптеген жерлерді аралағаннан кейін ол Торғай өңіріне келіп, Қабырға деген жерге тұрақтаған. Торғайға бидай, тары, қауын-қарбыз, асқабақ, жүзім әкеліп, себе бастаған. Оның басшылық жасауымен өңірде егіншілікпен айналысатын отбасылардың саны 30-дан 300-ге дейін өскен. Оның өмірі Ы. Алтынсариннің әңгімесіне арқау болған. 

Қыпшақ Сейтқұл 1830 жылы Жангелдин ауданының Қарабидайық деген жерінде қайтыс болады. Кейіннен Көкалат ауылында Қыпшақ Сейтқұлға ескерткіш орнатылады. 

Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Екідің ауылына (Сарыторғай) жақын алқапта ертедегі екі рәсімдік құрылыс жабайы тастан кигіз үй тәріздес салынған. Шамамен ерте темір ғасыр уақыты. Жергілікті аңыз бойынша XVII-XVIII-ші ғасырлар аралығында салынған. Екідің тұрған төбелер арасындағы алқапта қантөгіс соғыс болған. Бір-бірімен жауласқан рулар әскери басшыларының ордасы осы жерде орналасқан. XX-шы ғасырдың 80-жылдарында жергілікті халықтан жиналған қаражатқа бұзылған діңдерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

I Екідің Арқалық қаласы әкімдігіне қарасты аумақта, Қараторғай өзенінің оң жағалауында, өзеннен 730 шақырым және Бейсен қыстауынан солтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. 

Қорған үйіндісі жер мен тастан салынған. №1 қорған үйіндісінің диаметрі 15 метр тең, биіктігі-0,7 метр. Қорған айналасының ені-5 метр, тереңдігі-0,3 метр орлар бар. Орлар қорғанды толық қамтымайды. Оңтүстік-шығыс жағынан шамамен ені 0,15 метр өткел бар.

Осы Екідің ауылында тағы да бір киелі орын бар. Ол 19-шы ғасырда салынған Жәуке батыр кесенесі. Жәуке батыр 1819-1889 жылдар аралығында Амангелді ауданында өмір сүрген. Батырлар сияқты өз өмірінің көп бөлігін шайқастар мен жорықтарда өткізген. Жауынгерлік өмірін өзінің туған жерінен жырақта аяқтаған. Ауыр жарақат алғаннан кейін өзінің туылған жеріне жеткізіліп, сол жерде көз жұмған. 

Атақты батырдың 175-жылдығы құрметіне оның ұрпақтары өткен ғасырдың 90-жылдарында мүсіндік ескерткіш орнатқан. Әскери дулыға сияқты стилденген ескерткіш тамға алыстан көзге түсіп, батырдың ерлігін еске түсіріп тұрады. Мазардың қасында атақты Жәуке батырдың құрметіне мешіт көтерілген. Мешітті XIX-шы ғасырдың соңында Жәуке батырдың ұлдары салған. Қызыл кірпіштен салынған осы діни ғимаратқа 100 жылдан астам уақыт болған. Ол сенушілер үшін ғибадат ететін жер ғана емес ауыл балалары үшін мектеп ретінде жұмыс жасаған. Мешіт жанында араб әліпбиіне және мұсылмандық негізге оқытатын медресе болған. 

Туған жері Амангелді ауданының «Сарыторғай» ауылында Жәуке батырға арналған ескерткіш орнатылған және Амангелді ауданының орталығында Иман, Жәуке және Қошқар батырларға арналған мемориалдық-композициялық ескерткіш қойылған. Және де Амангелді ауданының орталығындағы көшелерінің бірі батырдың есімімен аталады. 

2010 жылы Арқалық қаласы әкімдігіне қарасты Жаңақала ауылында ашылған Әбдіғапар ханның кесенесі де киелі орындар тізіміне енген. 

Әбдіғапар Жанбосынов 1870 жылы Торғай уезінің Қараторғай болысында дүниеге келген Тілеулі батырдың ұрпағы. Ауылында мектеп ашып, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-парасатының арқасында ел ағасы атанған. 

1916 жылғы 21-ші қарашада бойында 13 болыс ел өкілдерінің құрылтайы Әбдіғапар Жанбосыновты хан көтеріп, Кенесары қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелдіні – Сардарбек (әскери қолбасшы) етіп сайлайды. Әбдіғапар ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрды. Әбдіғапар көтерілісшілерді 20 адамнан тұратын халық өкілдерінің кеңесі арқылы басқарған. Бұл кеңес әскери, әкімшілік, шаруашылық мәселелерін шешетін басшы орталық болған. Ол жасақтаған Ресей империясының қарулы күштеріне аса тегеуірінді қарсылық көрсеткен. Оның қол астына Қазақстанның көптеген аймақтарынан көтерілісшілер жасақтары келіп қосылған. Сөйтіп Торғай өлкесі Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ең ірі орталығына айналған. Түрмеге қамалды, алайда Ресейде басталған Ақпан революциясы оның өмірін құтқарып қалады. Әбдіғапар 1918 жылы наурыз айында Орынборда Кеңестердің Торғай облысы бірінші сьезіне қатысып, кейін Кеңес үкіметінің саясатын жүргізуден бас тартады. 1919 жылы 21-ші қарашада қызыл әскерлер қолынан қаза табады. Деректерге сүйенсек, намаз оқып отырған жерінде атып өлтірген көрінеді. 

Арқалық қаласы әкімдігіне қарасты Екідің ауылынан 52 шақырымда Қараторғай өзенінің шығыс жағында Саған Мақат кесенесі орналасқан. 

Саған Мақат кесенесінде арғын тайпасының төлек руынан Мақат ұрпақтарының сүйектері жерленген. Ол бай және өте оқыған адам болған. Балаларымен бірге біздің күнімізге дейін керемет сақталған кесене салған. Оған бір-бірден ғана кіруге болады, өйткені есік өте тар. Кесененің қабырғасына мақаттың ұрпақтары қайтыс болған туысқандарының сүйектерін қойған. Ежелгі қазақ дәстүрі бойынша жерленген. Адам қайтқан кезде оның денесін жерге қоймай, жерасты бөлмесіне қойған. Бөлме ақ шымылдықпен екіге бөлінген: бір бөлмеде ер адамдардың, екінші бөлмеге әйел адамдардың денелері қойылған. Осы жерде қазылған шұңқыр түрінде ашық қабір бар. Келесі туысқаны қайтыс болған кезде жертөле бөлмесінде болған дене осы қабірге түсірілсе, ал оның орнына келесі марқұмды қойған. 

Кесенеде қазір Мақаттың 20-дан астам туысқандары жерленген. Айта кететін жайт жерасты бөлмеде нақты температура сақталған және шіріген иіс жоқ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша кесене салынған жер бұрыннан киелі жер деп есептелінген. Денелердің жақсы сақталу себебі қасында Сарыторғай өзені және бұлақтың ағып жатуы. Кесене салушылар бұл жердің уақыт үшін керемет қызмет ететінін білген.

Ақбота САҚҰЛОВА

суреттерді түсірген автор

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев