Ұлттың ұлы ұстазын еске алды

27 октября 2016 - Веб-редактор
article12078.jpg

Өткен аптада Алтынсарин өңірінде ұлы ұстаз атындағы Обаған орта мектебі оқушылары Ы.Алтынсариннің 175 жылдығы қарсаңында Қостанай ауданындағы Ы.Алтынсарин кесенесіне және Щербаков орта мектебінің мұражайындағы ағартушы атамыз туралы құнды жәдігерлерімен танысып, сол ауылдағы саябақта Ыбырай және балалар композициясын өз көздерімен көріп қайтты. 

 

 

Оқушылар Балқожа би қонысындағы құдыққа барып, Ыбырай Алтынсарин туған жердің топырағын сезініп, естелік суретке түсті. Оның арты қызықты саяхатқа ұласты.

 


Қазанның жиырмасы күні мектебіміздің ұлы ұстаздың атымен аталуына байланысты осы атаулы күн ұлы тұлғаға арналды. «Ұлттың ұлы ұстазы – Ыбырай Алтынсарин» тақырыбында қазақ даласының дара ұстазы Ыбырайдың ұстаздық жолы мен келешек ұрпақтың қамы үшін жүргізілген еңбектері туралы оқушыларға насихаттау мақсатында бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылды.

 


«Ы.Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы» тақырыбында ашық сынып сағаттары өткізілді. «Ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында оқушылардың өз қолымен жасаған Ыбырай мектебінің макеттері, буклет, альбом, портрет сияқты құнды заттардан көрме ұйымдастырылып, спорттық іс шаралардан түрлі сайыстар да болды. Бастауыш сынып оқушылары тәлімі мол тәрбиелік әңгімелерін сахналандырып көрініс көрсетсе, бесінші-сегізінші сынып оқушылары арасында «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында Ыбырай Алтынсарин өлеңдерін жатқа оқу сайысы өтті. Тоғызыншы-он бірінші сынып оқушылары арасында «Ы.Алтынсарин – тұңғыш қазақ педагогы» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, онда оқушылар ХІХ ғасырдың қазақ даласынан шығып, орыс, Еуропа мәдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушысы дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын-жазушы Ы.Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор екендігін жан-жақты зерттеп, жобаларын қорғауда тың мәліметтерді ұсына білді.

 


Сондай-ақ, Ыбырай мектебінің ізбасарлары ұлы ұстаздың әңгіме жанрының негізін салушы, балалар әдебиетінің атасы екенін, қазақ елін надандық пен қараңғылық түнегінен құтқару үшін аянбай еңбек еткен тарихи тұлға екендігін эссе жазу конкурсында да көрсете білді.

 


Туған халқының талантты перзенті Ы.Алтынсарин қазақ халқының мәдениеті мен тарихының алтын қорына үлес қосумен қатар, өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас мол мұра қалдырды. Ы.Алтынсарин мұралары кейінгі ұрпақтың есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

 


Арайлым АХМЕТЖАНОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео