Мекке сапар: тазалық пен кемелділік

15 октября 2015 - Веб-редактор
article8097.jpg

Биыл Қазақстаннан төрт мыңнан астам адам қажылыққа барды. Бес парыздың бірін жерлесіміз Мақсұтхан Шүленов те орындап келді. Қағбаға маңдайын тигізген қажы ең бірінші Отанымыздың тыныштығы мен отбасының амандығын тілегенін айтады.


Қажылық сөздiкте «қасиеттi жерге баруға ниет ету» дегендi бiлдiреді. Ал шариғатта арнайы уақытта, яғни Құрбан айт кезінде Сауд Арабиясының Мекке қаласында болып, арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Қағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды қамтитын ғибадат.


Қажылықтың тарихы сонау Адам (ғ.с.) ата дәуірінен де бұрын бастау алған деседі. Хадисте: «Адам Ата мен Хауа ана ұзақ жылдық айырылудан соң Арафат тауында жолыққанда, Алла Тағала Жәбiрейiл перiште арқылы ол екеуiне ғибадат үйi Қағбаны салуды әмiр етiп, құрылыс бiткен соң, оны тәуап етуге бұйырып, «Сен жер бетiндегi тұңғыш адам болсаң, бұл жер бетiнде құрылған тұңғыш үй», – депті. «Адамның (ғ.с.) қажылық жасағанын көрген перiштелер: «Қажылығың қабыл болсын, ей Адам (ғ.с.) бiз де бұл үйдi сенен екi мың жыл бұрын зиярат еткенбiз», – деген екен.


Мүмкіндігі бар әрбір мұсылманға қажылық – парыз. Оған бару үшін тиісті дайындық, оны атқарудың ерекшеліктерін білу талап етіледі. Мақсұтхан қажы бұл сапарға жылдар бойы дайындалды.
– Он бес қатарынан ораза ұстадым, жоқ-жұқаналарға зекет бердім, сәждеге жығылдым. Төрт парызды орындап барып, қажылыққа аттанғанды жөн санадым. Көпшілігі өмірінде қажылыққа бір рет аттанады. Алдын ала мұқият әзірліктің өзі бұл сапардың маңыздылығын айқындайды. Дайындық тек қаражат жинау, күш-жігерін жұмсау ғана емес, ең бастысы – рухани жетілу, – дейді Мақсұтхан қажы. – Қажылықта Алланың алдында бетпе-бет тұрғандай күй кешесің. «Қажылыққа жұмсалған қаражат Алла Тағала жолында жұмсалғандай 700 есе өседі», – деген де бар. Сондықтан, жағдайы келген әр мұсылман бұл парызды орындауға асығуы керек.


Сауабы мол ізгі сапарға аттанушыларға елімізде бірқатар туроператорлар қызмет көрсетеді. Жерлесіміз өзі таңдаған қажылық компанияның қызметіне дән риза.


– Топтағы 457 адамға қажылықтың алғашқы күнінен соңына дейін астаналық Рүстем Жаркеев деген азамат жетекшілік етті. Ол бізді араб еліне апарған компанияның бас ұстазы екен. Іскерлігімен, жібектей мінезімен қажылардың көңілінен шықты. Аман-сау барып қайтуымызға үлкен септігін тигізді. Оған Алла разы болсын, – деп алғысын жаудырды.


Қажы жиырма күндік сапарында Меккедегі Қағбада, Арафат тауында, әл-Харам мешітінде, Мұздалифа, Мина жазықтарында болып, Мәдинадағы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың мешітінде, Ухут тауында, Мәсжидул Қиблатайн (екі құбылалы), Құба мешіттерінде Аллаға ғибадат етті. Ұзақ жол жүріп, күннің ыстығында шөлдің, ашығудың қиындығын көрді. Бірақ, бұлардың бәрі ғибадат жолында ниет еткен адамға кедергі емес.


– Кейде ұйқысыз қаласың. Су, тамақ, тіпті төсек те жоқ, тақыр жерге қонасың. Мұндай кездерде сенің де, қасыңдағылардың да әбден мазасы кетіп, ашушаң мінез пайда болуы мүмкін. Осындайда сабыр ғана сенімді жолдас болмақ. Сабырлы адам – ниеті таза, өзі сыпайы, тілі тәтті, мінезі жұмсақ, жүзі жылы, көңілі ақ жарқын, кешірімшіл жан. Мұндай азамат қоғамға да пайдалы. Ешкімнің көңіліне қаяу салмау керек. Себебі біреудің жүрегін жаралау Алла Тағаланың құзырындағы Қағбаны құлатқандай үлкен күнә. Сондықтан, өзіңді шайтанның азғыруынан аулақ ұстаған абзал, – дейді Мақсұтхан қажы.


Қасиетті жерде, маңызды сапардан алған әсер ерекше, сауабы одан да орасан. Пайғамбарымыздан қалған сөз бар: Кімде-кім Алла Тағала ризалығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туылғандай пәк болып қайтады», – деген.


– Құба мешіті Мәдинаға жаяу бір сағаттық жер. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салдырған алғашқы мешіт. Бұл мешітте оқыған намаздың сауабы басқалардан мың есе, ал Меккедегі әл-Харам мешітінде оқыған намаздың са-уабы жүз мың есе артық. Сонымен қатар, Мәдина қаласында Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі тұрғызған көне мешіт те бар. Қасиетті екі қаланың арасы 460 шақырым екен. Үлкен мешіттерден бөлек, Алла елшісінің туған үйін, Сәуір тауы мен Хира үңгірін көрдік. Айша, Хадиша аналарымыздың мешіттеріне бас сұғып, намаз оқыдық. Арафатқа шықтық. Минада және Мұздалифа жазығында түнедік. Алған әсерім керемет. Көзімді жұмған сайын әл-Харамдағы намаз оқып жатқаным, Арафат тауындағы ағыл-тегіл егіліп, Аллаға жалбарынғаным елестейді. Қағбаны сүйіп тұрып, көз жасыма ерік бергенім де ұмытылмайтын әсер. Әуелі тілегенім – Отанымның тыныштығы мен отбасымның амандығы. Пайғамбарымыз айтқандай, анадан туғандай тап-таза, пәк қалпыңа түскендей сезінесің, – деп тебіре сөйледі қажы. – Алла нәсіп етсе, тағы да барғым келеді. Адамдары сабырға бай. Суы, ауасы, тазалығы ұнады. Зәм-зәм суының қасиеті қандай керемет. Шипалы, әрі пайдалы. Біз Мина жазығына үш күн қонғанда зәм-зәм суын қорек еттік.


Қажылық барша адамды кемелділікке бастайды. Өйткені, ғибадат кезінде қиыншылыққа төзіп, сабырлы болуға үйренесің. Қаншама адамның арасында өз тобыңнан адасып қалмау керек. Адасып қалдың екен, ғибадатыңды дұрыс орындай алмай, тіпті тапталып қалуың мүмкін. Демек, ынтымақтың, бірліктің қадірін білесің. Барды бағалауға машығасың. Қажы ғибадаттың осындай артықшылықтарын да атап өтті.


Меккеге барып, қажылық ғибадатын орындау бақыты ақса-қалға 75 жасқа қараған шағында бұйырыпты. Інісі Ерболдың да маңызды сапарға шығуына сәті түсті. Оларға дейін қасиетті жерге екі атасының табаны тиген. Мақсұтхан қажыға мұндай сыйлықты жасаған балалары болатын. Сол үшін ұл-қыздарына айтар алғысы шексіз. Осы күнге жеткізген Жаратқанға мың шүкірлік дейді қария.

 

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев