Ғасырлар сарыны – домбыра үнінде

23 октября 2014 - Веб-редактор
article5088.jpg

Халқымыздың тарихы мен бүгінін, болмысы мен табиғатын, көңіл-күйін музыка тілімен жеткізетін бірден-бір аспап ол – домбыра. Ақын Қадыр Мырза Әлінің «нағыз қазақ» деп атауы да сондықтан.

 

Домбыра туралы деректер XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Аспабымыздың асқақ үні, қуанышы мен мұң-зары даламызға он тоғызыншы ғасырда кеңінен тарады. Ұлы композитор Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап, Тоқа сынды дәулескер күйшілер дүйім елді өнерімен тәнті еткен еді. Домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы солардың дәуірінде үздіксіз жетілдіріле түсті. 
 
Қазақта домбыраға қатысты аңыздар өте көп. Сондай хикаяттардың бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жөнінде айтылған. Жаумен шайқасқан соң әбден қалжыраған батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой», – деп ойлайды. Бәлкім, халық арасында жоғарғы тиектің «шайтан тиек» деп аталуы содан шығуы тиіс. Көне аспаптарға ішекті жылқының қылынан таққан, жоғарғы тиек болмаған деседі.
 
Әр аймақтың домбыралары жергілікті жер жағдайына, тұрмысы мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған. Әуелде ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15 болса, күй домбырасына 19-21 перне тағылған. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Бұрында үш домбыра да қолданылған екен. Сан алуан қағыс түрлері бар. Мысалы, «ақсақ қағыс», «іліп қағу», «шертіп ойнау» және тағы басқалары.
 
Бүгінгі таңда Қазақстанда домбыраның 20-дан астам түрі кездеседі. Олардың ішінде: ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер. Оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар (екі нұсқасы).
 
Үш ішекті, кейде шанағының ішінде тартылған қосымша ішектері тағы бар, өте көне домбыралар Семей облысының бірқатар аудандарында жиі кездесетінін айтады зерттеушілер. Ол жақта үш ішекті домбыра тартудың тамаша шеберлері көп болған. Солардың бірі – Тілеулі Мамырбеков. Ол «Боз айғыр», «Қара жорға», «Қара атты», «Көк атты», «Боз жігіт», «Асан Қайғы», «Қорқыт» сияқты күйлерді нәшіне келтіре орындаған. Ұлы Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті домбыраны шебер тартқан екен. Исраилдің өзі де бірнеше күй шығарған, бірақ өкініштісі, ол күйлер бізге жеткен жоқ. Қазір Семейдегі республикалық әдеби-мемориалдық Абай музейінде үш ішекті домбыралар сақталып тұр. Біреуі Исраилдің домбырасы. Ол тұтас ағашты ойып жасалған. Бет қақпағы ағаш шегелермен бекітілген, оған тарамыс перне байланған. Екінші домбыраның шанағы бөлек-бөлек тақтайдан құрастырылған. Жоғарғы және төменгі қақпақтары фанерден жасалған. Он екі пернесі бар. Үшінші домбыраны Абай Құнанбайұлы мен оның досы Н.Долгополов Семей өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырыпты. Ол да тұтас ағаштан ойып жасалған. Ағаш шегелермен бекітілген бет қақпақта үш шағын ойық бар. Жоғарғы тиек жоқ. Мойынға бес перне байланған. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап бабаларымыздан кейін күй өнерін бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Науша, Махамбет Бөкейхановтар, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қаршыға Ахмедияров сияқты күйші-орындаушылар болды.
 
Қазір Сержан Шәкіратов, Біләл Ысқақов, Айгүл Үлкенбаева, Әбдулхамит Райымбергенов сияқ-ты майталмандар бар. Ән өнерінде Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, Сәуле Жанпейісова, осы есімдер белгілі. Бұл тізімге Қостанай өңіріндегі қара шаңырақ – Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әнші-лері Манапбек Қадыров пен Талғат Молдағалиевті қосып қойсақ артық емес. Сондай-ақ ансамбль, оркестр жасақтап, өнердің өрісін кеңейтуге Назымбек Молдахметов белсенді үлес қосып жүр.
 
Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың дәйегіне сүйенсек, домбыра «дәлбұра», «дембұра» деген сөздерден шыққан. Этнограф Ерік Көкеевтің пікірі сәл өзгерек: «Том» деген жұмылған жұдырық, қолдың саласы. Кейін бұл түбір «домға» айналып кеткен. «Быра» тіркесі шерту, дыбыс шығару деген мағына береді екен. Осы екеуінің қосындысынан аспабымыздың атауы пайда болған дейді ғалым. 
 
Ақселеу Сейдімбек күй туралы былай дейді: «Күй деп басталатын қай сөзің сезіммен астасады. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сенімімен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады».
 
Осы пікірлерден-ақ қазақтың домбырасын ғасырлар сарынын жеткізуші аспап екенін пайымдай аламыз. Ұлттық аспабымызды ұлықтап, ұлы бабалардың ұлағатын ұрпаққа аманаттау, ол – біздің асыл парыз. 
 
Мәлік НҰРҒАЛИЕВ 
 
comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев