Облыстың экономикалық ахуалы ойдағыдай

19 октября 2017 - Администратор
article15164.jpg

Өңірдің экономикалық өсуі жан-жақты байқалады. Мамандар да ол туралы оң көзқарасын білдіруде. Облыс халықаралық ынтымақтастық, өңірлер арасындағы қарым-қатынас пен бірнеше аудандардың дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Оны төмендегі бірқатар іс-шаралардан аңғаруға болады.

Қытай инвесторлары Қазақстан экономикасына 200 млн доллар қаржы құятын болды. Бұл туралы агроөнеркәсіп мәселесі талқыға салынған инвестициялық форумда айтылды.

Шара «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы саласына қаржы тарту екі кезеңнен тұрады. Жобаның жалпы құны әзірге белгісіз. Инвестиция ауылшаруашылық дақылдарын өсіру, қайта өңдеу технологиясы мен техникаларға қызмет көрсетуге жұмсалады деп жоспарланып отыр.

Қытай нарығында Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Әсіресе, біздің ұн, күріш және күнбағыс майы сияқты азық-түлік түрлерін іздеп жүріп сатып алады. Сондықтан, Қытай тарабы Қазақстанға инвестиция құюға ынта білдіріп отыр. 

Қаражат ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге, өңдеуге және жаңа технологияны меңгеруге жұмсалмақ.

– Біздің техникамен жұмыс істеу үшін білім мен тәжірибе керек, – дейді Астық және майлы дақылдар қауымдастығының президенті Ван Жуйюань. – Онсыз жұмыс өнбейді. Сондықтан, бірінші кезекте шаруаларды өзіміз оқытамыз. Ауылшаруашылық техникаларын меңгертумен қатар, зауыттарда жаңа технологияны үйретеміз. Сонда ғана олар еш қиындықсыз еңбек етеді.

Жоба Қостанай облысын да қамтиды. Сонымен қатар, Жамбыл, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарын және Астана қаласында іске аспақ. Бүгінде жаңа технологияның тиімділігін қарапайым шаруа да жақсы біледі. Оны өндіріске енгізуге дайын.

– Келген қытайлықтар өздерінің жетістіктерін айтып жатыр ғой, – дейді жеке кәсіпкер Мәди Әлиев. –  Бір күнде бес мың тонна бидайды ұн қылады. Ет те сондай. Біз түпкілікті пайдасын ойламай, базарға апарып сатамыз. Технологиясын алу керек. Үйрену керек.

Алдағы уақытта аспан асты елі инвесторларының көмегімен Қостанайда май өнімдерін шығаратын зауыты бой көтермек. «Евразиан Фудс Корпорэйшн» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Светлана Бойконың айтуынша, бұл өндіріс ошағының құрылысы 2018 жылдың наурыз айында басталады. 

– Біздің холдингте екі май өңдеу зауыты жұмыс істейді, – деді Светлана Бойко. – Оның бірі Алматыда, ал екіншісі Қарағанды қаласында. Өкінішке қарай, біздің зауыттар негізінен Ресейден келген импорттық шикізаттарды пайдаланады. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қостанайда май экстракциялау зауытын ашпақшымыз. Жобаны Қазақстанның даму банкі қаржыландырады. Жоба құны – 100 млн доллар. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталуы тиіс.

Бұл – екі елдің достық қарым-қатынасының нәтижесі. Бұған дейін дәл осындай аграрлық инвестициялық форум Бейжіңде өткен. Сол кезде Қазақстан экономикасына инвестиция салу жөнінде келісімшарт жасалған еді. Енді қытайлық инвесторлар құжатты бекіту үшін Қазақстанға келді. Осы істің басы-қасында жүргендер бұл ауылшаруашылық саласына бағытталған қомақты қаржының басы ғана дейді.

– 200 млн доллар шамасында инвестиция бұл біздің бірінші қадамымыз деп есептейміз, – деді «Қазақ-Қытай азық-түлік индустриясы кәсіпкерлері» қауымдастығының президенті Кемелхан Әбілеков. – Қазіргі күні Қытай мемлекетінің тұтынушылары Қазақстанның өніміне, органикалық таза өніміне аса қызығушылық білдіріп отыр. Біздің өніміміз Қытай нарығында үлкен сұранысқа ие екенін екі тарап та жақсы біледі. Қытай тарабы өздері құйған инвестиция есебінен біздің елден ауылшаруашылық өнімдерін алуға ниетті. Аграрлық-инвестициялық форумда тараптар осы бағытта келісімге келіп, меморандумға қол қойды. 
 


Келешекте қос мемлекет әріптестікті одан әрі нығайтпақ. Бүгіндері Қазақстан арқылы батыстан шығысқа, шығыстан батысқа өтетін сауда айналымы мол пайданың көзі болып тұр. Жағрафиялық орналасу жағынан бұл ретте Қостанай облыс аса тиімді аймақ. Көршілес Ресеймен арадағы логистикалық мәселелер де жуық арада арта түспек. Бұл туралы өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанайда өткен инвестфорумда айтқан еді.

Жуырда 12-13 қазанда «Акtobe Invest-2017» бесінші инвестициялық форумы өтті.

Ақтөбе мен Қостанай облыстары аймақаралық кооперацияны дамыту мақсатында бірнеше меморандумға қол қойды. Қостанай облысы Ақтөбеге лифт жеткізеді. Электромобильдер сатылып, оларды қуаттандыратын бекеттер салынады. Әзірге бұл көліктер Алматы мен Астанада бар. Енді Ақтөбе халқы электрлі көліктің мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Форумға 500-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, ірі отандық және шетелдік кәсіпорындардың басшылары бар. Негізгі пленарлық отырыста «ЭКСПО-2017: өңірдің даму серпіні» тақырыбы талқыланды. 

– Өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше келісім жасалды, — деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов. – Таяуда Ақтөбеде Қостанай облысының күндері өтеді. Ал келер жылы Қостанай қаласында Ақтөбе облысының күндері өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, екі өңір кәсіпкерлерінің тәжірибе алмасуы үшін бизнес форум өткізіледі. Жоспар бойынша Ақтөбеге электромобиль тасымалданады. Агломирация қатарына енген өңір үшін бұл тиімді жоба. Келер жылы Ақтөбеде электромобильдерді қуаттандыру станциясы салынады. Инфрақұрылым дамыған соң көлік сатылады.  

Қостанай облысы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетімен келісімшартқа қол қойды. Себебі, Қостанайда білікті дәрігер тапшы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жас мамандарға 2-2,5 миллион теңге қаржы беріп, олардың баспаналы болуына жағдай жасамақ. Тек жас кадр әкімдік бағыттаған ауыл, ауданда жеті жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі керек. 

Форум кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Shengyuan Technology Co Ltd» АҚ басқарма төрағасы Гэ Пайсян екіжақты меморандумға қол қойды. Қытайлық компания табиғи газдан инновациялық жолмен өндірілген өнім алады. Бұл өнім бояу және баспахана өнеркәсібіне пайдаланылады. Инвестиция құны – 7 млрд теңге. Ал Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен «Нитрохим компаниялар тобы» ЖШС басқарма төрағасы Ринат Тәжмұратов өндірістік жарылғыш заттарға арналған аммиакты селитра шығарады. Өңдеу өнеркәсібі 1 мың адамға жұмыс тауып береді. Жоба құны — 130 млрд теңге. Сонымен қатар, жылыжай кешенін салу, етті экспорттау меморандумдарына қол қойылды. Жоспар бойынша Ресейге жылына бір мың тонна ет экспортталады. «Ақтөбе ет кластері» ЖШС етті Иран, БАӘ, Қытайға тасымалдау жолдарын іздестіріп жатыр. 

Айта кетейік, форум кезінде барлығы құны 209 миллиард теңгеден асатын 11 меморандумға қол қойылды. 

Елбасының өңіраралық кооперация мен қазақстандық мазмұнды дамыту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдіктері өзара тиімді серіктестікті жолға қою және отандық тауар өндірушілерді қолдау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен, өңіраралық серіктестік пен өнеркәсіптік кооперация туралы меморандумды Ақтөбе және Қостанай облыстарының басшылары Бердібек Сапарбаев пен Архимед Мұхамбетов қол қойып бекітті.

Облыстың экономикасының дамуы жолында бірнеше аудандар үлкен  үлес қосып келеді. Сондай елді-мекеннің қатарына Амангелді ауданы жатады. Күні кеше баспасөз клубында өткен брифингте аудан әкімі Нұржан Өтегенов ауданның 2017 жылдың тоғыз айы бойынша экономикалық-әлеуметтік даму қорытындылары жөнінде баяндады. 

Жалпы қорытынды бойынша, мұндағы халық саны ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың бірінші қыркүйегіне 16 719 адамды құраған. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында аудан экономикасының негізгі капиталына инвестиция 1 млрд 406 млн теңге болған. Аталған қаражаттың 16,9 пайызы кәсіпорындар мен азаматтардың, 83,1 пайызы бюджеттік қаражаттың үлесіне кеткен. Ал нақты көлем индексі -186,6%. Жалпы есеп бойынша, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда инвестиция көлемі 715 млн теңгеге артық түсті.

Есепті кезеңде аудан бойынша 94,9 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өнім өндірудің нақты көлем индексі 107,3 пайызды құраса, бөлшек сауда айналымы 352,7 млн теңгеге жетіп, ал нақты көлем индексі-103,8 пайыз болған. 

Нұржан Өтегеновтың сөзінше, Амангелді ауданының экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта мұнда қызмет істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінде 1 845 адам жұмыспен қамтылған.Есеп бойынша, олармен 1 млрд 79 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, қызметтері көрсетілген. Соның нәтижесінде, бюджетке 94 млн теңге салықтық түсімдер түсірілген.  Үстіміздегі жылдың бірінші қазанына «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы кеңесінде шағын несие беруде Амангелді ауданы бойынша үш жоба нақтыланған. Олар: Тұмар Бимағамбетова «Мал шаруашылығын дамыту» жобасы бойынша 1 млн 900 мың теңге қаражат алып, ірі қара мал басын сатып алып, асылдандыру бағытында жұмыс атқаруда. Ал «ДЛЕБА» шаруа қожалығының басшысы Сақыпжамал Жұмабаева «Өсімдік шаруашылығын дамыту» жобасы бойынша 14 млн 500 мың теңге ақша алған. Сонымен қатар, Үштоғай ауылдық округінен жеке кәсіпкер  Сарсенбек Досмагамбетов «Ірі қара мал бордақылау алаңын ашу» жобасы бойынша төрт млн теңге алған. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасына несиелерді кепілдендіру бөлігі бойынша үш жоба және екінші деңгейлі банк несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бөлігінде үш жоба мақұлданған. Олардың қатарында,  «Еуразиялық Банк» АҚ ҚФ арқылы жеке кәсіпкер Аманжол Құлмағамбетов «Жүк тасымалдау қызметтерін ұйымдастыру» жобасы бойынша 3 млн 150 мың теңге 36 ай мерзімге, ал «Нурай-Н» ЖШС «Айналым құралдарын толықтыру» жобасы бойынша 60 млн теңге 36 ай мерзімге алған. Және де «Олжа» ШҚ «Айналым құралдарын толықтыру» жобасы бойынша 50 млн теңге 36 ай мерзімге қаражат алған.

Мұндағы аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылық өндірісінде . Биылғы жылдың бірінші  қазанына 9 млрд  366 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өнімнің физикалық индексі-100,3%-ды құраған. Оның ішінде: мал шаруашылығы 4,866 млрд теңге, нақты көлем индексі-100,6%,  өсімдік шаруашылығы 4,463 млрд теңге, нақты көлем индексі-100,1%, қызметтер 35,9млн теңге, нақты көлем индексі – 100 пайыз. Есепті кезеңге аудан бойынша 3 462 тонна ет, 21 733 тонна сүт, 6 млн 830 мың дана жұмыртқа өндірілген. Ал барлық егіс көлемі 11 8800 гектарды құрады.

Ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін барлығы 342 млн теңге несие алған. Соның ішінде: «Азық түлік келісім шарт» корпорациясы» АҚ арқылы 133 млн теңге, екінші деңгейлі банктер 160 млн теңге, несиелік серіктестік арқылы 49 млн теңге болды. Ауыл шаруашылығын қолдау, оның өнімдерінің шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында барлығы 358,5 млн теңге субсидиялар төленді. Аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына литрі 137 теңгеден барлығы 1 864 тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлініп, шаруашылықтар тасып алды. Мұндағы ауыл шаруашылық құрылымдары жаңадан барлығы 31 ауыл шаруашылық техникалары мен құрылғыларын сатып алды.

2017-2018 жылдардағы мал қыстату кезеңіне 161 300 тонна шөп дайындалды.

Ауданда мал басының артуына ауыл шаруашылығының салалық бағдарламаларының жүзеге асырылуы арқасында мүмкін болып отырған көрінеді.

Мәселен, 2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша – 75 бас ірі қара мал сатып алу жоспарланған. Осы есепті уақытқа текті шаруа қожалықтары барлығы – 272 бас ірі қара мал сатып алынып, жылдық жоспар 362,7 пайызға орындалған.

Биылғы жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 25 бас жылқы малын сатып алу жоспарланған. Осы есепті уақытқа текті Байғабыл ауылында «Есен» шаруа қожалығы 10 бас жылқы малы сатып алып, жылдық жоспар 40%-ға орындалған. 

2017 жылы «Алтын-асық» бағдарламасы бойынша – 45 бас қой сатып алу жоспарланған. Есепті кезеңде, «Алимжан-2» ШҚ 46 бас қой сатып алып, жоспар 102,2 %-ға жүзеге асқан.

«Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы бойынша бір жоба іске асырылған.

Амангелді ауданы бойынша 99 шаруа қожалығы, бір ЖШС және 24 ӨАШК ірі қара малын асылдандыру жұмыстарымен айналысуда. Оларда 13 938 бас ірі қара аналық cиыр малы, 485 бас асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз етілген. Аудан бойынша тұқымдық түрлендіру жүйесінде тіркелген аналық ірі қара мал басының үлесі 90,9%-ды құрайды (Облыс бойынша –29,5%). Ірі қара мал басы аналығын асылдандыру барысында етті асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз ету 100% болды.

Үстіміздегі жылы аудан бойынша Индустрияландыру картасынан тыс екі жоба іске асырылу жоспарлануда. Амангелді селосында жеке кәсіпкер «Ақышова Ж» базасында өз қаражат есебінен жүзеге асатын жалпы құны 25 млн теңге болатын «Ағаш және темірбетон өнімдерін шығару» жобасы.Қазіргі таңда жеке кәсіпкер қажетті құрал – жабдықтарын сатып алды, ағаш өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтарға монтаждау жұмыстары жүргізілуде, темірбетон өнімдерін шығару іске қосылды. Есір ауылында «Шегет» шаруа қожалығы базасында өз қаражат есебінен жүзеге асатын жалпы құны 100 млн теңге болатын «3000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрлысы» жобасы.

Аудандағы 30 елді мекендердің 12-і орталықтандырылған. 14-і орталықтандырылмаған су жүйесімен қамтамасыз етілген, 4 елді-мекен тұрғындары тасымал суды пайдаланады.

2017 жылы жергілікті жолдарды ағымды жөндеу және күтіп ұстауға бюджеттен 41,2 млн теңге жұмсалды.

«Арқалық-Торғай» тас жолының Амангелді ауданына қарасты бөлігінде 8,67 км күрделі жөндеу жүргізілуде, жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңге бөлініп, 900 млн теңгесі игерілген.

«Әулиекөл-Жалдама» тас жолының Амангелді ауданына қарасты бөлігінде 65 км орташа жөндеу жұмысына бір млрд  теңгеге жуық қаражат бөлініп, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Амангелді ауданы бойынша, әлеуметтік – тұрмыстық нысандардың 2017-2018 жылдардағы күзгі-қысқы маусымға дайындық жұмыстары уақытылы жүргізілуде. Аудандық бюджетке қарасты мекемелерге жоспарланған 6 247 тонна қатты отын қорын жинақтау жоспарланған, нақтылы тасылғаны 6 247 тонна.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша бірнеше жұмыстар атқарылуда.

Бағдарлама бойынша биылғы жылға белгіленген жоспарына сәйкес 43 адам оқуға жіберілген. Қысқа мерзімді кәсіптік және қайта даярлау оқуына Арқалық, Қостанай колледждеріне жіберілген. Олар келесі мамандықтар бойынша білім алған: аспазшы – 4, электр газбен дәнекерлеуші – 6, оператор ЭВМ – 10, есепші – 4, шаштараз – 5, электромонтер – 1, токарь – 2, механизатор – 9, автомобиль электригі – 2. Оқуды 43 адам бітіріп келді. Жұмысқа орналасқаны – 12 адам.

Өз ісін бастап, дамытуға бағдарлама аясында барлығы 60 адамға жалпы сомасы 185,6 млн теңге несие берілген.

«Сымбат-АГРО» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативінің (32 мүшесі бар) мүшелері 60,3 млн теңге несие алып, 330 бас мал сатып алынды. Қазіргі таңда аталған кооператив мал бордақылау жұмыстарымен айналысуда. «ЗЭО Астық» ЖШС-мен 22 млн. теңгеге мал сою пунктін сатып алу үшін келісім-шарт жасалынды. Есепті уақытқа мал сою пунктін ашу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қостанай облыстық филиалы тарапынан мақұлданып, несие қаражаты аударылған.

Үстіміздегі жылы аудан бойынша тағы да осындай 72-ге жуық шағын отбасылық мал бордақылау алаңын ашу жоспарлаған. Есепті кезеңде «Амангелді-АГРО» ӨАШК құрылып, жұмыс жасауда, құрамында 46 мүшесі бар. Кооперативтің 26 мүшесі 62,6 млн  теңге несие алып, бордақылайтын 220 мал басын сатып алынды. «ЗЭО Астық» ЖШС-нен 22 млн теңгеге мал сою пункті сатып алынып, тәулігіне бес бас мал сою пункті ашылды. Сойылған мал етін тасымалдайтын арнайы рефрежиратор машина сатып алу үшін тиісті құжаттар жасақталып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қостанай облыстық филиалына өтінім берілді. Ақылы қоғамдық жұмыстарда 215 адам жұмыс істеп жатыр. Ағымдағы вакансиялар бойынша 232 адамға жолдама берілді.

2017 жылғы кешенді жоспар бойынша жұмыспен қамту іс-шараларына 679 адамдар тартылу керек, есептік кезеңге орындалу көрсеткіші – 598 адам немесе 88,1 %. 

Жастар тәжірибесіне 1 маусымнан бастап 13 жас маманға жолдама берілген. Әлеуметтік жұмыс орнына 24 адам жіберілген.

Ақбота САҚҰЛОВА,

Маржан АЛПЫС,

cуреттерді түсірген автор және ғаламтордан алынды

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии