Жастар тәрбиесі туралы толғаныс

4 февраля 2016 - Веб-редактор
article9201.jpg

 Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапханада «Қоғамдық лекция. Қостанай» жобасы тұсаукесерін жасады. Бұл идея алғаш Алматы қаласында қолға алынған (бастамашылар: Руслан Желдібай, Әділет Бағдат). Жобаны Қостанайда жалғастырушылар студент жастар болды. Тұсаукесер лекцияға филология ғылымының кандидаты, айтыскер ақын Айбек ҚАЛИЕВ шақырылды. Тақырып: «Жастар мәселесі».

 

Қоғамдық лекцияны тыңдауға оқу орындарының ұстаздары мен студенттері жиналды. Жастар ақынды алаңдатқан қоғамдағы мәселелер жөнінде тыңдап, «Депутаттыққа түсуге қалай қарайсыз?», «Тастанды бала мәселесінде неге қыз бала ғана кінәлі?» деген сыңайдағы бүгінгі өзекті сұрақтарға жауап алды.


– Бұрынғы заманда қазақ жастары алтыбақан басына жиналып, әнін шырқап, күйін шертіп, айтысып, бір-бірімен танысқан. Ақсүйек ойнаған. Бір-бірін ұнатқан жігіт пен қыз жұптасып, сүйекті іздеуге кеткен болып, сырласқан, тіл табысқан. Бұл ойынның мақсаты да осы. Ал қазір ше? Түнгі клубқа жиналады. Онда ес тандырар музыка, жын-ойнақ. Бұл жерден жақсы жар табу қиын. Осылай адасып жүргендер қаншама?! – деп қынжылыс білдірді ақын бүгінгі жастардың көңіл толмас тұстары туралы сұрағанда. – Қоғамдағы ірі тұлғаларды көп жастар біле бермейді, білсе де сөздеріне құлақ аспайды. Ақын-жазушыларды тіпті танымайды да.

 

Олар үшін басты тұлғалар – жұлдыздар, әншілер. Мына жерде айтыс, басқа бір залда жұлдыз концерт беріп жатыр десе, олар концертті таңдайды. Неге? Өйткені, ұлттың қамы үшін жүрегі ауыратындар аз...

 


Жастар ақынның Астанадан Арқалыққа жұмыс ауыстыруының себебін де білді. Шағын қаладағы оқу орнында факультет деканы болып істеп жатқан ақын туған жерге қарай жылжуын шәкірт дайындауға ықыласы ауғанымен түсіндірді. Сол жерден Міржақып Дулатұлы атындағы бірлестік құрып, әдебиетке, өнерге құштар бір топ талантты жастың басын біріктірген.

 


– Бірте-бірте кеңейе келе, біздің бірлестік он саланы қамтитын әдеби-мәдени ұйымға айналды, – деп лектор мақтаныш ететін шәкірттері жайында әңгімеледі, соларды үлгі етті. Іні-қарындастарына ой салып, ақыл-кеңесін де айтып отырды.

 


– Мағжан ақын сеніп өткен жастарға менің сенбеуге қақым жоқ. Нағыз тәуелсіз Қазақ-станның жаңа буын өкілдері-сіздер. Ел болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, сіздердің осы жолда талмай жұмыс істеулеріңізге тілектеспін, – деді Айбек Киікбайұлы.

 


Бүгінгі жастар поэзиясы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Лектор-ғалымға осындай сұрақ та бағытталды.

 


– Қазір адам түсінбейтін өлеңдер көбейіп кетті, неғұрлым түсініксіз қылып жазсаң, соғұрлым керемет болып саналатын сияқтысың. Мұқағали өлеңдеріндегі қарапайымдылық, Қадыр ақындағы тапқырлық сынды нәрселер азайып бара жатыр. Еліктеу көп. Батысқа еліктеп, оларды таңғалдыра алмаймыз.

 

Біз таңғалдырсақ, өзіміздің қарапайым қара өлеңдерімізбен-ақ таңдай қақтыра аламыз, – деп өлең жазуға ынталанып жүрген жастарға бағыт-бағдар берді.
Кездесуді жүргізуші әрі ұйымдастырушы Жанболат Кенжеғұл қонаққа алғыс айтып, жастарды естелік суретке түсуге шақырды.

 

 

Асыл ҚАСЫМ

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев