Міндет, абырой, ерлік!

4 февраля 2016 - Веб-редактор
article9208.jpg

Өткен аптаның демалыс күндері былтыр желтоқсан айында Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне келіп түскен жас сарбаздар үшін ерекше есте қаларлықтай болды. Отан алдындағы борыштарын мінсіз атқаратындарын, елі мен жеріне қорған болатындарын білдіріп, салтанатты түрде әскери ант берді.

 


Ұзын саны екі жүзден көп, жастары он сегізден енді асқан жас толқын астықты өңірге Қарағанды, Алматы облысы, Орал, Тараз қалаларынан келген. Осынау жүрек тебірентер рәсімге аталған аймақтардан жас сарбаздардың ата-аналары мен туған-туысқандары арнайы келген. Біреулері балаларының, ал екіншілері бауырларының ер жеткеніне көз жеткізіп, айрықша тебіренді.

 


Әскери ант қабылдау рәсіміне Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік Қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы полковник Бочаров Дмитрий Владимирович, Ұлы Отан соғысының ардагері Подоликов Михаил Иванович, облысымыздың билік орган басшылары қатысты. Әуелгі сөзді алған Дмитрий Владимирович ант қабылдау рәсімінің маңыздылығына ерекше тоқталды.

 


– Бүгін біздің бөлімде салтанатты және атаулы күн. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Қарулы күштер қатарына шақырылғанда әскери ант қабылдайды. Ол әскер қызметінде мемлекеттік мәнімен белгіленетін құқықтық және моральлі-саяси акт. Әскери анттың мәтіні біздің Қарулы Күштерде Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 1992 жылдың 25 тамызы күні бекітілді. Анттың мағынасы – ол Қазақ-стан халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне деген киелі сенімділік, Отанымыздың абыройын, бостандығын және тәуелсіздігін қорғау, – деп түйіндеді сөзін полковник Бочаров.

 


– Әскери анттың мәтіні жай ғана сөздердің тіркесі емес, ол үлкен құқықтық және азаматтық мәнге толы дүние, – деді 6697 әскери бөлімінің командирі, полковник Қанат Байсақов. – Оны ұғынуға, әрбір сөзін жүрекпен түйсінуге әрбіреуің міндеттісіңдер. Сіздер әскери ант қабылдағанда соңғы демдері-ңіз қалғанша өз Отандарыңыз үшін жандарыңызды қиюға, Қазақстан халқына қызмет етуге, біздің егеменді мемлекетіміздің Конституциясын қорғауға және заңдарын сақтауға ант бердіңіздер. Осы ер жігіттің басына бұйырып тұрған абыройлы істі аман-есен атқаруларыңа шын тілектестігімді білдіремін.

 


Сонымен қатар салтанатты шара барысында бөлім командирінің орынбасары, штаб бастығы, майор Қайрат Берсүгіров Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен жоғарғы «подполковник» әскери шені табыс етілді. Жас сарбаздардың нағыз солдат атанған сәтіне куә болған Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоликов өз лебізін білдірді.

 


– Отанды қорғау – әр еркек кіндіктінің қасиетті парызы. Кешегі саптағы сарбаз, бүгінгі қатардағы ардагерлердің атынан сендерді құттықтай отырып, өздеріңдей өрендердің барын ерекше мақтан тұтатынымды білдіргім келеді. Азаматтық абыройларыңа сай болыңдар, қарақтарым, – деген сөздермен қысқа қайырды майдангер.

 


Әскери ант қабылдау рәсімінен кейін ата-аналар балаларының жатын жайларымен және асханадағы ас мәзірлерімен толықтай танысты. Алматы облысы Кербұлақ ауданынан бір топ ата-ананың аманатын арқалай келген Мәулет Үсентаев сарбаз атанған баласының жағдайына көз жеткізгеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді.

 


– Әрине, әке болған соң уайымдайсың, – деді толқынысын жасырмаған ол. – Бәріміз әскерде болдық, бірақ туған ұлыңның сапқа қосылғаны ерекше әсер етеді екен. Кербұлақ ауданынан Қостанайда борышын өтеуге алты бала келді. Абыроймен ауылдарына оралуларына әкелік пейілмен тілектеспін.

 


Барлық жиналғандар екі жүзден астам жас сарбаздың салтанатты рәсімдерін тамашалап, ел ертеңіне деген ерекше сенімді көңілмен тарқасты.

 


Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген автор

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев