Елжандылық – ертеңгі күннің кепілі

4 февраля 2016 - Веб-редактор
article9207.jpg

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жасалған басты саяси бағдарламаның бағдары – ең озық отыз елдің сапына қосылу. Әлбетте, бұл мақсатқа жету үшін күш-жігер, уақыт қажеті анық. Осы ретте мектеп қабырғасындағы әр оқушының болашағы елдік мұратпен тікелей ұштасып жатқаны белгілі. 

 

Барлық орта білім беру мекемелерінің негізгі діттері – оқушылардың бойында елжандылықты еселеп, азаматтық болмысын қалыптастыру, мемлекет алдындағы жауапкершілік күшін сезіндіру.

 


«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген аталы сөздің айтары бүгінгі күнмен сайма-сай келіп тұрғандай. Себебі, батыстық жат қылықтың жастардың жадына сіңуі жақсылыққа әкелмесі түсінікті. Бұндай жағдайда патриоттық тәрбиенің теріс пиғылдан қорғар қалқан боларын қағида тұтқанымыз жөн. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмас үшін жастарымыздың нендей ақпаратпен сусындап жүргенін назардан тыс қалдырмаған абзал.

 


Қазақстандық париотизм тек қазақ халқы үшін тиесілі сезім деу өте қате түсінік. «Тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» елде өмір сүріп жатқаннан соң, Отан алдындағы борыш барша азаматқа ортақ. Кемел келешектен үмітті болғымыз келсе, туған жер алдындағы жауапкершіліктен еш жаңылмаған жөн.

 


Науырзым ауданына қарасты Шолақсай ауылының мектебі осы жылды нық жоспармен бастап отыр. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған түрлі іс-шаралардың тізімі жоғары сынып оқушыларының кеңесімен мақұлданып, әзірленген. Мектеп оқушылары тек оқу қабырғасындағы ғана емес, ауыл өміріндегі маңызды бастамаларда да белсенділік танытуда.

 


Жастардың бойындағы елге деген ерекше құрмет пен мақтаныш сезімнің қалыптасуына әсер ететін пәндердің бірі – алғашқы әскери дайындық. Әсіресе, бұл пән оқушылардың бойында болашақ әскери борышын өтеуге деген құштарлықты ұштап, дайындай түседі. Жыл сайын оныншы сынып оқушылары түрлі әскери жиындарға қатысады. Атсалысып қана қоймай, өздерінің жақсы нәтижелерімен мектеп басшылығын қуантуда.

 


Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Данияр Фазылов оқушыларымен ерекше мақтанатынын айтты. Әсіресе, Руслан Қошқаров, Әлібек Тортай, Жандос Ахметов және Евгений Пришепаның ерекше қабілеттерін бөлек әңгіме етті. Данияр Елубайұлының тәрбиесіндегі жасөспірімдер бүгінде волейбол және баскетбол ойындары бойынша өткізілетін түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары.

 


Шолақсай ауылындағы мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Аслан Жанболатұлының айтуы бойынша, әуелде оқушылардың бұл пәнге деген селқос көзқарастары сейілген. Алдағы уақытта өз пәнінің басқа сабақтармен маңыздылығы жоғарылай түсетініне бек сенімді, әрі осы жолда тынбай еңбектенетінін білдірді.

 

 

Аслан БАЙДӘУЛЕТОВ

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео