«Берекелі, бай өңір»

4 февраля 2016 - Веб-редактор
article9202.jpg

Былтыр біздің Қазақстан үшін мерекелі жыл болды. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Бұл айтулы күндердің ел тарихында ойып тұрып алар өзіндік орындары бар. 

 

Басталған жыл да еншісіз емес. Әуелгісі – еліміз Тәуел-сіздік алғанына 25 жыл. Жекелеген мереке, мерейтойларға келгенде астықты алқаптың әңгімесі бір бөлек. 2016 жылы аталып өтетін Тобыл-Торғай топырағы үшін ерекше мерекенің бірі – құтты мекен Қостанай облысының 80 жылдығы. Басталған жылдың қаңтар айы аяқта-ла бере, Л.Н. Толстой атындағы Қостанай ОӘҒК қонақжайында аталған мерейтойға арналған «Берекелі, бай өңір» атты кітап-құжат көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті.
 
 
Бұл шараға облыстағы игі жақсылардың барлығы жиылды деуге болады. Ардагерлер, қоғам қайраткерлері, қалалық, аудандық мәдениет бөлімдерінің жетекшілері, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директорлары, қаланың мәдениет мекемелерінің өкілдері, кітапхана оқырмандары арнайы қонақ болып, тың деректерге қанықты.
 
 
Іс-шараға кітапхана ұжымының тыңғылықты әзірленгенін бірден байқауға болады. Қазыналы кітапхананың екінің-бірі кіре бермес қорларынан арнайы алынған өлке жайлы құнды деректер, астықты алқаптың әр кезең тарихынан сыр шертетін облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және мемлекеттік мұрағаттан алынған бағалы құжаттар келушілердің қызығушылығын танытты. Сондай-ақ, Қостанай облыстық геологиялық мұражайынан алынған жәдігерлер шақырылған қонақтар үшін туған өлкелері жайлы жаңа тарихи мәліметтерді жайып салды. 
 
 
Тарихи-танымдық бағытта ұйымдастырылған шараның әуелгі минуттарында сөз алған Л.Н. Толстой атындағы кітапхананың директоры Д.Дүйсебаева облыстың сексен жылдығына арналар шара тек бұл ғана емес екенін, әлі жалғасатынын, бұл той барлық облыс тұрғындарына зор жауапкершілікті жүктейтінін жеткізді.
 
 
– Бүгінгі іс-шараға жиналған қауым біздің облыс жайлы азды-көп мәлімет білетін де шығар, бірақ, осы көрмеге ерекше ыждаһаттылықпен әзірленгенімізді айтқым келеді. Сондықтан, білгендеріңізге қосып алар мәлімет баршылық, – деп сөзін түйіндеді кітапхана директоры.
 
 
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Үкіұлы, геологиялық мұражайдың меңгерушісі Т.Крылова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының тарихи-экспозиция бөлімінің меңгерушісі В.Федоренко және Қостанай облысы әкімдігінің мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім жетекшісі С.Тасжанова өңірге қатысты түрлі деректерді оқып, елжандылықтың тамыры танып-білуде жатқандығын айтты.
 
 
 
 
Аймақтың инновациялық дамуы жайындағы бейнеролик Қостанайдың қазыналы атырап екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Көрме жыл соңына дейін тың деректермен толықпақ. 
 

Нұрқанат НҮСІПХАН 
 
 
 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео