Елбасы мақаласы – жарқын болашақ кепілі

12 октября 2017 - Администратор
article15103.jpg

Жуырда Арқалық медициналық колледж студенттерінің арасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық маңызы бар мақаланы талқылау, пікіралмасу аясында дөңгелек үстел өтті. Оған Астана қаласы «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты жанындағы саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының бөлім басшысы С.Ермаханова, «Нұр Отан» партиясы Арқалық қалалық филиалының кеңесшісі Ж.Рахметов, қаланың ардақты азаматы, коғам кайраткері, ардагер Ж.Өмірбек, «Жастар  бастамалар орталығының» директоры Д.Кикимов, қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ж.Смагулова қатысты. Аталмыш дөңгелек үстелдің мақсаты – Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы шеңберінде ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу.

Кездесу барысында елдің намысын арқалаған, ұлттың сүйіспеншілігіне бөленген жандар тізімде болса, бұл еліміздің рухының көтерілуіне өз әсерін тигізбей қоймайтын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы, Әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік беретін «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы, мектеп қабырғасында ағылшын тілін оқып, үйреніп жатқан жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергі тудырмайтын 2025 жылдан  бастап латын әліпбиіне көшу жобасы жөнінде сөз қозғалды.

Мақалада айтылған тағы бір ерекше бағдарлама – туған жер, яғни, Қазақстанның киелі жерлерінің картасы. Қазақ даласының әр өңірі емес, әр түйір тасы, әр тал шөбі киелі. Өйткені, қазақтың жерінің асты да, үсті де – қазақтың байлығы. Әркімнің туған жері өзіне алтын бесік, өзіне киелі.

Сонымен қатар, осы оқу орнында ҚР «Тілдер күні» мерекесі қарсаңында «Мәңгілік ел – мәңгілік тіл» атты тілдер апталығы өткізілді. Осы апталық барысында бір күн «Үш тұғырлы тіл – ел мәртебесі» атты дөңгелек үстелге арналды. Оның мақсаты – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру, қазіргі таңдағы қазақ тілі мен латын әліпбиіне көшу мәселелерін талқылап, білім алушылардың тіл мәселесі жайында ой – өрісін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.

Атаулы іс-шараға Арқалық медицина колледжінің 2-3 курс білім алушылары және қаланың құрметті азаматы, ардагер, қоғам қайраткері Өмірбек Жұмағали және қаладағы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Жазира Смагулова қатысқан.

Елбасы мақаласы арқылы біз қазақтың тектілігін сақтап қала аламыз, – дейді ардагер Өмірбек Сүлейменұлы.    

– Әсіресе, батыстанудан жас­тарды қорғап қалуға күш салуымыз керек. Әртүрлі этнос өкілі болсақ та, біздің Отанымыз, туған жеріміз, тіліміз біреу. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Отанымызға деген жастардың патриоттық сезімін оятатын осынау мақаланы талқылауды күнделікті жұмыс тәртібіне қоссақ нұр үстіне нұр болар еді.

Дөңгелек үстел барысында «Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы қандай?, Латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны?, Жаһанданудағы тілдің көрінісі, орны қандай болу керек?» деген сұрақтарға тілдерді оқыту орталығының оқытушысы жауап беріп, білім алушылармен пікіралмасты.
 


Осы дөңгелек үстел барысында оқу орнында білім алушылар тіл тағдыры туралы көкейтесті көп ойларымен бөлісіп, өздерін мазалаған сұрақтарына жауап ала алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын.

Жобаның басты мақсаты – келер ұрпақты ұлттық жаңғыруға дайындау. Бәсекеге қабілетті  жасты қалыптастыру. Сондық- тан, таяу жылда қойылған мін- деттің бірі – «қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.

Осы жоба арқылы әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқу үрдісіне енгізеді. Осыған орай, №28 Құсмұрын орта мектебінде «Латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары», «Қазақстан тарихы – кітап беттерінде» атты сынып сағаттары мен іс-шаралар жүргізілді.

Оқырмандарға кітап қорын пайдалануға жағдай жасап, кітап оқуға кұштарлығын арттыру, оқу мәдениетін көтеру, кітапханадағы кітап қорын көбейту, мектептің білім саласын жаңа белеске жетілдіру мақсатында «Мектебіңе кітап сыйла» атты айлығы және оның аясында «оқу шаттығы», «үзілісте кітап оқы» сайыстары өз дәрежесінде орнын табуда.

Ал қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы бағдарламасының аясында Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен, Қостанай педагогикалық колледжінің «Филология» кафедрасының қолға алуымен «Латын әліпбиі – қазақ тілінің болашағы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Оған Қостанай тілдерді дамыту басқармасының өкілдері, арнайы орта оқу орындарының филолог мамандары мен Қостанай педагогикалық колледжінің студенттері қатысып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жайлы жан-жақты талқыланды.
 


Аталмыш маңызды басқосуды педколледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ахат Қамар Закарияқызы жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған тіл дамыту басқармасының қызметкері Айгүл Олжабаева қазақ жазуының латын графикасына көшуін рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі дей келіп, осы мәселеге қатысты студент жастармен біріге отырып ой таластырудың маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелге арнайы шақырылғандардың бірі – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Гүлжанат Жүрсіналина: «Біз латын тіліне көшпейміз, оған қайта ораламыз, өйткені қазақ елі өткен ғасырдың басында осы графикамен оқыған», – деп тілдің тарихы мен түркі тілдерінің ұқсастықтарына тоқталып, жаңа латын әліпбиі үлгісінің жобасы жайлы егжей-тегжейлі айтып, ұлт ертеңі үшін жүзеге асырылғалы отырған бағалы қадам деп түсіндірді.

Осыдан кейін сөз алған «Тіл-дарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлнар Талапова латын әліпбиіне көшкен жағдайдағы ұтатын тұстарымызға баса назар аударды. Атап айтар болсақ, халықаралық ақпараттық кеңістікке ену, әлемдік озық технологияларды меңгеру мүмкіндігі артады, сондай-ақ латын әліпбиімен жазылған қазақ тіліндегі материалдар жер-жаһанда тарыдай шашылған қазақтардың ортақ игілігіне айналады.

Сонымен қатар, аталмыш іс-шараға қатысқан колледж оқытушылары да өз ой-пікірлерін ортаға салып, осы реттегі түйткілді мәселелерді қаузады. Нақтырақ айтар болсақ, қазақ тіліне тән «ә», «ө», «ү» сынды дыбыстардың дұрыс айтылуына алаңдаушылық білдірді. Көбінесе бір дыбыстың бір әріппен таңбалануын қолдайтындары байқалды. Кейбір өзге тілдердегі секілді бір дыбыстың екі немесе үш әріппен жазылуы қиындық келтіретіні айтылды.

Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған қонақтарға педколледж студенттері, яғни, болашақ мұғалімдер сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысқан тіл жанашырлары мен болашақ мұғалімдердің барлығы латын әліпбиіне көшу мәселесінің өзектілігіне мән бере сөйлеп, қолдайтындықтарын білдірді. Латын әліпбиіне көшу ұлы  мақсат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу мүмкіндігімізді жеделдетіп, мем- лекеттік тілімізді игеруді же- ңілдететіні де айтылып қалды.

Сонымен қатар, бүгінде елімізде үштілділік мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Елбасы: «Мен балаларды кішкентай кезінен үйрету қажет дегенге толығымен келісемін. Үштілділік – біздің балаларымыз үшін аса қажеттілік. Олар мемлекеттік тілді білуі тиіс, ал орыс тілі – қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі болса, әлемдік тіл, әлемдік ғылым, инновация мен интернет тілі», – деді. Ұлт көшбасшысы өз сөзінде мектептің білім бағдарламасына үштілділікті енгізу балаларды болашаққа дайындаудың алғашқы қадамы саналатынын баса айтқаны айтпаса да түсінікті болар.

Осыған орай облыс мектептерінде біршама іс-шаралар жүргізіліп келеді. Мәселен, Таран ауданындағы Тобыл орта мектебінде «Жеті түрлі қабілет – рухани өркендеудің қайнар көзі» ұранымен қазақ, орыс және ағылшын тілдері мұға- лімдерінің ұйымдастыруымен  «Полиглоттар» турнирі өткізілді.

Елбасымыз бәсекелік қабілеті мықты, компьютерлік сауатты, шет тілдерін меңгерген, мәдени ашықтық сынды қасиеттерге ие тұлға даярлауды басты ұстаным етіп келеді.

Білім алушыларды үштілділікке шақыру оның заман талабындағы ерекше орнын құндауға жетілдіру істері осы іс-шарадан орын алды. Шәкірттер мемлекеттік, орыс және ағылшын тілінде интелектуалды ойын барысында өз танымдық қабілеттерін көрсетті.

Ал, Меңдіқара ауданындағы Оразалы Қозыбаев атындағы Қаратал орта мектебінде апталық та болып өтті. Ондағы шаралар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өткізілді. Бекітілген жоспар бойынша тіл мамандары елімізде тұратын барша халықтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қорғауға және дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралардың өтуіне белсене  атсалысты.

Апта бойы «Білгіштер әлемі» зияткерлік, «Ғажайып алаң» танымдық ойындары мен «English language is-a world language» ашық сабағын өткі зілді. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары арасында «Квест» ойыны өтті.

Мектепте «Ұлттық тіл – мә- дениетінің жоғары негізі және іргетасы» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрменің не- гізгі мақсаты – мемлекеттік тілді дамытуға, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге және кітапқұмарлыққа баулуды көздеді.

Аптаның соңғы күні қазақ халқының ақыны, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Бай- тұрсынұлының 145 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өткізілді. Ұлы ағартушының өлеңдері оқылып, ақынның өмір тарихына, шығармашылығына кеңірек тоқталды.

Қарасу ауданындағы Терікті негізгі мектебінің қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімдері де үш тұғырлы тіл аясында танымдық іс-әрекеттер жүргізіп келеді. Ондағы «Ана тілің – асқар шының» сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – Тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілде құрмет сезімдерін қалыптастыру.

Көп тілді білу адамды кең өріске, тың өмірге жетелейді. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігіне еркін самғауына жол ашатын, өз қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік беретін қажеттілік. Үштілділік оқыту – заман талабы. Үш тілде оқытудың негізгі мақсаты – бірнеше тілді менгерген, қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту, қалыптастыру.

Үштілділікке көшу аясында Қостанай облысы оқу ошақтарында түрлі іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.

Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін үйренем деушілер артылып келеді. Бұл әрине, қуантарлық жағдай. Тиісінше, мұндай жандарға мемлекет тарапынан біршама жағдайлар да жасалып жатқан жоқ емес. Түрлі байқаулар, іс-шаралар соған дәлел бола алады. Жуырда Рудный қаласы Дм.Карбышев атындағы №14 мектебінде «Мың бала» сайысы өтті. Ол өз алдына этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, мемлекеттік тілде еркін сөйлесу шеберліктерін жетілдіру.

Елбасы айтқан рухани жаңғыру өткенімізді саралаудан басталмақ. Өйткені, заман қай уақытта да жүріп өткен жолынан сабақ алып, оның маңыздылығын үнемі ел жадында ұстау қажеттігін, ұлтымыздың біртуар азаматтарын ұмытпай, оларды қастерлеуді айқындап келеді. Сол арқылы санамызды жаңғыртып, ұлт мүддесін биік қоюды ұғындырса керек. Өткен ғасырда қазақ зиялылары бастаған Алаш үкіметінің арман-мақсаты да ұйқыдағы халықты оятып, тәуелсіз ел болу еді. Олар қаймана қазақ қамы үшін өз бастарын қатерге тікті. Қанша күрескенімен, әділдікке қол жеткізе алмады, керісінше жала жабылды, оларға азаттықтың ақ таңын көру жазылмапты. Биыл сол Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр. Бұл датаны Таран ауданы өте жоғары деңгейде атап өтті. Осынау елді мекенде Алаш арыстарының бірі, қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлин, ғалым Елдос Омарұлы дүниеге келген. Таран ауданы екі күн қатарынан игі шаралар ұйымдастырып, бабалар рухына тағзым етті.

«Тəуелсіз Қазақстан жолындағы мəдени-ағартушылық жəне саяси тұрғыдан Алаш партиясы көшбасшыларының халыққа қызметі» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оны аудан әкімі Бақберген Өтеулин ашып беріп, Қостанай жеріне белгілі ғалым Жанділдә Мақанов жүргізіп отырды. Бұл шараға Астана мен Алматыдан, көршілес Ресейден ғалымдар келіп, өз зерттеулерінен тың деректерді айтып, ой бөліскен-ді. Ұтымды бір тұсы жиынға жас ғалымдар шақырылған. Олардың ойы, ғылыми тұжырымдары ерекше. Басқосуға Қостанай облысынан шыққан белгілі қаламгерлер Қайсар Әлім, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов қатысқанын айта кетейік. Сонымен қатар, аудан басшылығы А.Байтұрсынов пен Б.Майлиннің ұрпақтарын шақырып, айрықша құрмет көрсетті.

Жиында ақын Ақылбек  Шаяхмет сөз алып, осы ауданның тумасы, Алаш партиясының мүшесі Елдос Омарұлы туралы кітабын көпшілікке таныстырды. Бұл туынды жуырда мың данамен жарық көріп, қалың оқырманға жол тартпақ. Тарихи тұлға туралы деректер ұсынатын кітаптың шығуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, аймақтардан келген жас ғалымдар конференцияға қатысушыларға Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Мұстафа Шоқай жайында баяндама оқыды.

Алыстан ат терлетіп келген «Бейімбет Майлин» қорының директоры Жұмабек Табын мен Томск мемлекеттік университетінің өкілі Марат Абсеметов сөз сөйледі. Мәртебелі меймандар арыстардың өмірінен сыр шертіп, ел мүддесі үшін істеген ерліктерін тізіп шықты.

Конференцияда келелі мәселелер де қаралды. Аға ұрпақ жас ғалымдарға Алаштың басқа да зерттелмей қалған азаматтары жайлы ізденуге кеңес берді. Тарихтың бұрмаланған тұстарын түзеп, бар шындықты жайып салу керек дейді қариялар. Бұдан соң жергілікті өнерпаздар Мағжан Жұмабаевтың өміріне негізделген «Ақынның тағдыры» атты спектаклін көрсетті.

Алаш арыстарын жырламаққа Айбек Қалиев, Салтанат Өтелбаева, Марғұлан Оспанов, Байбатыр Ахметбеков, Ғалымгерей Кенжеғозин сынды сөз зергерлері сынға түсті

Ақбота САҚҰЛОВА

cуреттер ғаламтордан алынды

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев