Наурызым қорығы туристік аймақ

13 октября 2016 - Веб-редактор
article11952.jpg

Жаһандық жаңашылдыққа бет алған Қазақстанның кез келген салада әлеуеті зор, мүмкіндігі мол екені белгілі. Бірақ, біз осы қай салада кем түсіп, ұпай жоғалтып жүрміз деген сұрақ көкейде мықтап бекіп қалғалы қашан. Ұлы даланың ғажайып мекендерін, тұмса табиғатын, ерекше құбылысқа ие аймақтарын қалай пайдаланып жүрміз?! Соның ішінде Қостанай облысында орналасқан Наурзым мемлекеттік табиғи қорығына тоқталғанды жөн көрдік. 

 

 

Туризм индустриясының мемлекеттік бюджетке түсіретін валюталық түсімі, орта және шағын бизнеске көмегі, тауар мен қызмет көрсету нарығы арқылы аймақтардың экономикасының дамуына ықпалы өте зор. Ал ішкі және сыртқы туристік бағыт бойынша дамыған туристік фирмалары бар аймақтар тізімінде Қостанай облысы аталмайды. Әрине тұрақты демалушыларға етене таныс «Сосновый бор» демалыс-сауықтыру кешені өңір мақтанышы екені даусыз. Сонымен қатар Сосновый Бор демалыс орнынан еш кем түспейтін «Наурзым табиғи қорығы» да жұмыс істейтінін көп жұрт біле бермейді. Сол себептен де аталған қорықтың туристік мүмкіншіліктерімен танысып қайту мақсатында бір күндік саяхат жасап қайтқан едік.

 


1931 жылы ұйымдастырылған (320 мың га) бұл мемлекеттік қорық Қостанай облысының Наурызым және Әулиекөл аудандарындағы жазық далалы, бетегелі-жусанды алқапта орналасқан. Қорық өсімдіктермен қатар жан-жануарлар дүниесіне де бай: сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 250-дей, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың үш және балықтардың 10-ға жуық түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, ор қоян, елік, борсық, түлкі, суыр, т.б. мекендейді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Бұл аймақта су көздерінің мол болуы көктемде жыл құстарының ұшып келуіне, ұя салуына мүмкіндік береді. Дегенмен біз аталған құстардың ішінен безгелдек пен аққуды ғана кездестіре алдық.

 

 

Басқаларын кезіктіру үшін бір күн аздық етері сөзсіз. Сондай-ақ, бір айта кететіні, уақыт тығыздығына байланысты қорық аумағында орналасқан өзенге барып үлгермедік. Егер мүмкіндік тауып, барып жатсаңыздар құстардың Қызыл кітапқа енген бірнеше түрлерін кездестіруге болады. Ол жердің табиғаты да өзгеше. Енді бір жерлерден ІІ-дүниежүзілік соғыс жылдары майданға азық ретінде балық тасымалдау үшін жұмсалған танктың қысты күні өзен бетіндегі мұздың опырылып түсуімен апатқа ұшыраған күйде жатқанын көре аласыз. Бүгінде оның тек қанқасы ғана қалыпты. Мұның өзі сонау соғыс жылдарын еске салатын ашық аспан астындағы мұражай экспонаты саналады. Наурзым қорығы осы тәрізді қызықтарымен де есте қаларлық саяхат сыйлауға мүмкіндік береді.

 


Бүгінгі таңда қорық басшылығы Науырзым қорығын сақтау және қорғау мақсатын жоспарлы түрде орындауда. Тіпті аталған аймақты үлкен демалыс орынына айналдыруға мүдделі. Бұл үшін облыстағы турфирмалармен бірлесе жұмыс жасауға әзір екендіктерін де білдіруде.

 


– Бізде ешқандай мәселе жоқ, – деген «Сырға толы Науырзым» келу-орталығының директоры Жеңісбекұлы Ғалымжан осы қорыққа 2011 жылдан бері басшылық етеді. – Қарамендіде кісі күтетін екі орынжайымыз және осы жерден сегіз шақырым жерде орман арасындағы қонақ күтетін қос үйіміз бар. Егер келуші бір күнге келсе арнайы маршрутымыз әзір. Өзіміз техниканы және гид (алып жүруші) қосып береміз. Егер өз көліктерін қолайлы көріп, қорық ішін тамашалаймын десе инспектормен бірге рұқсат етеміз. Кіру құны 750 теңге. Ал толық біздің қызметіміздің көмегімен бір күндік саяхат жасаймын деген жеке адам 3000 теңге төлесе болғаны. Егер тамағы бізден болатын болса демалыс құны 6000-7000 теңге төңірегінде болады. Жанармай көлемі мен бағасы саяхатшының жоспарына сай есептеліп, бағаланады. Бірақ демалыс барысында от жағуға тыйым салынады. Қалаған жерін аралатып, суретке түсіріп, ақпараттық материалдар дайындауына барынша мүмкіндік жасалады. Келуші қонатын болса арнайы шатыр тігіп, от жағатын орындарға орналастыра аламыз.

 

 

Наурызым қорығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген. Мұнда жергілікті демалушылар мен қатар көршілес ресейлік туристер де жиірек келіп тұрады. Шетелден де келушілер көп. Әсіресе ғалымдардың қызығушылығы басым. Отбасымен келіп демалып кететіндер де кездесіп жатады. Кез-келген уақытта қонақтарды қабылдауға дайынбыз.

 


Қорықты қорғау және сақтау үшін тәжірибелі мамандар да, жастар да тыңбай қызмет етіп жүр. Барлық қызметкерлер саны 114, соның ішінде 64-і штатта. Біз саяхаттап жүрген шақта сол аумақтың мемлекеттік инспекторы Бекенов Рахан Өтебай ұлымен кезігіп қалмасымыз бар ма. Рахан мырзаның әкесі де осы қорықта қызмет еткен азамат екен. Ал бүгінде әке жолын қуған өзі бар, інісі бар. Табиғатқа деген жанашырлықтың тұтас бір әулетте дәстүр сабақтастығына айналғанын әйгілейтін тағы бір дәйек бар. Ол – оның немересінің де осы қорықта адал еңбек етіп жүргендігініде.

 


– Мұнда ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келемін, – дейді инспектор азамат. – Өз жұмысымды барынша адал атқарамын. Дәл қазір қорық аумағын тексеріп жүрген жайым бар. Ешқандай күдікті іс-әрекет байқалмады. Қауіптенетіндей дәнене жоқ. Сіздердің демалыстарыңызға да кедергі келетін нәрсе жоқ. Сондықтан алаңсыз демала берулеріңізге болады.

 


Әуелде біздің саяхатымыз «Сырға толы Науырзым» келу – орталығында орналақан музейден басталған болатын. Мұнда қорыққа қысқаша шолу жасап, тарихымен танысып шықтық. Мұражай алдында аңдардың ескерткіші орнатылған. Аталған қорық жасыл экология талаптарына да көңіл бөлетін көрінеді. Оған дәлел жел энергиясы музей аумағын жарықпен қамтамасыз етіп тұр. Ол жерде бізді қарсы алып, қорықты таныстырып, аралатқан Мария Зейнелова болатын. Сөйлеу мақамы ерекше жанның тілі күрмелуді білмейді. Қазақ және орыс тілдерін жақсы меңгерген. Негізгі қызметі қорық директорының орынбасары. Бұл қызметте келе жатқанына биыл 38 жыл. Бұл мекенді бес саусағындай біледі. Талай туристерді қарсы алған. Енді міне бізге де қызмет көрсетудің сәті түсіп отыр.

 


Науырзым қорығын тамашалау үшін қорық қызметкерлері ұсынған көліктерді таңдауға кеңес береміз. Бұлай деуімнің себебі ерекше құбылыспен байланысты. Ерекшелігі сол жазық далалы құмда небір ағаштардың жайқалып өсіп тұруы. Байқағандарыңыздай құмды жерде көліктеріңіздің жүруі қиындық туғызады. Сондықтан да тығырықтан шығудың жалғыз жолы қызметкерлердің арнайы көліктеріне жайғасу.

 


Бір байқағанымыз мұндағы ағаш жапырақтары ірі болып өседі екен. Жапырақтар ғана емес мұнда көлемі жағынан да, жасы жағынан да үлкен ағаштар көп. Мәселен, Мария Александровна бізді 116 жастағы емен ағашымен таныстырды. Ол кісінің айтуынша дініне кісі құлашы жетпейтін бұл ағаш бір ғасырдан астам өсіп тұрса да әлі жас. Шынымен де жас жігітше керіле кербездік танытып тұрған еменнің әлі де бірнеше ғасыр жасайтынына сенгендей болдық.

 


Одан кейінгі кезекте кең аумақты алып жатқан сор-көлге бардық. Ол жердің батпағы да емдік қасиетке ие көрінеді. Тіпті жалаң аяқ батпақ кешіп, денесіне жағып мәз болғандар да болды. Мария Зейнелова бетіне жағып жатқан балшықты көрсетіп:

 


– Мұның адам денсауылығына пайдасы көп. Әсіресе артрит пен жүрек ауруларына таптырмас ем.

 


Мұны естіген туристердің кейбірі балшықты өздерімен әкетіп жатты. Маска жасамақ ойлары бар екен.

 


Бар болғаны осы тектес екі-үш жерді аралап, тамашалаудың өзі аз уақыт алмайды. Міне біз келгеннен бері де бірнеше сағаттар өтіп кеткенін күн батар тұста сезінгендейміз. Уақытымыздың қалай жылдам өтіп кеткенін аңғармай қалғанымызға да таңбыз. Соңғы бағыт мөп-мөлдір, әрі салқын бұлаққа тыныстау болды. Рахаттана ішкен бұлақ суына мейірін қанып, жеңілдеп қалғандай боласын.

 


Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ
суреттерді түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев