Өзгереді, бірақ азаймайды

1 октября 2015 - Веб-редактор
article7970.jpg

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.


«Мемлекеттік қолдау көлемі 2020 жылға қарай 2013 жылғы деңгеймен салыстырғанда шамамен бес есе артады». Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жақында осылай деп мәлімдеді. Бірақ, бұрынғы субсидия беру тәртібі өзгеруі мүмкін.


– Беріліп жатқан субсидиялардың тиімділігін қайта қарап, оларды басқа салаларға бағыттаудың да уақыты келді, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров. – Бұл министрлікте көптен қаралып жатқан мәселе. Қазіргі жағдайда біз ұсынып отырғанымыз мыналар: егін шаруашылығында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажет жанар-жағармай, тағы басқа да құнды тауарлар құнын арзандату жеңілдіктерін алып тастау, мал шаруашылығында өнімділікті арттыру үшін берілер дотацияларды тоқтату. Осылардан үнемдеу арқылы мас басын асылдандыруды дамытамыз.


Қоса кетейік, қолға алынған шаралар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы талаптарына да сай келеді. Артылған бюджет қаржысын сала министрлігі мал, егін шаруашылықтарына инвестиция ретінде құйып, ғылыми жұмыстары үшін бизнес қауымдастықтарының шығынын өтеуге, несиелерінің қайтарым мөлшерлемесін төлеп беруге жұмсамақ.


Қазіргі таңда егін шаруашылығы саласында субсидияның сегіз түрі бар. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) сарапшыларының пікірінше, әр гектарды субсидиялаудан өнімділігіне қарай дотация беруге ауысу керек. Бұдан бөлек, олар жемазық дақылдарын субсидиялаудың қазіргі механизмін қалдыруды ұсынды. Өйткені, көпжылдық өсімдіктер бір жылда өнім бермейді, ал тұқым себуге кетер шығын шаш етектен.


Палата сарапшылары мал шаруашылығын субсидиялау тәсілін де өзгертпеу керектігін айтады. Қазіргі қолдаулар агро-өнеркәсіптік кешенді өсімге жетелеп отыр деп есептейді олар. Мәселен, 2013-2014 жылдардағы мал шаруашылығын қолдау 17%-ға нығайтылып, кәсіпорындарда өнімділік 24%-ға артқан. Нарыққа құс еті көптеп шығарылыпты – 18%, сүт – 10%, сиыр еті – 30% мол өндірілген.


Вице-министр жақында өткен басқосулардың бірінде мемлекет қолдауының биылғы барысын да сөз еткен еді. Елімізде диқандар астық жинау үшін жеңілдікті жанар-жағармай материалдарымен толық қамтылғанын айтқан болатын.


– Жыл басында көктемгі және күзгі науқан жұмыстары үшін орташа бағасы литріне 81 теңгеден жанар-жағармай берілді. Ауыл шаруашылығы техникасының әз-ірлігі жақсы. Қазір республикада 204 нан қабылдайтын лицензияланған кәсіпорын бар, олар 13,7 млн тонна астықты сақтауға қауқарлы. Бүгінде республикада 26 млн тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар, – деп жағдайды баяндады.


Асыл ҚАСЫМ

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео