Киіз үй – ата-бабадан қалған ұлттық құндылық (Жаңартылған бағдарлама–зерттеуге бағытталған іс-әрекет)

6 октября 2016 - Веб-редактор
article11862.jpg

Білім жүйесін жаңартуда бастауыш сынып мұғалімдерінің оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілуде. Оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік-рухани қасиеттерін қалыптастыру мақсатында мұғалімге қойылатын талап та жоғарылауда.

 


«Қазақ тілі мен əдебиеті» пəні бастауыш мектептен гуманитарлық білім берудің бастапқы өзегі болып табылады. Оқушылардың дүниетанымы мен ұлттық болмысын қалыптастыруда бұл пәннің мүмкіндіктері мен маңызы жоғары.

 


Төл тарихымызға, мәдениетімізге деген халқымыздың қызығушылығы арта түскен кезде ұлттық келбетімізді бейнелейтін мәдени мұраларымыздың бірі – киіз үй. Оның көшпелі халқымыздың өмірінен алған орны, тарихы, жасалу технологиясы, бөліктері, түрлері туралы түсінік жұмыстар құнды болып отыр. Бүгінгі ұрпақтың бойында мәдени мұраларға деген көзқарасты қалыптастыру, тәуелсіз елімізге деген патриоттық сезімдерін дамыту ата-бабаларымыздан келе жатқын құнды жәдігерлерді насихаттау арқылы іске аспақ деп ойлаймын.

 


Осындай мақсатпен білім жүйесін жаңартуға байланысты бір айлық курстан өтіп жатқан Жаңаөзен қаласының бастауыш сынып мұғалімдері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тәжірибелік сабақтарында Қарақұдық ауылының зейнеткері, қолөнер шебері Ізбасарова Амангүл апаймен кездесіп, киіз үйді құру, киіз үйдің жабдықтарын оқушыларға таныстырып, өз сабақтарында қалай тиімді меңгертуге болатынын зерделеді.

 


«Киіз үй ауа райының өзгеру құбылыстарына қарамай, пайдалануға өте ыңғайлы. Ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел, дауылға көп шайқалмайды. Берік, төбесі күмбез болып келгендіктен, жаңбыр өтпейді, жинап тігуге оңай. Киіз үйдің негізгі сүйегі: сықырлауық, кереге, уық, шаңырақтан тұрады», – деп сөзін бастаған Амангүл апаның әңгімесі әрі қарай мұғалімдердің көмегімен киіз үйдің керегесін құрумен жалғасты.

 


Үй иесі әрекетін табалдырыққа сықырлауықты әкеліп орналастырудан бастады, мұғалімдер керегелерді сықырлауықтың оң жағынан бастап құрды. «Керегелердің қоспасын бір-бірімен кіріктіріп, таңғышпен таңу өте жауапкершілікті қажет етеді, себебі керегелердің бір-бірімен жымдасуы – үйдің жел-дауылға төзімділігін арттырады», – дейді апа. Киіз үйдің дұрыс орналасуы үшін орналастыратын жеріне топырақ төгілді, бұл керегелердің нық тұруына көмек береді. Керегелер айналдырылып арқан мен оның үстін баса құрмен байланды, бұл керегенің басының жайылып кетпеуіне пайдалы. Кереге киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын – желі, ал керегелік желінің ең ұзынын – ерісін, қысқалауын – балашық, ең қысқасын – сағанақ деп атайды екен.

 


Бастары байланған уықтар шешілді. Үй шеңберінің қисаймай, толық дөңгелек құрылуы үшін жіппен екі жағы теңестіріліп өлшенді. Керегенің көктеліп біткен әр бөлігі – қанат. Қанат саны (3 қанаттан бастап 12 қанатқа дейін) үй көлеміне қарай көбейе береді. Маңғыстаулықтар көбіне тігіп, жығуға ыңғайлы алты қанат үйді пайдаланады.

 


Уық – кереге басы мен шаңырақты берік қылып ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы сәл жалпақтау, имектеу болып келеді, бұл – уықтың иіні. Уықтың жоғары түзу жағы қары, шаңырақ көзіне сұғынатан төрт қырлы ұшы қаламы. Ол сынып кететін болса, пайдаға аспайды. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау деп атайды. Кереге құрып болған соң, ауыл азаматының бірі бақанмен шаңырақты ортаға көтеріп ұстап, өзгелер уық шаншып байлай бастады.

 


Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Оны тораңғыдан, қайыңнан иіп қиюластырады. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді. Оған уық сұғынатын төрт қырлы көз-қаламдықтарды теседі. Түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын-шашын іркілмеуі үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш деп атайды. Ағаш үйдің күлдіреуіші үйдің симметриясын сақтап, құбыланы көрсетіп тұрады, аспаны да осы жерге байлайды. Ағаш үйдің есігі де құбылаға қарап тігіледі.

 


Сықырлауық (жарма есік) кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік қызметін атқарады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттерден құралады.

 


Мұғалімдер киіз үйдің сүйегін бір-бірімен жымдастыру мақсатында бау-құрларды ішкі жағынан таңа бастады. Екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр-таңғышты үйді айналдыра жүргізіп шықты. Керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыларқан – бас арқанды таңды. Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құрды байлады. Ол дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұруға арналған.

 


Қазақ төрт түліксіз күн кешпеген. Төрт түліктің табиғи жасалған өнімдерінің адам ағзасына емдік қасиеттері күшті. Киіздің шуашы, табиғи иісі, жүні, ызғар, ылғал өткізбейтін қасиетімен құнды. Түрлі аурулардың көбеюі – табиғи нәрселердің жеткіліксіздігінен. Табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуы төрт түліктің азаюы, төрт түліктен өндірілетін өнімдердің азаюы, ел ішінде түрлі аурулардың, соның ішінде, кене, шегіртке, қандаланың көбейіп, тіпті адам баласына шабуыл жасауына соқтырып тұр. Осыған көз жібере отырып, әрбір ұлттың өзінің гендік айырмашылықтары сақталмаса, әлемдік экологиялық апатқа соқтыруы ықтимал.

 


Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін, әрі туырлықтың кереге басына үйкелмеуі үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ табиғи мал (қой) жүнінен иіріліп тоқылған бірі – қалы басқұр, бірі – өткізбе басқұр. Басқұрды өсіп-өнген, ата-тегінде жаманат сөзі жоқ адамдар тоқиды. Мысалы, Серікбаева Ақілгек атақты басқұршы болатын. Амангүл апай да басқұр тоқудың хас шебері.

 


Екі түрлі басқұрдың ұсталуы, сол үйдің әлеуметтік әл-ауқатын да байқатады. Үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау – үзік бау, туырлықтың керегеге тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қылдан тоқылған бастырма арқан – жел-бау байланды. Ағаш үйдің сүйектері құрылып болған соң, бау-шуы: басқұры жүргізіліп, үйдің сыртқы киіз жабындыларын мұғалімдер жабуға кірісті. Сыртқы жабындылар күн сәулесін және тамшы өткізбеу, жылу сақтау қызметін атқарады. Олар ақ қойдың күзем жүнінен басылған киізден жабылады.

 


Туырлық керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұр. Туырлықтың негізгі қызметі – үзікті туырып ұстап тұру. Үйдің туырлықсыз жабылатын кезі болады. Бұған дауылпаз ақын Махамбеттің:

 


«Туырлықсыз тұл үйге Ту байласаң, тұрар ма!» – деген өлеңінен үзінді есімізге түседі.

 


Ағаш үй жабындыларының ішіндегі ең көлемдісі, әрі күрделісі – осы екі үзік. Осы үзіктің пішімін келтіру, пішу кез келген киіз шеберінің қолынан келмейді. Үзікке екі жиек жүргізіледі, себебі үй конусына қонымдылығы, жатағандығы, үйдің иіні, әсемдігі барлығы шебердің тарапынан ескеріледі. Үзік иініне жүргізілген дөдегенің ұзындығы уықтың иініне дәл келуі тиіс.

 


Киіз есік немесе ши есік ауыр болып келеді. Сықырлауықты жауып, шаңырақ арқылы екі жағынан байланған жібі арқылы өткізіліп ұсталады. Бұл жылуды ұстауға, ұзақ сақталуға шыдамды болуы үшін бірнеше қабаттан: сырты киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден немесе көрнекті болуы үшін сырмақтан да жасалады. Ши есік көлемді келеді, айналасы қара қойдың жүнінен бөлек басылып, тігіліп, жиектеледі, ішкі жағынан үш жерден бел ағаш салынады, төменгі жағы сықырлауықты толық жабатындай төртбұрышты кейіпте, ал жоғарғы жағы биіктеген сайын дөңестеніп, шаңыраққа дейін жеткізіледі. Формалары әр түрлі болып келеді. Қазақ баласы үйге еңкейіп кіреді.

 


Түндік – шаңырақты, киіз есікті, үзік шетін бастыра жабылды. Түндіктің төрт бұрышына түндік бау байланады.

 


Жел көтеріп, желпіп кетпеуі үшін, Амангүл апайдың келіні Алмагүл түндікті ық жақтан қайырып ашты. Ең соңынан киіз үйдің қара қойдың жүнінен басылған іргелігі ұсталып, сыртынан аяқ бауы байланды. Әрбір іргелік екі қатарлы ала жіппен жиектелді. Іргеліктің саны – төртеу. Үйдің сыртынан айналдыра ала жіптен есілген бел арқан байланды. Күнге күйген қоңырқай үй пайда болды. Үйдің ішкі төсеніштері төселіп, ең бастысы оюланған ақ текемет төрге жайылып, одан кейін жүзтеру алашалар, ал есіктің алдына тулақ жайылды.

 


Қазақ халқының салт-дәстүрінің көпшілігі осы киіз үйге байланысты. Киіз үйге байланысты бата-тілектер, ырым-тыйымдар, ән, жұмбақ, жаңылтпаш т. б. өте көп. Киіз үйдің құрылуын математикамен байланыстырып, жершарының моделi іспеттес екендігін ғалымдар дәлелдеген. Ұрпақтарымыз кешегіні білмей бүгінгінің қадірін түсінбейді. Киіз үйді тек көшпенділіктің белгісі ретінде қабылдайтын пікірлер көп. Киіз үй ата-бабаларымыздың тұрмысын, сәулет өнерін, қолөнерін бейнелейді, сондықтан осыларды оқушыларға таныстыру үшін, бірінші мұғалімдердің киіз үй туралы ақпаратын толықтырып, киіз үй жабдықтарымен жұмыс жасай білуін қолға алуымыз тиіс. Үй тігуге қолғабыс жасап әрі үйренген тыңдаушылар ұлттық құндылықтарды қалай дәріптеудің, бағалаудың парқын түсініп, сезінді. Киіз үй туралы қанша жазылып жатыр, алайда халық мұра ретінде қадірлей алмауда, себебі, рухани түсінік жеткіліксіз. Қазаққа ғасырлар бойы құтты баспана болған киіз үй сүйектерін: уық, кереге жасайтын елімізде бірде-бір мекеме жоқ, барлығы сырттан, Қарақалпақ-стан-Шымбайдан алынады. Ұлттық жәдігерлеріміз ұмытылмас үшін ағаш үйдің сүйектері өз елімізде жасалуы тиіс. Осылай жалғаса берсе, 100-200 жылдан кейін бұл жәдігерлер түп-тамырымен жойылып, тек мұражайлардан табылуы ғажап емес.

 


Марал САХАРБАЕВА
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ Мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы, тренері  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев