Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту

29 сентября 2016 - Веб-редактор
article11802.jpg

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың философия кафедрасының профессоры Қалқаман Жақыпты білмейтін студент, танымайтын оқытушы кем де кем. Оның салауатты өмір салтын насихаттаудағы еңбегі облыс жұртшылығына кеңінен таныс. Сондай-ақ Қостанайдағы тіл жанашыры ретінде де белгілі. Ел бірлігі, қазақстандық патриотизм ұрандарын жас ұрпаққа түсіндіруде үлкен шаруаларды қолға алды. Жуырда оқытушымыздың татулықты, тұрақтылықты арқау еткен жаңа туындысының тұсауы кесілді. Қалқаман ағаймен арнайы кездесіп, қалың оқырманға жол тартқан жаңа кітап туралы сұхбаттасқан едік. 

 

 

– Бұл кітаптың жарық көруіне негіз болған не нәрсе? Жалпы мұнда қандай тақырыптар қозғалғанын оқырмандармен бөлісе кетсеңіз.

 


– Бұл кітап өзімнің ғылыми әрі философиялық тұрғыдан алғандағы тақырыбым – Кеңес үкіметі кезіндегі ұлт, ұлтаралық қарым қатынас болатын. Кезінде осыдан 20-25 жыл бұрынғы уақыттарда Отан, мемлекет, ұлтаралық қарым-қатынас, сондай-ақ біраз онамастика мәселесі мен көші-қон мәселесі бар және диаспора, қазақстандық патротизм, ұлттың өзегі болып табылатын тіл төңірегіндегі әртүрлі басылымдарда атап айтатын болсақ газеттері мен ғылыми жинақтарда жарық көрген материалдарым жинақталған. Сол жазылған мақалалар мен айтылған ойларды ақырындап жинай беріппін. Сөйтіп басылымдарда шыққан дүниелерім. Қазақстан халқы Ассамблеясында Ғылыми сараптама тобының мүшесі есебінде мен шақыртылған болатынмын, қоғамдық негізде сонда жұмыс жасап жүрміз. Ғылыми сараптамалық топ Қостанай қаласындағы қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесі деп аталады. Достық үйі дейді, келісім үйі дейді, қазір ресми түрде Президенттің әкімшілігінің қарамағындағы қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесі болып саналады. Сол жердегі қызметкерлер менің атқарған жұмыстарыммен таныс болса керек, «сіз түрлі тақырыптарда біраз жазып жүрдіңіз, сол турасында, сондай мақалаларыңызды жинап алып келсеңіз, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына осыны шығарайық» деген соң құптадым. Сөйтіп, жарық көрген кітап. Соның тұсаукесері шағын өзіміздің топта болды. Сонда сұрақтар қойылды «аға, осының ішіндегіні сіз өзгерттіңіз бе, әлде сол күйінде ме?» деп, мен «шыны да сол, әзілі да сол» деп жауап бердім. Өйткені, шынымен ішінен бір сөз алған жоқпын, бір сөз қосқан жоқпын. Мұндағы дүниелер болашақта аз да болсын қажеттілікке жарайтынына сенімдімін. Себебі, мұнда жалпы және өңірлік мәселелер де қарастырылған. Соның ішінде мысалға, 1994 жылғы «Единство целей общие задачи» деген мақала ғылыми жинақта шыққан болатын. Сонда мен айтқанмын «келісім үйін құру керек» деп, достық үйін емес, келісім! Сол міне шынында да 20 жылдан кейін «қоғамдық келісім» болып дүниеге келіп отыр. Сол сияқты мәселелер осы кітапта топтастырылған, жинақталған. Міне, осы тұрғыдан келді-дағы кішкентай ғана еңбек ретінде жарық көрді. Бұл енді елдің-жердің тарихы емес. Дегенмен де, ұлттық негізде, саяси тұрғыдағы ойлар есебінде дүниеге келген нәрсе.

 


– Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғам үшін маңызы қандай, ол бізге не үшін керек?

 


– Қазақстан халқы Ассамблеясы – өмірдің қажеттілігінен, қоғамның сұранысынан дүниеге келіп отырған ұйым. Неге дейсіз ғой. Әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты қазақ жері көп этносты мемлекет болып бір ғасыр төңірегінде қалыптасып үлгерді. Жыл сайын аталған ұйымның Елбасының басқаруымен сессиясы өтеді. Сондай жиындардың бірінде Президент: «Қазақстан елі, қазақ елі, қазақ жері тек қана соңғы ғасырда көп ұлттың мекеніне айналды. Бұған дейін тек қана қазақтар тұрған» деп айтқан болатын. Ал енді, мінекей, осылай біз қалыптастық. Қазір Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Біз ширек ғасыр бұрын Кеңес Одағы деген империяның бір бөлігі болдық. Сол үкіметте 70 жылдай бірге өмір сүрдік, бірге қызмет істедік. Келді де 1991 жылы империямыз ыдырады. Әрбір ел өзінің бостандығын ала бастады. Сөйтіп, Қазақстан да тәуелсіз ел ретінде қалыптаса бастады.Енді алда тұрған үлкен бір мәселе болды. Ол экономикалық мәселе емес, ол саяси мәселе емес, ол рухани мәселе емес, әлеуметтік мәселе де емес, ең бірінші кезекте халық абдырап қалды. Өйткені, бір жолмен, бір ізбен келе жатып, жалт етіп басқа бағытқа бұрылып кетті. Жол жоқ, кім қайда барарын білмейді. Халық абдыраған күйде, әсіресе басқа ұлттың өкілдері. Ол заңды да. «Енді біз не істейміз?», «Біздің күніміз не болмақ?» – деген ойға келеді де көпшілігі өздерінің тарихи отандарына жол салып кете барады. Неміс Германияға, орыс Ресейге деген сияқты. Осында қалған өзге этнос өкілдері Қазақстанды Отаным деп санап, өмірдің ауыртпашылығын да бірге көтереміз, жеңісін де бірге тойлаймыз, қиындығына да бірге төземіз деп жұмылған жұдырық болды. Елбасының салиқалы саясатының арқасында барлық өзге ұлт өкілдері тең құқылы өмір сүрді. Ұлт көшбасшысы 1995 жылдың бірінші наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылсын деген жарлыққа қол қояды.

 


Ол кезде өз басым Қостанай облысындағы облыстық тіл басқармасының басшысы болып тағайындалған кезім. Атай кеткен жөн жалпы қазақ мемлекеттілігінің тарихында тіл басқармасы деген болмаған, денсаулық, білім беру, мәдениет, ауылшаруашылық басқармалары болған. Ал тіл басқармасы болған жоқ. Ол жерде үш жылдан артық жұмыс істедім. Содан соң маған облыстық әкімдіктен әлгіндей құжат келеді. ҚХА құрылған екен оның ішінде кіші ассамблея облыстық ҚХА-сы қоғамдық негізде кеңестік ұйым болып қана саналады. Кейін дами келе, өрлей келе, революциялық жолмен мықты құқықтық, қоғамдық және саяси конституциялық құқыққа дейін өсіп, шынығады. Бүгінгі таңда ҚХА біздің еліміздегі саяси жүйеден ойып тұрып орын алған заңды мекемеге айналып отыр. Ұлтаралық, этносаралық, діни аралық мәселелердің барлығы осы ҚХА арқылы өтеді, жүргізіледі, жоспарланады. Сөйтіп, жақында Қазақстан елінің бірегейлігі мен бірлігі туралы және ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы дүниеге келеді. Осындай тарихи да құнды деректердің негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің жұмысын тиімді жасап жатыр. Айта кететін бір нәрсе ҚХА мұндай ұйым басқа мемлекеттерде жоқ, бұған ұқсас бар. Бірақ дәл мұндай емес. Сондықтан да 2007 жылы ҚХА Біріккен ұлттар Ассамблеясында тұсаукесерін өткізеді. Осылайша ҚХА әлемдік деңгейдегі бірінші адамзатқа өте пайдалы, тиімді ұйым болып саналды. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясын әлем танып отыр. Ал оның тиімділігі мен жұмысын күнделікті өмірдің өзі көрсетіп отыр. Аллаға шүкір, жиырма бес жыл бойына этносаралық, діни аралық қақтығыстар болған емес. Елбасының саясаты мен ҚХА-ның жұмысы арқасында алдағы уақытта да осылай бола бермек. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХА-ның төрағасы екенін өзіңіз де білесіз.

 


ҚХА-ның негізгі мақсаты қазақ халқының топтастырушы ролі негізінде қазақстандық бірегейлікті және бәсекелестікке төтеп бере алатын ұлтты қалыптастыру. Сондай-ақ этнос аралық түсіністікті, татулықты қамтамасыз ету, соған атсалысу. Міндеті – аталған мақсатқа жету үшін көптеген іс-шаралар өмірге келіп жатыр, сол іс-шараларды төзімділікке, толеранттылыққа, бірлік пен ынтымақтастыққа, түсіністікке үндейтін ғана емес, күнделікті өмірде соны қалай пайдалану керектігін, соны сақтап дамыту үшін, жас ұрпаққа жеткізу үшін жасалатын іс-әрекеттерді бір жағынан мемлекеттік мекемелер, екінші жағынан қоғамдық мекемелер, үкіметтік емес мекемелер болып бірігіп, осыларды тиімді атқара білу.

 


– Бұрын соңды болмаған тіл басқармасында қызмет атқардым деп айтып кеттіңіз. Осы саладан білген-көргеніңіз көп. Екпінді тіл мәселесіне түсірелік.

 


– Қазақ тілінің жағдайы көбінесе салыстырумен танылады. Артта қалған 10-20 жылмен салыстырғанда бүгінгі таңда көп ілгеріміз. Олай дейтін себебім 1992 жылы 6 тамызда пединституттың негізінде университет құрылатын болды да бірінші оқу бөлімінің басшысы мен болып тағайындалдым. Келдік те қазақ топтарын ашу керек болды. Студенттер мен қатар оқытушылар да жинау керек еді. Сондай кезде ақшаға емес, жүрек қалауларымен келіп қатардан табылған аға-апаларыңыз болды. Кейіннен кейін мемлекеттік тілде оқу орындары ашыла бастады. Әрине проблема бар. Мәселе сыртта емес, ішімізде мына менде, сенде анау Марат пен Айнұрда. Кім оларға қазақша сөйлеме дейді. Конституциямызда тіл туралы заң бар. Біз өзіміз түгілі басқа ұлт өкілдері үйреніп жатыр. Менің ұғымымда сырттағы объективті түрдегі мәселені көріп тұрған жоқпын. Бәрі өзімізден. Тағы қайталап айтамын қазақ халқы топтастырушы ұлт. Сондықтан әуелі өзіміз үлгі бола білуіміз керек. Қазақ балалары бір-бірімен қазақша сөйлесуі қажет. Тіпті, қазір өзге ұлт өкілдері өзара қазақша сөйлесетін халге келе жатырмыз. Міне, мен қазір соның ұшқынын көріп жүрмін.

 


– Ал енді аз-кем идеология туралы пікіріңіз.

 


– Қандай да бір мемлекеттің өзіндік идеологиясы болады. Ал біздің бүгінгі идеология – "Мәңгілік ел" идеологиясы. Ең алғашқы рет Елбасы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясымен байланыстыра «Мәңгілік ел» жайлы ойды айтқан болатын. Енді сол идея бүгін мемлекетіміздің идеологиясы болып отыр. Сөйтіп, ұлт жоспары, мың нақтылы қадам, бес институционалдық реформасы және соның төртінші реформасы бірегейлік пен бірлікке арналған. Сол төртінші реформаның өзіндік төрт бағытын атап өткім келіп отыр: жалпы ұлттық патриоттық идеясы; құқық, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік; мәдени, тілдік, діни әр-алуандылық; ұрпақтар сабақтастығы. Мұның бәрін идеологиялық құрылым ретінде қарастыруға болады.

 


– Қалқаман аға, «Мәңгілік елдің» тұрғындарына бейбітшілік пен ынтымақ тілей отырып, сізге зор алғысымызды білдіреміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сұхбатыңызға рахмет!



Сұхбаттасқан Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ
сурет ғаламтордан алынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео