Құрбан айт жақындап қалды

17 сентября 2015 - Веб-редактор
article7841.jpg

Қыркүйек айының 24-і исі мұсылман қауымына ортақ Құрбан айт мейрамы басталады. Үш күнге жалғасатын қасиетті мейрамда құрбан шалып, Жаратушының мейірім-шапағатына бөленуге тырысатындар аз емес. «Құрбан» сөзінің мағынасы «жақындау», яғни, Алла Тағалаға жақындау. Бұл мереке Қазақстанда да ерекше сипатқа ие. Құрбан айт адамдар арасында жылылық орнатып, сыйластықты арттырады.  


Дін мамандары ғана емес, аталған мейрамның мән-мағынасын көпшілік те түсіне бастады. Ұлыстар туыстығын нығайтып, ағайын арасын жақындататын, аразды татуластырып, мейірімділікке жетелейтін мерекенің қоғамдағы маңызы ерекше.


– Ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге жер жаһандағы адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақырады, – дейді Қостанай ауданындағы Маңдай батыр мешітінің бас имамы Азамат қажы Мырзақан. – Қасиетті Құран Кәрімнен және ислам тарихынан білеміз, бұл мереке сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) атаның, дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлардың кезінен бері жалғасуда. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», – деп жауапты әрі сауапты іс жайында айтады. Құрбан айт күні қабақ түйіп жүрген мұсылманды көрген емеспін, бәрінің жүзі жайдары. Аллаға құлшылық етіп, өздерінің, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілейді барлығы. Міне, осындай игі тілектер баршаны бір арнаға тоғыстырады. Бұл күн жүректерге мейірім нұрын себеді, сондықтан реніштерін ұмытып, бір-бірін кешіріп жататындар да көп.


Құрбан айтта имамдардың істер тірлігі белгілі: уағыздар айтып, халыққа құрбан шалу шарттарын, оның мағынасын түсіндіреді. Ал, басқа азаматтар қалай үлес қосып жүр екен?
Тарих пәнінің мұғалімі Асылан Сағадатұлы біздің жерімізге ислам діні келген дәуірден, санамызға сіңген күннен бері тыныштықты, ізгілікті насихаттап, ұлттық мәдениетімізбен бірігіп кеткенін айтады. Оны қынжылтатыны – замандастарының жат ағымның жетегінде кетуі.


– Адасушылар өткен дәуірлерде болған, бірақ өркениетті қоғамда өмір сүріп жатып, жат ағымға еру дегеніңіз сұмдық енді. Оны айдың күні аманында жолдан таю десек жарасар, бәлкім. Елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етілген. Сөйте тұра, өзге елге кетіп, өздерін-өздері жат ағымға «тұзақтап» жатқандарды түсінбеймін. Мен оқушыларыма үнемі ескертіп жүремін, бөтен біреулерден уағыз тыңдамау керектігін. «Тәрбие – тал бесіктен» деген ғой. Құрбан айт келе жатыр, ертең әлеуметтік желіде, интернетте неше түрлі уағыздар немесе сол сияқты дінге қатысты сөздер көп тарайды. Осындай кезді жат ағымдар да пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан, балаларды сақ болуға шақырамын, – дейді отыз жасар педагог.
Нұрлан Қоныс есімді Қостанай тұрғыны бұл күні құрбан шалып, отбасының амандығын тілейтінін жеткізді.


– Ең бірінші Алланың разылығы үшін ғибадат етемін. Ме-шітке барамын, – дейді ол. Ал өзін Бауыржан Жамалов деп таныстырған жігіт, Құрбан айтта жоқ-жұқаналарға көмектесетінін айтты.
– Аз-мұз кәсіппен айналысамын. Жыл сайын құрбан шалып, жетімдерге, кедей-кепшікке таратып береміз. Шамаң жетіп тұрса, маңайыңдағы көмекке мұқтаждарға қарайласқан мол сауап дейді. Әкелеріміз кеңестік кезеңнің өзінде, тығылып болса да құрбан шалған. Біздің заманда шектеу жоқ. Кейбіреулер құрбандыққа екі мал шалады, – деп кәсіпкер ойымен бөлісті.
Бағдат Камалбек есімді студент Құрбан айт күні біраз еңбектеніп табыс табады екен.


– Көбісі құрбан шалудың ережелерін біле бермейді. Мал бауыздайтын адам іздейтіндер де бар. Құрбан шалу рәсімі өтетін жерге барып, мал сойып беріп, азын-аулақ ақша табамын. Оның ешқандай әбестігі жоқ. Қымбат сұрауға болмайды, риза пейілмен бергенін аламын, – дейді Бағдат.


Байқағандарыңыздай, біз пікір сұрағандардың бәрі Құрбан айтта қол қусырып отырмайды екен. Барлығы мейрамның абыройлы аталып өтуіне өз үлестерін қосуға ниетті. Бір арнаға тоғысу, жұдырықтай жұмылу деген осы.


Асыл ҚАСЫМ

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео