Тағылымды тәлімгер

25 сентября 2014 - Веб-редактор
article4897.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңірсек, тәлім-тәрбие берсек, сонда ғана рухы дамыған, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз», – деген болатын.

 

Қоғамда осы мақсатты ұғын-ған, бағыт етіп ұстанған тәлімгерлер жетерлік. Солардың бірі – Звайда Тленова.
 
Қашанда ең қасиетті ұғым – тәрбие. Салт-дәстүрімен сусындап, өз ұлтының тәлімімен жетіліп, туған тілімен оянған азаматты тәрбиелі деп айта аламыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, тәрбие сыртқы көріністің айнасы болса, жас ұрпақты тәрбиелеу – тәрбиешінің қолында. Біз апайды әңгіме арқауы еткенде, оның парасаттылығын, жаны жайсаң жан екендігін айтпай кету мүмкін емес. Ол №2 Ұзынкөл орта мектебі жанындағы интернат тәрбиешісі. Звайда Ермашқызы саналы өмірінің қырық жылын тәрбиешілік қызметке арнаған. Сабырлы әрі белсенді тәлімгер мектеп интернатында 8-11 сыныпта оқитын ұлдардың тәртібін қадағалайды. Мұндағы балаларды еңбекке баулып, олардың бойына адамгершілік пен рухани мәдениеттің негізін сіңіруде. 
 
– Ұл балаларға тәрбие беру – аса ыждаһаттылықты қажетсінетін маңызды іс. Олардың қоғамдағы мінез-құлқына мән беріп, күн сайын сыпайылыққа, үлкендерді құрметтеуге үйретуге тырысамын. Сауаттылық, тазалық пен тәртіпті қадағалау, бір үйдің балаларындай тату-тәтті тұруы, ұстамды болуға үйрету – біздің міндетіміз деп білемін, – дейді Звайда Ермашқызы. 
Тәрбиеші апай әуелде еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болудан бастап, балабақша меңгерушісі қызметін де атқарған. Ол бүгінде интернатта тәрбиеші болса, отбасында аяулы жар, балаларына ардақты ана, сүйікті әже. Айдархан, Әсел, Роза есімді ұл-қыздары, келіні Ләйлә өз салаларының майталмандары. Бірі – инженер, бірі – заңгер, сатушы, мұғалім болып еңбек етуде. Төрт немересінің алды студент болса, кішісі мектеп оқушысы. 
 
«Адам баласы дүниеге келген күннен бастап дұрыс тәрбиеленсе, баланы ақылды қылып шығаруға болады» деген тұжырымды Звайда Ермашқызы өмірлік қағидасына айналдырған. Ұжымы оның еңбегін бағалай біледі, сондықтан да сыйлы. Әріптес сіңлілері «тәрбиеші деген Звайда апайдай болуы керек» деп жүреді үнемі. Әрине, ол мұндай құрметке әбден лайық.
 
Ажар СЕЙТҚАНОВА,
Ұзынкөл ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео