Еңбекқор ақсақал

25 сентября 2014 - Веб-редактор
article4898.jpg

Ол бала күннен еңбекке етене араласқан еңбекқор жан. Кейінгі жас ұрпаққа өнегелі ісімен, байыпты байсалдығымен үлгі бола білген қарапайым еңбек адамы 77 жасқа келсе де, қара жұмыстан қол үзген жоқ. Мен торғайлық қария Бұқарбай Қалиев туралы айтып отырмын.

 

Бұқарбай ақсақал шөп шабу науқанына қар кетісімен дайындық жұмыстарын жүргізіп, әбден тозығы жеткен тракторының май-суын жаңартып, істен шық-қан жерлерін жөндеп, сақадай сай отырады. Қазір ол кісінің жұмысы қауырт. Қарапайым еңбек адамы өз ісін білетін, көп сөзге жоқ біртоға жан. Қазақ ауыл шаруашылығы институтының инженер-механик факультетін бітірген. Зейнеткерлікке шыққанға дейін кеңшар фермаларында механик, бас инженер қызметтерін атқарған.
 
Кейіпкеріміз бір сағатын да бос өткізбейді. Қолдағы азын-аулақ малына қарап, арасында ауласында жатқан темір-тесектерді іске жаратып, сусорғы, темір жонатын және қамыс кесетін станоктар құрастырып шығарды. Бүгінде сол тоқпен істейтін станоктардың рахатын көруде. Мен барғанда, ол кісі өзінің шағын цехында әлденелерді шұқылап, ұсақ-түйек темірлерден техникасына қажетті бөлшектер жонып жатыр екен. Қажыры қайта қоймаған ақсақалдың еңбекке деген ынта-жігері де кемімегенін байқадым. Жасыратыны жоқ, Бұқарбай қарияның жасындағы кейбір қарттардың ішінде ауыздарымен орақ орып, әдемі қартаюдың қадірін кетіріп алғандар бар. Ал, өзінің тиянақты ісінің жөн-жосығын білетін кейіпкерімізді көргендер сүйсінбей қалмас. 
 
– Қанша жерден іскер болсаң да, ең әуелі ауызбірлік пен түсіністік, адамгершілік, сыйластық, ұқыптылық керек, – дейді ақсақал. Жаны бар сөз. Өзі осы қасиеттері арқылы бірталай қиындықтармен күресіп, жеңе білді. Ауыртпалықтың талайын қасқайып қарсы алып, түбінде игі-ліктің боларына үнемі сеніммен қарайтын. Тек ерінбей еңбек еткен адам ғана мол табыстарға жететіне өз ісін жолға қоя жүріп, анық көз жеткізген. Заманның құқай-қыспағына мойымай, өзгерістерді еңсере білген жан биіктерді бағындыруға қайткенде ұмтылары хақ. Бұл да кейіпкеріміздің түйгені.
 
Тағдырына налып, кежегесі кейін тартқандарға Бұқарбай ақсақалды үлгі етуге әбден болады. Ауданда шөп шабатын техникалары бар жеке кәсіпкерлер жетіп артылады. Алайда, өзгенің түлігі түгілі, өзінің мал азығын әзірлей алмай жүргендері қаншама... 
 
Бұқарбай қария бүгінгі таңда ойдың шабындығын орып, сегіз тіркеме шөпті үйіне тасып алған. Артылғанын арзан бағада ағайын-туыстарға сатпақшы. Өз білгенін өзгеге үйретуді жөн санайтын ол жиен немересі Темірланды еңбекке баулып, жаз бойы ескі тракторымен шөп шаптырды. Немерелеріне маңдай термен тапқан малдың берекелі болатынын айтудан шаршаған емес.
 
Бұқарбай ақсақалдың ауласы – қайнаған еңбектің ортасы. Атаның ақылын бойына сіңірген еңбекқор немерелердің бау-бақшаны күтіп-баптап жатқанын көресіз. Темірланның «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылды ұстанып, қадір тұтқаны қуантарлық. Нағашы атасы көшіп келген жылы бір түп тал еккен еді. Жиен немересі сол ағаш өскенде, көктем айында бұтағын кесіп алып, тамырлатып, он түп көшет отырғызды. Міне, өнеге деген осы!
 
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жангелдин ауданы 
 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео