Олқылықтар дұрысталып жатыр

10 сентября 2015 - Веб-редактор
article7785.jpg

 ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтағы ветеринарлар жұмысын тексеріп жатыр. Оның себебі – кейбір жергілікті жерлерде бруцеллезбен күрес стратегиясына сай, ауру жануарларды емдеу-сауықтыру шараларын мүлде жүргізбеген. «24 kz» арнасы таратқан ақпарға сүйенсек, тіпті Қостанай, Ақмола облыстарында ветеринарлар Австралиядан әкелінген асыл тұқымды бұқалардың індетті екенін білмей жатып, сойғызған.

 

Бүгінгі таңда мұндай келеңсіздіктерге неліктен жол берілгені анықталу үстінде. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өз сөзінде шаруаларға былай деді: – Егер зертхана нәтижесіне күмәндансаңыздар, қайта тексеріске жіберуге болады ғой. Бұл жайында арнайы заң да бар. Алғашқы тексерістің нәтижесіне апелляция жасауға құқылысыздар. Бизнес өкілдеріне айтарым, өз құқықтарыңызды қорғай біліңіздер.
 
Осыдан үш жыл бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлі-гі Халықаралық эпизоотиялық бюромен (ХЭБ) келісілген ветеринарлық қызметті модернизациялау стратегиясын мақұлдаған еді. Министрлік жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің шешіміне сәйкес, 2011 жылы аусыл және бруцеллез сияқты аса қауіпті кеселдермен күресу стратегиясы қабылданды.
 
Еліміздің аусылды бақылау бойынша ұлттық бағдарламаны жүзеге асыруда жеткен жетістіктері аз емес. Биыл мамыр айында тоғыз облысқа аусылсыз таза аймақ мәртебесі берілді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы да бұл дәрежеден үмітті. Кейінгі екі жарым жылда аусыл ошағы тіркелмеген, бұл АШМ мен ветеринарлық қызметтің күшін бруцеллезбен күресуге бағыттауға мүмкіндік берді.
 
Бруцеллезбен күресу стратегиясына сай, бірінші реттік зерттеу үшін ересек жануарларға ИФА әдістің орнына классикалық әдіс қолданылып келеді (ИФА әдіс тек төлдерге ғана қолданылады). 2013 жылғы 9 тамызда бекітілген ветеринарлық ережелерге ХЭБ ұсынған бруцеллезді диагностикалау кезінде қайта тексеру әдістері енгізілді. Диагностикумдардың сапасына қойылатын талаптар күшейтіліп, GMP/ISO халықаралық стандарттар сәйкестілігіне бақылау жүргізіледі. Бруцеллезбен ауырған жануарларға қатысты қолданылатын шаралар механизмі өзгертіліп, оларды санитарлық сою ақысы төмендетілді.
 
Жыл басынан бері бірінші реттік зерттеулер нәтижелері бойынша, тексерілген ірі қаралардың 28 мыңнан астамында оң әсер байқалған, былтырғыдан көрсеткіш 30,7 мың бас болатын. Былтыр бруцеллез бойынша қолайсыз пунктер 64 болса, осы жылы 29-ға дейін қысқартылды.
 
Ауыл шаруашылығы министрлігі бруцеллез бойынша мәліметтерді саралай келе, жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері мен ВБҚК аумақтық бөлімшелерінің жұмысында олқылықтарды анықтаған. 
 
Бұдан бірер жыл бұрын бруцеллезбен ауырды деп, көп-шіліктің малы сойылып кетті. Ешқандай сауықтыру шаралары жүргізілген жоқ. Бұл – мал иелерінің құқықтарын аяқасты ету деген сөз. АШМ ветеринарлық заңнаманы бұзу фактілерімен күресіп жатыр.
 
Мал дәрігерлері қанды сараптау шараларын жоспардан тыс, маусым-шілде айларында өткізуде. Ал бұл уақытта жануарлар жайылымдарда бағылуы тиіс. Ветеринарлық заңнамада көрсетілгендей, диагностика және қанды сараптау жылына екі рет өткізіледі: көктемде (жайылымға жіберілмес бұрын) және күзде (малды қорада ұстаудан бұрын).
 
Біздің өңірде болған жағдай: Қарабалық аудандық ветеринарлық зертханасында «Север-Агро» шаруашылығының асыл тұқымды бұқаларынан бруцеллезге қарсы алынған қан классикалық әдіспен сарапталады. Олар ауру белгілері бар деп шығарып, жануарларды союды талап етеді. Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы мал иелерінің ақылы түрде қосымша сараптама жасау туралы өтінімдерін қарастырмайды. Іске АШМ өзі араласып, бұқалардың қанында бруцеллез қоздырғышының жоқтығын анықтап берді. 
 
Әлгіндей фактілердің қайталануына жол бермеу үшін, ветеринария туралы заңға сай, бизнес пен қоғамдық ұйымдар бірінші реттік зерттеулер нәтижелерін Республикалық ветеринариялық зертханасы мен Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығында қосымша зерттеуге құқылы.
 
Осыдан кейін мамандарға мал дәрігерлеріне кейбір функцияларды түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келді.
 
Асыл ҚАСЫМ 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео