Асылдандыру асулары

10 сентября 2015 - Веб-редактор
article7784.jpg

Мал басын асылдандыру жұмыстары жандануда. 2011 жылдан бастап, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы еншілес компаниясы «КazMeat» ЖШС арқылы асыл тұқымды бұқаларды сатып алу үшін қарыз беріп, шаруашылықтардағы, ауылдағы ағайынның қолындағы ірі қараны асылдандыру және генетикалық әлеуетін арттыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.

 

 Аталған акционерлік қоғам «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және «KazMeat» ЖШС-мен бірлесіп, осы бағдарламаның шеңберінде тауарлық шаруашылықтарды және ауылдық табындарды асылдандыру бойынша қызмет көрсететін операторларды асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз ету үшін тиімді қаржыландыру жүйесін әзірлеген болатын. Бұл жүйе мемлекеттік қолдау бағыттарымен асыл тұқымды бұқаларды сатып алу шығындарын толығымен өтелуіне мүмкіндік береді.

Жалпы бағдарламаның іске асырылу кезеңінде, 2011 мен 2015 жылдары аралығында 2 369 бас асыл тұқымды бұқаларды сатып алу үшін 381 субъектіге 673 148,3 мың теңге көмек көрсетілген. Яғни, тауарлық табынға 330 619,5 мың теңге беріліп, оған 975 мал басы алынса, ауылдық табынға 342 528,8 теңге бөлініп, оған 1394 мал басы әкелінген.
 
Бағдарламаның жүзеге асырылуына Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының операторлары қатысқан. Олар әулиекөл, қазақтың ақ бас сиыры, ангус, герефорд тұқымдарының бұқаларын сатып алған. 
 
Ұлттық холдинг мамандары ірі қараны асылдандыру бағытындағы іс-шаралар қазіргі кезде оң нәтижелерін беріп жатқанын айтуда. Жүргізілген мониторинг бойынша, сегіз-тоғыз айлық будандастырылған тайыншалардың орташа салмағы 226 келі, 16-18 айында 381 келі. Олар тұқымы асыл деп саналмайтын тайыншалардан едәуір ауыр тартады. Мамандардың және сарапшылардың бағалауына жүгінсек, ірі қара өсірумен айналысатын ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен жеке меншік шаруашылықтардың иелері үшін бұл бағдарламаның тиімділігі жоғары. Бүгінгі таңда «ҚазАгроӨнім» АҚ («КazMeat» ЖШС) асылдандыру және ет бағытындағы ірі қараның генетикалық әлеуетін арттыру бағдарламасын іске асыруға қаржылық көмек көрсетуші операторлардың бірі болып қалады.

Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ,
«ҚазАгроӨнім» АҚ ақпары бойынша 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео