Түсімді еселеу тетіктері

15 сентября 2016 - Веб-редактор

Ұзынкөл ауданында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған жиын өтті. Онда жергілікті шаруаларды толғандырған түйткілдер талқыланды. Қатысушылар мемлекеттік бағдарламалар аясында егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидиялар төңірегінде қажетті ақпараттарға қанықты. Іс-шара барысында сол сияқты мал азығын жинауға арналған өнімділігі жоғары озық техникалар таныстырылды. 

 

 

Жем-шөп жинайтын мына заманауи комбайн «Джон-Дир 8000» деп аталады. Ұзынкөл ауданындағы іргелі шаруашылық оған алғашқылардың бірі болып қол жеткізді. Техника Қазақстан климатына барынша бейімделген. Өнімділігі де аса жоғары. Оның үстіне, мұнымен жұмыс істейтін механизаторлар үшін де өте жайлы.

 


– Мал азығын жақсы ұсақтайды, – деп бастады сату жөніндегі компания менеждері Асхат Өсенов. – Жанар – жағармай шығынын үнемдейді. Жаңа техниканың арқасында шаршағанның белгісі де байқалмайды. Өйткені бір сағатта бірнеше тонна шөп орады. Агрегаттары мықты. Алайда, оны бабына келтіріп, ұстау үшін ұқыптылық пен кәсіби біліктілік қажет.

 


Озық техника төрт түлік өсіруді кәсіп көзіне айналдырған ұзынкөлдік шаруалардың қызығушылығын тудырғанға ұқсайды. Өйткені, әлгіндегі айтылған артықшылықтар көп. Бастысы – жоғары өнімділікті қамтамасыз етеді. Сәйкесінше, мал азығының мол қорын жасап алуға мүмкіндік береді. Жалпы, елімізде ауылшаруашылығын техникаларын сатып алу бағытында «Агробизнес-2020» бағдарламасы бар. Мұнда шаруаларға лизинг бойынша жаңа техникаларды сатып алу тетіктері қарастырылған. Жергілікті дихандар және астық сақтау сапасын жақсартудың қамына кіріскен. Ауданда жолдарды тегістеу жұмыстары қарқынды.

 


– Бидайды сақтау үшін биыл арнайы асфальт алаңын жөндеп жатқан жайымыз бар, – дейді шаруа Ұзақбай Ағайдаров. – Жалпы, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар жаман емес. Тек, уақытында дұрыс жоспар құрып, дер кезінде қимылдау керек.

 


Ауа райының қолайсыздығынан былтырғы жиын-терін шаруаларға ауыр тигені мәлім. Бірақ, жер ырыздығынан пайда тапқан ұзынкөлдік азаматтар қиын-қыстау сәтте бір түйір дәнді жерде қалдырмау үшін тер төкті. Қажырлы еңбекпен мемлекеттік жәрдемнің арқасында жергілікті дихандар биыл да жылды табыспен аяқтайтындарын айтады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басын қосқан арнайы жиында саладағы өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешудің жолдары қарастырылды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінетін субсидиялар турасында мамандар мол мағлұмат берді.

 


Нұрқанат ОМАРҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео