Табысты жұмыс – еңбек кепілі

11 сентября 2014 - Веб-редактор

Ашылғанына бір жылдай уақыт болған Қостанай ауданының тілдерді оқыту орталығы алғашқы оқу жылында-ақ тіл үйретуде, оның аясын кеңейтуде айтарлықтай жұмыстар атқарып тастады. Маусым айының орта шенінде өткен аралық бақылау сынағына 23 мекемеден тыңдаушылар қатысып, оқу бағдарламасы бойынша игерген білімдерін көрсетті. 

Талдау нәтижесінде тыңдаушылардың білім көрсеткіштері мынадай болды: аудан бойынша сабаққа қатынасуы 63%, қазақ тілін игеру деңгейі аралық бақылау сынағын тапсыруда 88%-ды құрады. Бұл әлі де оқытудың жаңа үлгідегі инновациялық технологияларын барынша қолдануды қажет етсе, екіншіден, тыңдаушылардың тіл үйренуге қызығушылығын 
арттыратын тетіктерін жандандыра беру керек деген сөз. Бүгінгі таңда 382 тыңдаушыны қамтыған орталық есепті кезеңде жұмыс жоспарына сай тыңдаушылар игілігіне арналған оннан астам шараларды атқарды. Өзіміздің аудандық «Арна» газетінің тілшілері тыңдаушылар арасында, мектеп оқушылары арасында және балабақша бүлдіршіндері арасында өткізген іс-шараларымыздың куәсі болып, оларды үнемі газет беттеріне жариялап отырды. Оның сыртында, орталық директоры Мұхтар Әбдіғамидовтың тарапынан тілді дамыту, қазақ тілінің ауданымыздағы ахуалы, қолданысын кеңейту көзқарасында бес мақала жарияланды. Кейбір тыңдаушыларымыз облыстық байқаудың жүлдегерлері де атанды. Жаңадан ашылған орталықтың жұмысын насихаттау барысында «Алау» телеарнасы тіл бағдарламасы бойынша орталық басшысынан екі рет, оқытушылардан ек рет сұхбат алып, облыс телекөрермендеріне ұсынды. Сонымен қатар, орталық жұмысымен танысуға облыс әкімі Нұралы Садуақасов, ҚР Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетовтың бас сұғып, оң баға беріп, жұмысымызға табыс тілеуінің өзі орталық қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруға септігін тигізді. Мамыр айында «Мемлекеттік тілді оқытудың әдіс-тәсілдері» атты тақырыпта болған әдістемелік семинар өте жоғары деңгейде өтіп, облыстық оқыту орталығынан, облыстық тілдерді дамыту басқармасынан келген қонақтар ризашылықтарын білдіріп, жұмысымыздың аз уақыт болса да қарқындап жатқанына тәнті болды.
 
Қай бір мекеме болмасын, жұмысының алға басуы бірінші ұжымының жауапкершілігі мен біліктілігіне, екінші басшыға байланысты. Ауданымызда ашылған осынау тұңғыш мекеменің алғаш-қы директоры Мұхтар Әбдіғамидов 40 жылға жуық еңбек еткен, оның 20 жылдан астам уақытын білім саласына арнап, басшылық жұмыстарды атқарған тәжірибелі ұстаз, жауапты басшы. Алғашқы айларда жалғыз өзі мекемелер мен кәсіпорындарды жағалап, оқытуға тыңдаушыларды үгіттеп, мекеме басшыларына қайта-қайта барып, оқытуға қызметкерлерді тартуға түсінік жұмыстарын жүргізіп, орталықтың тыңдаушылар топтарын құруда тер төкті. Оның сыртында орталықты қажетті құжаттармен, кадрлармен қамтамасыз етуде де күндіз-түні аянбай жұмыс істеп, нағыз мекеме болып аяқтануына үлкен үлес қосты. Өзінің идеялары мен бастамаларын ортаға сала отырып, көптеген жұмыстарды сол кісінің айтуымен орындадық. 
Орталықтағы менің әріптестерім Нұрғазина Сая мен Хұсайынова Әселдің жұмыстары да қазіргі уақыт талабына сай атқарылып жатыр. Мен жас маман ретінде Сая апайдың сабағына үнемі кіріп, сол кісінің дәріс беру әдістерін көңіліме тоқып отырамын. Ал, Әсел болса, ағылшын тілін үйретуде тыңдаушылардың құлшынысын оятып, ризашылығына бөленіп келе жатқан жас маман.
 
Алда әлі де талай маңызды істер күтіп тұр. Еліміздегі тіл мәселесі – мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан да сол саясатты жүзеге асыратын тіл оқыту орталықтарының да жұмысы ерекше. Қасиетті тіліміздің мерейі мәңгі 
үстем болғай!
 

Нұржан ТОЛЫҚПАЕВ, тілдерді оқыту 
орталығының оқытушысы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео