Өткен күннен бір белгі

11 сентября 2014 - Веб-редактор
article4793.jpg

Жангелдин ауданы Әскери Даңқ кітабын Арқалық қаласына аманат етті.

 

Аудан орталығындағы Шақшақ Жәнібек алаңында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай өткен «Еске алу эстафетасы» жобасы аясында, Әскери Данқ кітабына Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің есімдерін, олардың ой-толғамдарын енгізу және естелік кітапты Арқалық қаласына табыстау салтанаты болып өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдарымен өзара байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Гүлбара Жұмағұлова, облыс әкімдігінің мұрағат және құжаттамалар басқармасының бөлім басшысы Салтанат Тащанова, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Есламбек Мәметеков сынды бірқатар қонақтар Торғайға арнайы келді. 
 
Жангелдин ауданы әкімі Асқарбек Кенжеғарин өз сөзінде облыс әкімінің тікелей басшылығымен қолға алынған бұл шара аға ұрпақ үшін ғана емес, кемелді болашағымыз үшін де аса қастерлі екеніне тоқталды. Заман мен заң өзгерсе де, Жеңіс күні өзінің ел есінде қалған ерліктерімен тарих шежіресіндегі бағасын жоймайтындығы ақиқат деді. Бастаманың маңыздылығы жөнінде Арқалық қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәки Ахан да толғамды ойымен бөлісті.
 
– Өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың ержүрек қаһармандығы мен мұқалмас қажыр қайратының мерекесі – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Еске алу эстафетасының» маңызы өте зор. Себебі біз басты құндылықтарымызды бағамдап, егжей-тегжей саралап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртып, мәңгілік санасына сіңірсек, ел қорғаған ата-бабаларымызға деген борышымыздың бір бөлшегі орындалғаны, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдарымен өзара байланыс жөніндегі бөлім басшысы Гүлбара Бекетқызы.
Орталық алаңдағы дала сахнасында мәдениет үйінің әртістері майданға аттанған қазақ балаларының отаншылдық рухын, жан тебірентер көріністерді сахналап, соғыс жылдарындағы әндерді шырқады. Концерттік бағдарламадан соң, аудан басшысы Асқарбек Ахметбекұлы Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабын Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Есламбек Жеңісұлына салтанатты түрде табыс етті. Енді «Еске алу эстафетасы» Арқалық қаласында жалғасын таппақ.
 
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жангелдин ауданы 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео