Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі

7 сентября 2017 - Администратор
article14776.jpg

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында нақтыланған латын әліпбиіне көшу туралы жоспары қызу талқыға түсуде. Бұл жөнінде арнайы іс-шаралар да өтіп, бірнеше адамдар пікірін білдіріп те үлгерді. Осы орайда Қарабалық ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының директоры Алтын Ержановамен (суретте) сұхбат жүргізген болатынбыз.

– Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы туралы ойыңыз?

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның мемлекет ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру және осы мемлекетке атау берген қазақ халқының рухани әлеуетін күшейту үшін қашанда жаңғыруға бастайтын идеяларды ортаға салып, олардың орындалуына мән беріп тұрады. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазіргі кезеңдегі қазақ елінің бүгінін сараптап, ертеңгі бағытын айқындаған бағдарламалық еңбек. Біз осынау маңызды еңбектегі ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, интеллектуалды қоғам қалыптастыру сияқты мәселелердің аса өзекті екендігін сезінеміз.

 – Мақала аясында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы пікіріңіз?

– Еліміздің бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мәдениетіміз де өз үлесін қосты. Себебі жазу – мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Сондықтан әліпби мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады

«Латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуы негізіндегі бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады» деген қорқынышқа жол жоқ. Халқымыздың барлық жазба мұрасы мен жәдігерлерін латын әрпіне бірте-бірте, кезеңімен көшіріп алуға мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді. Латынға көшу – қазақтың тілінің болашағы, сондықтан кейбір қиыншылықтардан қорқудың, алаңдаушылықтың қажеті жоқ. Қазақ халқы да осы уақытқа дейін талай тарихи кезеңдерден өтсе де, өзінің тілін жоғалтпай, тарих толқынында тура жолдан адаспай, бірнеше әліпби ауыстырса да жазба мәдени мұрасын өзімен бірге алып келеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауда сөйлеген сөзінде: «... ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп айтылған.

Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың айтылымға кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы, бір тілдің жазу заңдылығы екі тілдің жазу заңдылығына бағынуы әліпби өзгерту мәселесін алға тартты.

Келер ұрпаққа қазақ тілінің қадірін жоғалтпай,таза жеткізу бүгінгі ұрпақтың, әсіресе тіл саласында жүрген біздердің, басты міндетіміз деп білемін.

– Тіл маманы ретінде айта өтсеңіз, латын қарпіне көшсек қандай қиындықтар орын алуы мүмкін?

– Тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны бір басқа, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастаған екен. Біз өзге тілдегі сөздердің барлығын түсіне бермесек те, олардың дыбыстау әуеніне қарай француз сөзі ме, неміс, қытай, жапон сөзі ме ажырата аламыз. Ал бұрынғы қазақ сөйлегендегі әуені қандай еді?! Оны өзіміз қазақ болған соң білмеуіміз мүмкін, бұрынғы жазбаларды қарасақ: «Қазақтар сөйлегенде ән салып тұрғандай» деп жазып кеткен екен. Мұның бір себебі, мысалы, тілімізде сөз қос дауыссыздан басталмауы, бір дауысты-бір дауыссызды соңына ертіп, немесе бір дауыссыз бір дауыстыны ертіп, өзара үндесіп айтылуы, дауыстылардың сөзге ән беруі болса керек. Сондықтан да болар, бұрынғы аталарымыз кровать, бревно, стакан, стол, деген сөздердегі екі дауыссыздың ортасына, не сөз алдына дауыстыны қосып, керует, бөрене, ыстақан, үстел деп қазақы әндете айтса, бүгінгі ұрпақ айтылуында өзгеріссіз алынған осы сөздер, айналасындағы тыныштықты жағымсыз дыбысымен бұзып тұрғандай болады.

Латын әліпбиіне көшудің, әлбетте, кейбір қиындықтары болады. Дегенмен, қиындықсыз өтетін реформа да болмайды. Мәселенің маңыздылығы ондай қиындықтарды еңсеруді қажетсінеді. Еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де тиімді боларлық мәселенің шешілуіне байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасуда десек, сол ойлардың көпшілігі жаңа әліпби таңдауды қолдайды.

 

Ақбота САҚҰЛОВА

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев