Өнімді еңбек – өркендеу кепілі

8 сентября 2016 - Веб-редактор
article11623.jpg

Облыс бойынша жыл басында Индустрияландыру картасының шеңберінде 4,9 млрд теңгеге бағаланған төрт нысан пайдалануға берілді, 126 жаңа жұмыс орыны ашылды. Жалпы, жаңа жобаларды жүзеге асыруда астықты өңір республикада 11 орында тұр, ал инвестиция тарту жағынан сегізінші орында. Индустриаландырудың екінші кезеңінде жеңіл, тоқыма және тамақ, пластик өндірісі сияқты салалар үшін индустриялдық аймақты күшейту есебінен өндірістік қуаттылықты ұлғайту көзделген. 

 

 

Рудный қаласындағы құны 1 млрд 250 млн теңге тұратын «Лидер-2010» ЖШС-і сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығаратын цех өндіріс ауқымын ұлғайтты. Жақында жаңа бөлім іске қосылды. Соңғы үлгідегі технологиялық желінің басты ерекшелігі – сүт тағамдарының құнарлығын арттырып, сақталу мерзімін ұзартады.

 

 

Бұл дегеніңіз, өнімдерді алыс өңірлерге жеткізуге жол ашылады. Рудный қаласындағы «Лидер-2010» серіктестігі жылына 5 млн келіге жуық сүт өнімдерін өндіреді. Тауарлар Қазақстан бойынша 6000-нан астам сауда орындарында сатылады. 30% экспортқа шығарылады. Кәсіпорынның «Таң» сусыны бүгінде көпшілікке танымал. Ірімшік, сүзбелері де зор сұранысқа ие. Мұнда бар жұмыс автоматты түрде атқарылса да, әр процесс мамандардың жіті бақылауында.

 


Өндірістің кеңеюімен өнімділік 70% дейін артты. Қазір мұнда сүт тағамдарының 40 түрі шығарылса, алдағы уақытта ол 50 жеткізіледі және жаңа цехтан 30 адам тұрақты жұмыс тапты.

 


Әйгілі «Баян сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасы Ресейде өткен 23 халықаралық «Продэкспо -2016» көрмесіне қатысып, өз өнімдерін көрсетті. Әлемнің 65 елінің өнімдері қойылған тамақ өнімдерінің дәстүрлі көрмесінде дәмі тіл үйірер «BS Classic» шоколады, «Мичелада» карамелі, «Бота Шоколад&вафли» дражесі білікті мамандардың жоғары бағасын алды.

 


Биыл кәмпит цехында зефир өндіру бойынша желі іске қосылды. Зефир массасын дайындау Германияда өндірілген Hansa Industrie-Mixer фирмасының Compact Mix 700 жабдығында жүзеге асырылады.

 


«Арасан» Фирмасы» ЖШС жаңа зауытты іске қосқаны туралы жазған болатынбыз. Зауыт судан бөлек, шырын құрамдас сусындарды қосқанда өнімнің 28 түрін шығарады. Басты артықшылығы – құрамында табиғи йоды бар ауыз су шығаратын Қазақ-стандағы бірегей өндіріс орны. Бұл зауыттың негізгі жұмыстарын неміс мамандары басқарады. Олардың саны – алтау. Сондай-ақ, итальяндық, литвалық мамандар да қызмет етеді. Олар өндіріс цехының қызметін қадағалап, біздің жас мамандарға жұмыс жолын көрсетуде.

 


Евгения Петриченко зертханашы-технолог мамандығы бой-ынша жергілікті колледждердің бірін былтыр тәмамдаған. Жас маман жұмыс іздеп көп әуреге түспей, жаңадан ашылған кәсіп-орынға зертханашы болып орналасты. Бүгінде ол осындағы өз міндетін жетік меңгерген білікті мамандардың бірі.

 


– Біз бірінші кезекте өз тұтынушыларымыздың жағдайын ойлаймыз, – дейді зертханашы Евгения Петриченко. – Өнімнің тазалығын, құрамын зерттейміз. Көлемі мен салмағын өлшейміз. Яғни, шыққан өнімнің барлық стандарттарға сай болуын қадағалаймыз. Кішігірім болсын қателік кетсе, өз тұтынушыларымызды жоғалтып алдық деген сөз. Сондықтан, жүктелетін жауапкершілік ерекше.

 


Оның айтуынша, цехтағы жұмыстың барлығы автоматтандырылған, желінің іске қосылуы компьютердің көмегімен жүргізіледі.

 


Мұнда әр қызметкер тек өзінің жұмыс аймағына жауап береді. Мысалы, Зәуре Мусина – технолог:

 


– Мен цех жұмысының басталуын қадағалаймын. Сүзгіден өткен суды құрылғыларға жіберу, лабораторияға құйылған судың таза болуы да менің міндетім. Біз күнде 200 жуық сусын қалбырларын шығарамыз. Айтылғанға қоса, салқындатылған шайдың сегіз түрін өндіреміз.

 


Біздің зауытта заманауи неміс құрылғылары орнатылған. Солардың арқасында жұмысымыз жеделдеп жатыр.

 


Йодты сусынның өзі екі түрде өндірілмек. Пайдалы элементтердің тәуліктік межесі сіңдірілген бір жарым литрлігі ересектер үшін және ықшам ғана құтышалар балаларға арналады. Йод Чехия мемлекетінен келіп тұрады. Жер-асты қайнары арқылы алынатын ағзаға пайдалы суды өндіру, саудаға шығару аталған мемлекетте жақсы жолға қойылған. Келешекте екі ел зауыты серіктес, әріптес болмақ. «Арасан» Фирмасының» бұл жаңа өнімі ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелдерде де саудаланады деп көзделуде.

 


Кәсіпорын толық қуатына көшкен кезде бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 266 мың АҚШ долларына жететін болады. Сондықтан, жаңа өндіріс нысанында да басты екпін өнімнің сапасына қойылатын болады. Ашылғанына көп уақыт өтпесе де, кәсіпорын өнімінің сапасы жағынан да үздіктер қатарында. Оған дәлел Ресейдің Сочи қаласында өткен халықаралық көрмеден төрт сусын түрі алтын медаль әкелгендігі. Осы жылдан бастап зауыт өнімі көрші елге экспорттала бастады. Мамандар алдағы уақытта сусындарының таралу аумағын ұлғайтуды көздейді.

 


Еске салайық, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте аудан әкімі мен сала басшыларына ауданға ең бастысы инвестицияны көптеп тартуды қадап тапсырды. Сондай-ақ, индустрияландыру бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған нысандардың толық қуатпен жұмыс істеуін, сол сияқты жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандардың да уақытында тапсырылуына, қаражаттың уақытында игерілуіне баса екпін қою керектігін алға тартты.

 


Облыста соңғы үш жылда құны 121 млрд теңгенің 82 инвестжобасы жүзеге асырылды. Аталған жобалар бойынша бес мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар өнеркәсіп көрсеткіштеріне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 21% құрайды. Облыс аумағында автомобиль және металлургия өндірісі секілді жаңа салалар пайда болды. Мұның сыртында зығыр майын және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, терең өңдеу және сату жобасы әзірленіп жатыр.

 


Өткен жылға қарағанда облыс экономикасына 16% инвестиция кем салынғанына қарамастан, 2016 жылы өсім қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік тумақ. Жыл басынан бері орташа республикалық көрсеткіш 4,1% болғанда, біздегі өсім 10,6% жетті. Бұрын тек шикізат қана өндіріп келген Тобыл төсіне сырттан инвесторлар тарту арқылы ірі өндіріс ошақтары ел игілігіне айналмақ. Бұл өз кезегінде қазақстандық дамудың жаңа сатысын қалыптастыру жасалған сенімді қадам болмақ.

 


Нұрқанат ОМАРҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео