Астанадан ауылға 100 млн инвестиция құйылды

27 августа 2015 - Веб-редактор
article7675.jpg

Жангелдин ауданында 2011 жылы құрылған «Аянбай» шаруа қожалығы жемісті еңбек етіп келеді. Көкалат ауылынан жер алып, кәсібін көктеткен шаруашылық 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ берген 20 млн теңгеге алты асыл тұқымды бұқа, 68 бас ірі қара, бір МТЗ-92 тракторын, жүріп-тұруға қажетті екі жеңіл және бір жүк көлігін әкелді. Шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Әмірхамзинмен (суретте) сұхбаттасудың сәті түскен еді, соны назарларыңызға ұсындық.


– Талғат Қорғанұлы, мені қызықтырып отырғаны, шаруа қожалығының «Аянбай» аталу себебі.


– Шаруа қожалығын құрарда көп ойластым. Асқар тау әкемізбен кеңесе отырып, ұлы атамның есімімен атауды жөн санадым. Ол кісі өз заманында еліне сыйлы, жаны жайсаң, кісілігі мол азамат болған деседі. Шыны керек, жастайымыздан істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандарға қызыға қарап өстік. Әріге бармай-ақ қояйын. Ауылда туып, ес білгенге дейін топырағында аунап, бала күнінен ат құлағында ойнап, шаруашылықтың қыр-сырын белі қатаймай тұрып-ақ ұршықша дөңгелетіп әкете білген, зейнеткерлік жасқа дейін қай жұмыстың болмасын ыстық-суығына төзіп, бүгіндері бейнетінің зейнетін көріп отырған әкемнің еңбек жолы маған өмірлік өнеге. Бүгінде әкеміз тоқсан жасты алқымдап қалды.


– Туып-өскен жеріңіз Көк-алат ауылы ғой? Еңбек жо-лыңыз туралы да айтып өтсеңіз...


– Иә, Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Көк-алат ауылындағы Албарбөгет орта мектебінде 1984-1994 жылдары аралығында оқып бітірдім. Араға бір жыл салып, шамалы уақыт болса да қалаға үйренісіп қалған сыныптастарыммен ілесіп жоғары білім алу-ға аттандым. 1995 жылы Астана қаласына (бұрынғы Целиноград) келіп, Ақмола аграрлық университетіндегі экономика факультетінің бухгалтерлік есеп және аудит бөліміне ойдағыдай оқуға түсіп, 2000 жылы тәмәмдап шықтым. 2001-2003 жылдар аралығында Астана қаласының Қазынашылық басқармасында жетекші және бас қазынашы және ҚР Қаржы Министрлігінде Бас маман-аудитер болып жұмыс атқардым. Осыдан кейін ҚР ауылшаруашылығы Министрлігінің бюджет департаментіне бас мамандық қызметімнен ауысып, 2004-2005 жылдар аралығында ҚР Көлік және коммуникация Министрілігің азаматтық авиация комитетіне Бас бухгалтер-бөлім бастығы болып жоғарыладым. Жастығым да себепші болған шығар, ойлана келе, 2009 жылы мемлекеттік қызметтен жеке кәсіпкерлікке ауысып кеттім. «Торы-Қыпшақ» ЖШС құрып, араға екі жыл са-лып 2011 жылы туған ауылға атбасын бұрып, жер учаскесін сатып алдым. Мал шаруашылығымен айналысатын «Аянбай шаруа қожалығын аштым.


– Әкеңізді пір тұтып, ақыл-кеңесін тыңдап өскен бір інісі:

«Талғаты елге көңіл бөлген екен,

Буыпты, естісек сол, белді бекем,
Бәрі де Қорған аға ақылы ғой,
Қалаға орала ма елге бөтен», – депті. Ауылдың құмында аунап-қунап өскендіктен бе, араға он шақты жыл салып, туған жеріңіз Көкалатқа қайта оралуыңызға шынымен де не себеп болды?
– «Ер туан жеріне» дегендей, бір бүйіріміз туған ауыл бұрып тұратыны рас. Әрі туған ауылымның күнделікті тыныстіршілігінен хабардармын, оның құнарлы жер екенін, онда мал өсіру қай жағынан да болса да тиімді болатынын білемін. Аграрлық сектор мен ауыл адамдарының проблемаларын кешенді шешу мақсатында, Елбасымыз 2003-2005 жылдарды «Ауыл жылдары» деп жариялады. Ауыл шаруашылығын көркейту, кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіпті дамыту үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Осы игілікті шараларға арқа сүйей отырып, мен де мемлекеттен шағын несие алып, өз кәсібімді бастадым. Мақсатым – ауылға көңiл бөлу және оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы түсінетін менің азаматтық ұстанымым – ауылдық округ бойынша тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын ұсынып, түрлі мерекелік іс-шараларға демеушілік жасап, қайырымдылық көрсету және өз бизнесіме адалдық.


– «Аянбай» шаруа қожалығы ауылға қандай көмектер көрсетті?


– Бала күнімнен білемін, Көк-алатта Мейрам молда деген әкеміз тұрған үй бар еді. Сол үйді адамдар бұзып алуға қо-рыққанымен, осы уақытқа дейін мал сүйкеніп, сыртқы саман кірпіші мүжіліп, құлауға шақ қалған. Осыдан екі жыл бұрын соның сыртын сылатып, әктетіп, ағаш қоршаулармен қоршатып, мал сойып, құран оқыттық. Ауыл мешітіне азан шақыруға арналған дыбыстық құрылғы тарту еттік. Сондай-ақ, былтыр алтын ұя мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуына орай, өзім түлеп ұшқан алтын ұяға тұрмысқа қажетті бұйымдар тарту еттім. Кәсіпкер, туған ағам Мағжан екеуміз 120 тонна көмірді аудан орталығындағы «Оспанқожа әулие» мешітіне және өз ауылымның халқына тегін үлестірдік. Алла үйінде жастарға имандылықты насихаттап, адамгершілік қасиеттерін сіңіруге атсалысып жүрген ауданның бас имамының бір жылдық еңбекақысын өтеп отыруды өз міндетіме алып отырған жайым бар.


– Қалада жеңіл-желпі тірлік жасап немесе тіптен бос жүрген жастар көп. Оларды ауылға қайтара алмай жатырмыз. Сондай жастарға қандай ақыл айтар едіңіз?


– Қазір мемлекет тарапынан ауылға ерекше көңіл бөлінуде. Қиын кезеңдерді бастан көп кешірген ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартып, көркейтуге бағытталған іс-шаралар да аз емес. Мәселен, «Дипломмен – ауылға», «Жұмыспен қамту- 2020», «Сыбаға», тағы сондай айтулы бағдарламалар бар. Алайда бұл бағдарламалардың ауыл жастарын ұстап тұруға мұршасы жетпей тұрғаны да өкінішті. Ауыл жастары тек мал бағып, егін егумен ғана айналыспайды ғой. Олардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін бүгінгі өркениеттің өзге де игіліктері, мысалы, техника, технология тетіктері ауылға бармай, ауыл халқын күшпен ұстап тұру мүмкін емес шығар деп ойлаймын. Ауыл мен қаланың арасындағы жер мен көктей айырмашылық халықтың қалаға ағыла, үдере көшуіне жол ашты. Ауыл жастарын қаладан қайтара алмай жүрген себебіміз де осы болар.


– Еңбегіңіз өзіңіз ойлағандай бағаланып жатыр ма?


– Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Шаруа қожалығы ісінде пайдадан гөрі шығыстың көбірек болғанын жасырмаймын. Бастапқыда 15000 гектар, одан кейін тағы да 10000 гектар, сонымен бас-аягы 25000 гектар жер телімін 48 жылға жалға алдым. Алғашында «Аянбай» жеке шаруашылығын ашқан кезде 500 қой, сегіз жылқы сатып алған болатынмын. 2012 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мал ба-сын көбейтіп, техникалар сатып алдым. 2011 жылы Көкалатқа 150-160 адамдық дәмхана са-лып, оны анамның атымен атап, «Ажар» деп қойдым. 2012 жылы «Алия» атты аралас тауарлар дүкенін аштым. Сондай-ақ, 2014 жылы тағы 10 млн теңге несие алып, оған бүкіл техника жабдықтарын әкелдім. Ауыл орталығынан екі үй сатып алып отырмын. Қазіргі жағдайда «Аянбай» шаруа қожалығындағы мал-мүлкінің деңгейі 100 млн теңгеден асып жығылады. Бұл Көкалат ауылына Астанадан 100 млн көлемінде инвестиция келді деген сөз. «Аянбай» шаруашылық қожалығы 12 жан-ды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы еңбегіме орай, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан «Ерен еңбегі үшін» медалін алдым, Ауыл шаруашылығы министрі, облыс, аудан әкімдерінің мақтау грамоталарымен марапатталдым.


– Соңыңыздан ерген немесе өзіңіз баулып келе жатқан іні-бауырларыңызға нендей кеңес берер едіңіз?


– «Ауылым – алтын бесігім» демей ме?! Қазақтың түп-та-мыры ауылда. Сондықтан қазақ жастары қолдан келсе ауылдың жағдайын жасап, еліне жиі атбасын тіреп, бизнестегі аза-
маттар ауылға көбірек қаржылық көмек көрсетсе деймін. Осы ойымды іні-бауырларыма да үнемі айтып жүремін. Қазақ жастары ешқашан жалқаулық танытпай, шаршамай, нарыққа
ілесе алатын көшбасшы болса екен әрдайым. Өз басын ғана емес, халқын ойлайтын намысшыл қазақ көп болсын!


– Өткен шаққа сәл шегініс жасасақ. Бала күніңізде кімге еліктедіңіз? Арманыңыз не еді?
– «Армансыз адам – ормансыз бұлбұл». Біз де бала болып армандадық, жақсы-жайсаңдарға еліктеп өстік. Бес-алты жасар бала кезім, Кеңес өкіметі тұсында ауылдың ең құрметті азаматы – сол кездегі совхоз директоры болатын. Балалық пәк көңілмен директор ағайға еліктеп, әдейі қарнымды шығарып, қолымды артқа қойып: «мен директормын», – деп ата-анамды күлдіретін едім. Менің бұл қылығыма ата-анам мәз-мейрам болып: «біздің Талғатжан өскенде директор болады», – дейтін. Ата-анамның ақ тілегін періште қабыл етті ме, білмеймін, қазір міне, өз серіктестігімнің директоры болып жүрген жайым бар.


– Келешекте кезегін күтіп тұрған жұмыс жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...


– Кәсіпкерлік – жауапты іс. Нағыз кәсіпкер – ол өнертапқыш деп айтар едім. Сондықтан да бизнеспен айналысатын адамдар, осы көзқарас тұрғысынан әрқашанда өз мақсаттары-
на ұмтылады. Менің де өз жоспарларым, мақсаттарым бар. «Арық айтып, семіз шық» дейді халық. Жоспарларымды таратып айтпағаным дұрыс болар. Кәсіпкерлікті дамытудың басты тетігі нарықта нағыз бәсекелестік құрып, сонымен қатар еркін кәсіпкерлік үшін жол ашатын мемлекет игілігін де пайдалана білу. Осы негізде мемлекеттік «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына қаты-сып, мал басын әлі де болса көбейте түсу ойымда бар. Алланың қалауымен елге пайдалы жұмыстар жалғаса бермек.


– Біз игі істердің куәсі бо-лып жүрейік, сіз халықтың батасына кенеле беріңіз. Әңгімеңізге рахмет!


Жанар ЖҰМАҒҰЛОВА
Жангелдин ауданы

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео