Жер астындағы батыр

2 сентября 2016 - Веб-редактор

Қостанай өңірінде саналы ғұмырын кен өндіру ісіне арнап, абыройға бөленіп отырған азаматтар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – «ССКӨБ» АҚ еңбек ардагері, ІІІ-дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелігісінің иегері Төлеубай ҚАРАБАЕВ. 

 

 

Төлеубай аға Федоров ауданы, Кеңарал ауылының тумасы. Қосаралдағы сегізжылдық мектепті бітірген соң Қостанайдың Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатында білімін жалғастырады. 1972-1974 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген жас жігіт көп ұзамай Рудный қаласына қоныс аударады.

 


– 1975 жылда «Соколов» шахтасының ашылуына орай 9 айлық оқыту курстары басталды, – дейді еңбек ардагері. – Сондықтан өзім қатарлы жастар секілді мен де шахтер мамандығын меңгеріп алдым. Осылайша 1978 жылы комбинаттың жер асты кенішіне қазушы болып жұмысқа орналастым.

 


Төлеубай Қарбайұлы бұрғылаушы, кен шебері де болды. Бірақ 1996 жылы шахтаның электровозына отырған маман көптен бері іздегенін тапқандай болды.

 


– Ұлы Қытай философы Конфуций: «Жаның қалайтын істі табыңыз, сол кезде ешқашан жұмыс істемейтін боласыз» деген екен, – дейді ол. – Маған өз жұмысым қатты ұнайды. Өмір тағы да бір мүмкіндік берсе, еш ойланбастан қайтадан шахтер мамандығын таңдар едім.

 


Төлеубай аға электровозбен күніне 4-5 рейс жасап, қазып алынған кенді ұсақтау учаскесіне алып барады. Тіркелген тоғыз вагонның сыйымдылығы 120-130 тонна. Яғни, бір ауысымда әр машинст 600-700 тонна жүк тасиды. Шахтада күні-түні тынбай осындай 50 шақты элек-тровоз жұмыс істейтінін ескерсек, кәсіпорынның еңбек өнімділігі тікелей осы кәсіп иелеріне байланысты екенін аңғарамыз.

 


Жауапты қызметті еш мүлтіксіз атқарып келе жатқан комбинат ардагері өзінің білген-түйгенін артынан ерген жастарға үйретуден еш тайынған емес. Ол тәрбиелеген шәкірттер – бүгінде кен алыбының абыройлы мамандарына айналған. Міне, отбасында адал жар, қамқор әке бола білген өндірістің бүгінгі батыры осындай! Ол жер астында аянбай еңбек етіп, сол арқылы еліміз бен аймақтың өнеркәсіптік, индустриялдық қуатын арттырып, шахтер даңқын аспандатып жүр.

 


Қуаныш АЛДАН
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео