Әлеуметтің әлеуеті артып, ауыл ажарлана түсті

2 сентября 2016 - Веб-редактор

Ұзынкөлдіктер Конституция күнін ауқымды іс-шаралармен атап өтті. Орталық алаңда мерекелік концерт ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі болды. Ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталып, ел көлемінде өрбіген «Ақ орамал» шарасына ауылдықтар да үн қосты. 

 

 

Конституция күніне арналған шаралар аудан орталығында өтті. Ұзынкөлдік ағайын бұл мерекені асыға күтетіндері де рас. Алдымен, арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Ерекшелігі – мұндағы өнімдер жергілікті. Сәйкесінше, бағалар қолжетімді, сапасы жоғары. Аудан әкімі мерекелік жәрмеңкеге арнайы барып, сапа мен бағаны бағамдап, одан бөлек арнайы ұйымдастырылған көкіністер көрмесінің куәсі болды.

 


Айтулы мереке концерттік іс шарамен жалғасын тапты. Жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер шырқап жиылған қара -құрым халықтың көңілінен шықты. Ал аудан басшысы Ата Заңымыздың қабылданғанына 21 жыл толуының ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесімен орайлас келуі-ел тарихында айрықша орын алатын жағдай екендігін атап өтті.

 


Сондай-ақ, ауданның дамуына және оның тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтар марапатталды.

 


Бүкіл әлемде бейбітшілік орнатуды басты мақсат еткен өзекті бастама өз елімізде зор қолдау тапқаны мәлім. Ел көлемінде өрбіп жатқан «Ақ орамал» акциясынан ұзынкөлдіктер де қалыс қалмады. Жиынға қатысушылар сахна төрінде «Ақ орамалдың» өзі ауызбіршілікті насихаттап, достықты дәріптейтіндігін жеткізді. Акцияға атсалысқандар сынақ кезінде қаза тапқан және жапа шеккен боздақтар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

 


Мереке соңы велошерумен аяқталды. Конституция күні жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін мән маңызы зор іс-шаралар көптеп өткізілді. Себебі, ел болашағы жастар. Елімізді биіктерге жетелейтін де өскелең ұрпақ болмақ. Ұзынкөлдіктер осылайша Ата Заң күнін жоғары деңгейде думандатты. Мемлекеттік мерекенің мерейін асырды.


 

Ғали ОСПАН

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео