Қолдау қарқыны азайған жоқ

21 августа 2015 - Веб-редактор

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қомақты қолдау көрсетіліп жатыр. Түрлі бағдарламалар бекітілген. Солардың бірі – «Агробизнес – 2020» бағдарламасы.


Агроөнеркәсіптік кешенді өрістетуге мемлекеттен бөлінген несие бір жыл ішінде 10 пайызға көбейген. «Агробизнес-2020» бастау алғалы, үш жылда ауыл шаруашылығы саласына бағытталған жалпы несие көлемі 56 пайызға артып, 173 миллиард теңгеге жетіпті. Кейінгі бес жылды саралап қарасақ, берілген проблемалық агронесие көлемі жалпы көрсеткішке қарағанда анағұрлым азайған.


2013-2020 жылдар аралығында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік бюджеттен 3,12 триллион теңге қарастырылып отыр. Көктемгі науқан мен күзгі жиын-терім жұмыстарына, биылдың өзінде 100,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатты былтырғымен салыстырсақ, 16 пайызға көп. Бағдарламаның басты операторы саналатын «Қазагро» ұлттық холдингі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығын қолдау шараларын жалғастыра беруге ниетті. Бүгінде серіктес банктердің саны еселенуде (алдында төртеу еді, қазір сегіз). Бұл бағытта қаржыландырудың жалпы көлемі 33,5 миллиард теңгені құрап отыр. Жарты жылдағы көрсеткіштен қаражаттың 99 пайызы еңсерілгенін байқаймыз.


Холдингтің агроөнеркәсіптік саланы қаржыландыруына 2015 жылы республикалық бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінген. Оған қоса, биыл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 80 миллиард теңге аударылған екен. Құзырлы министрлік мамандары ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау мәселесі ұмыт қалмайтынын үнемі айтып жүр. Қой жылы саланы мемлекет тарапынан қолдау бағытында 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.


Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау ісіне кейінгі жылдары банктер де араласуда. Еліміздегі ірі деген 10 банктің агросекторға бөлген несиесінің жалпы көлемі былтыр 56 пайызға жеткен. Топ басында «Цеснабанк» тұр. Екінші сатыда «Казком», үшінші орында «Халық банкі».


Шағын несие ұйымдарының жұмысы екпін алғанымен, ауыл шаруашылығын қолдауға қомақты үлес қосып жатыр дей алмаймыз. Кейінгі бес жылда аталған ұйымдардағы несие қоржыны екі есеге қампайыпты. Осы қаржының өзі ауылдағы ағайынның ісін ілгерілетуге, кей-бірінің еңсесін тіктеуге бірталай көмек болуда. Айта кетейік, көптеген ауылдық жерлерде шағын несие ұйымдарының бөлімшелері бар. Қалай десек те, ауылды көтеруде аянып жатқан жоқпыз.

 

Есен САБЫР

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео