Бағдарламалар бағытты айқындауда

28 августа 2014 - Веб-редактор

Қарабалық ауданында жарты жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімдері 1802 млн теңгеге жетті. Былтырғы көрсеткіш 2149 млн теңгені құраған.

 

Ауданның жарты жылдағы есебіне қарасақ, ірі қараның саны 25 мыңға таяған. Өткен жылғымен салыстырғанда, қой, ешкі, құстардың көбейгенін байқаймыз. Алайда жылқы мен 
шошқа саны азайыпты. Аудан әкімі Алмат Исмағұлов оның себебін «шығынның ақталмауы, мардымсыз өнім» деп түсіндіреді.
 
Мұндағы мүйізді ірі қараның молаюына «Сыбаға» бағдарламасы септескен. Бағдарлама арқылы ауданға 1067 бас сиыр әкелу жоспарланылды. Қазір сол жоспардың жартысы орындалып отыр. Жыл аяғына дейін, кем дегенде, 95%-ын әкеліп алмақ. 
 
Қазіргі таңда тұқым асылдандыруға мың жарым сиыр жіберілген. Бұл – аудандағы барлық сиырлардың 18,2%-ы. Жыл соңына қарай осы науқанға қатыстырылатын мал басы 2100 (24%) болады деп күтілуде.   
 
Көктемгі себін жұмыстарын ойдағыдай өткерген диқандар бірер күндерде басталған жиын-терімге сақадай сай дайындалды. Осы жылы майлы және мал азығы дақылдары алқабы ұлғайтылды. Әйткенмен, шілде айындағы толассыз жауынның кесірі тимей қоймады. Әсіресе, Есенкөл, Бөрілі және Михайлов ауылдық округтеріндегі жағдай қиындау. Соған қарамастан, шаруалар қысқы жем-шөптің 30-40 пайыздайын дайындап үлгерді. 
 
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында, қаржылай сауықтандыруға қатысуға ауданнан жеті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қайта құрылымдау және қарыз мерзімін ұзарту туралы өтініш білдірген. Олардың қарызы 1 млрд 290 млн теңгені құрап отыр. Бүгінге дейін 492 млн теңгеге сұраныс түсірген үш өтініш қана қанағаттандырылған. 
 
Қарабалықтағы өндіріс орындарының жұмысы қарқын алып келеді. 2014 жылдың алты айында 1,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсеткен. Жылан жылындағы есептен 23% көп. 
 
– Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының көмегімен жалпы құны 9,1 млрд теңгені құрайтын бес инвестжоба іске қосылды. Оның төртеуі индустрияландыру кар-
тасына енгізілген. Жобалар жүзеге асырылған күннен бастап, 793 тонна тауық еті, 450 тонна мал еті өндірілді, екі мың абедин-ангус сиырлары сатылып алынды. Аталмыш бағдарламаның арқасында жетпіс адам жұмысқа орналасты, – деді аудан басшысы алты айлық жұмысын қорытындылаған жиында.  
 
«Манас» ЖШС базасында ет бағытындағы мың бас сиырға арналған асыл тұқымды шаруашылық құру жөніндегі жұмыстар басталып кетті. 119 млн теңгеге бағаланған жоба келер жылы пайдалануға берілмек. Қазірдің өзінде 223 бас ірі қара сатып әкеп қойды. 
 
Аудан шілде айына шейін 39 млн теңгенің өнімін экспорттаған. Оның 9,5 млн теңгесі ауыл шаруашылығы бойынша.
 
Есен САБЫР 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео