Алқапта – еңбек дүбірі

28 августа 2014 - Веб-редактор

Егінге орақ тигелі санаулы күн ғана. Өңір диқандары жауапты науқанға қызу дайындалды. 

 

Биыл Қарасу ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 688 086 гектар жерге себілді. Оның ішінде, бидай – 549 019, арпа – 56 756, майлы дақылдар – 32 844 гектар алқапты қамтыды.
– Дала жұмыстарын жүргізуге қажетті техникалар жеткілікті. Қазір 1 525 астық жинайтын комбайн, 700 жүк автокөлігі, 850 трактор қазірдің өзінде еңбек дүбірін қыздырып әкетті, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкері Тимур Булдин.
 
Маманның айтуынша, күзгі науқанға орай, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 2 500 тонна жанар-жағармай жеткізілген. Оның бір литрі 110 теңгені құрайды. Бұл – нарықтық бағадан жеңілдетілген жанармай отыны.
 
Биыл қарасулықтар әр гектардан 12 центнер өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ барлық алқаптардан 770 тонна астық жиналады деген болжам бар. Ендігі мақсат – осы жұмыстарды жоспарланған деңгейде орындап шығу.
 
Жалпы Қазақстанда биылғы дәнді дақылдар түсімі гектарына 11 центнерге жетеді деп болжануда. Ол турасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Соңғы ақпарларға сүйенсек, егін орағы еліміздің сегіз облысында басталған. Осы жылы дақылдардың барлық түрі 21,8 млн гектар жерге егіліпті. Оның жартысынан көбін алып жатқан дәнді және бұршақты дақылдар. Ал майлы дақылдар 2,3 млн, жемдік өсімдіктер 3,5 млн және мақта 129 гектар алқапты алып жатыр. Болжамға иек артсақ, ағымдағы жылы біздің шаруалар 17 млн тонна астық жинауы тиіс.
 
 
Жаңабай АХМЕТОВ
Қарасу ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео