Тазалық – иманнан

13 августа 2015 - Веб-редактор

Жалпы, Ислам шариғаты тазалықты екіге бөліп қарастырады: Жан тазалығы және тән тазалығы деп. Біз ең әуелі жан тазалығынан бастағанымыз жөн болар.


Қашаннан ардың тазалығын мал-мүліктің тазалығынан ар-тық қойған елдің ұрпағымыз. Бабаларымыздың: «Малым жа-нымның садағасы» дегені осы ардың тазалығын айтқаны болса керек. Себебі, іш таза болмаған жерде жасаған құлшылықтың да татымды жеміс бермейтіндігін меңзеп, данышпан Абай атамыз: «Шырайлан да таза ойла бір иманды, мұнапық намаз қылмап па, мағлұм ғой ол» деген. Сондықтан «Тазалық – иманнан» деген сөздің мәнісін беріден емес, әріден қозғап, имани тұрғыдан таразыласақ, тазалық ұғымының қаншалықты терең екенін түсінуге болады. Себебі, Жаратқан Иеміз, мына әлемді ерекше тазалықпен жаратқан.


Мына әлемнің болмысы ар-қылы өзінің теңдессіз сұлулығы мен құдыреттілігін паш еткісі келеді. Сол секілді өзінің кемшіліксіз тазалық иесі екенін де білдіргісі келеді. Яғни, Құранда «Әл-Құддуус» деп аталған көркем есімін сана иелеріне мына көзімізге көрінген керемет табиғаттың сұлулығы арқылы аңғартқысы келеді. Бұған мысал өте көп. Мәселен: микро әлемнен макро әлемге дейінгі аралықтың бәрі осы тазалықтың сән салтанатына толы. Көздің жауын алатын жерді жасыл желекке ораған жауқазын гүлдердің сұлулығы мен тазалығы, түнгі аспанның ажарына сән қосқан сұлу ай мен жымыңдаған жұлдыздардың тазалығы, теңіздің тамаша толқындарына қасқайып қарсы тұрған жартастардың өзіндік салтанаты мен тазалығы, мұхиттың тұңғиық түбіне дейін ұласқан кіршіксіз көркемдіктің бәрі-бәрі сайып келгенде, Алла Тағаланың көркем есімінің нұрының ұшқындары мен көлеңкесінің көлеңкелері ғана.


Жаратқан иеміздің «Әл-Құддуус» деген әсем есімінің шуағына бөленген болмыс атаулының кез-келгенінде осы тазалықтың нышанын байқауға болады. Мысалы: көздің аясын үздіксіз айнадай етіп тазалап тұрған кірпіктеріміз, қандағы ақ түйіршік пен қызыл түйіршіктің тазалық заңдылығына аса мән беруі, тыныс алу кезінде қанның бойындағы лас нәрселердің газға айналып дем шығару арқылы қанның тазаруы, құрлық пен судың ет жегіш жыртқыш аңдары мен балықтары тіпті шыбындар мен құмырсқа секілді жәндіктердің өзі осы тазалық заңдылығын бұлжытпай атқарғандығының арқасында осыну тазалыққа куә болудамыз.


Егер Құдайдың қойған тазалық заңдылығынан бір сәтке болмыс ажырайтын болса, онда анау көзге көрініп тұрған сыңсыған ормандар мен жердің үштен бірін алып жатқан мұхиттар адам қарай алмастай ластанар еді. Себебі, балықтар шашқан миллиондаған уылдырықтар тазалық талабына сай реттеліп отырмаса теңіздер адам түгіл, мал жануар мекендеуге жарамас деңгейде жиіркенішті ұйықтарға айналар еді. Егер орман-тоғайларға жауапты Микайл періштенің желді айдап, жаңбырды жаудырып жатқан қызметтерімен тазаланып отырмаса, ол жерлер жаныңды демалдыратын демалыс жайлары емес, адам шошырлық лас қоқыстарға айналған болар еді. Бізді есімізден адастырып өздеріне ғашық еткен сол сұлу, кіршіксіз тап-таза көріністер өте қорқынышты ұнамсыз бейнелерге ауысар еді. Ендеше көркем сөздің хас шебері Хз. Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Ән-Назафату миналь иимаан» (тазалық – иманнан) деп айтқан ұлағатты сөзінің алдында бас иейік.


Ал енді тән тазалығына келетін болсақ, бұл тақырып «ғылымхал» кітаптарының алғашқы тарауларында өте тамаша, бүге-шігесіне дейін жазылған. Яғни тазаланудың маңызын, оның жолдарын, тазартушы құралдарды, ауыр ластық пен жеңіл ластықтың ара жігін көрсетіп, түсіндіріп берген. Қасиетті Ислам шариғатының шарапаты сондай, тек ішімізді ғана емес, сыртымыздың да бүтіндігін қарастырған. Сондай-ақ, күнәлардың да рухани ластық болып саналатынын ұмытпайық. Егер күнә тез арада истиғфармен тазартылып отырмаса өте қауіпті нәтижелерге апарып соғуы мүмкін. Қалайша, бір адам бір ай жуынбаса қаншалықты жиіркенішті болатыны белгілі, сол секілді күнәлар да адамды рухани тұрғыдан жиіркенішті етеді.
Осынау ішкі-сыртқы тазалықты байланыстыра пайғамбарымыз: «Кімде-кім есігінің алдында өзен ағып жатса, күніне сол өзенге бес мезгіл жуынатын болса, ол кісінің бойында кір бола ма? Сол секілді, бес уақыт намазды оқыған кісінің де күнәлары осылай тазарады», – деген екен. Сондықтан Құран Кәрімде «Шындығын да Алла Тағала Тәубе қылғандар мен тазарғандарды жақсы көреді», – деген. Демек, тәубе қылу рухани тазару болып табылады.

 

Дайыр ДҮЙСЕН

 

comments powered by HyperComments

70_let_pobedi

 

Гвозди

Комментарии

 

Видео