Жүректерге ізгілік ұялатар шара

21 августа 2014 - Веб-редактор
article4643.jpg

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен, Марал Ишан мешіті, «Нұр-Қазақстан» қажылық команиясы, «Зекет» қоры бірлесіп, Еренғайып қожа Әбдіхалықов атындағы облыстық ақындар айтысы мен мүшәйра ұйымдастырды. Шара Бас мүфти Ерлан қажы Маямеровтың «Дін және дәстүр» деп жариялаған бастамасы аясында атқарылды.  

 

Ақындар өз бақтарын сынап көрмекке Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында бас қосты. Аудан-қалалардағы іріктеу кезеңдерінен өткен жиырма қатысушы мүшәйраға, он сөз шебері айтысқа түсті. Шараның ашылуында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек өңірде Ислам дінін өркендетуге байланысты атқарылып жатқан игі жұмыстарға қысқаша шолу жасады, байқаудың мәні мен мазмұны жайлы әңгімеледі.
 
Қазылар алқасының төрағасы ақын Ақылбек Шаяхмет жарыс ережесін қатысушылар есіне салып, ислам дінінің қоғамдағы орны туралы айтып өтті. 
– «Күніне тоқсан түрлі бәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деген қазақтың қара өлеңі бар. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан да бір Аллаға мойынсұну, исламның тазалығын тану сарындары байқалады. Қазақтың ақындары жаратушы Иені ауыздарынан тастамаған, – деді Ақылбек Қожаұлы.  
«Мекке елінде не ғажап қилы тағдыр қосылған, Алла алдында айыпты мың әрекет тосылған.
 
Адам ата, Хауа ана тұңғыш рет тірлікте, Дидарласып жүзбе-жүз көрі-сіпті осында», – деп Саудияға сапарында жыр жазған ақын Жолбарыс қажы Баязид те сөз алып, елді ізгілікке үндейтін бір топ өлеңдерін оқып берді. ҚМДБ «Зекет» қорының Қостанай облысы бойынша өкілі Жақсылық қажы Ғайсин ақын Еренғайып Әбдіхалықовтың адамгершілік қырларына ерекше тоқталды.  
 
– Мен Амангелді ауданында қызмет етіп жүрген жылдары Еренмен етене жақын араластым. Оған дейін де танитын едім, бірақ сол бір кезеңдерде сыйластығымыз ерекше артты. Жұмыс орныма іздеп келгенде, мен болмай қалсам, өлең жазып қалдырып кететін, – деп тебіренді Жақсылық қажы. 
 
Толқыныс пен тебіреніске то-лы сөздерден кейін жарыс басталды. Сөз барымтасына түскен бес жұптың ішінде тартысты өнер көрсеткен арқалықтық студент Батырлан Сағынтаев пен Қостанай ауданының жас түлегі Нұрсұлтан Қасым болды. Нағашы-жиен ретінде қағысып, қарымта жауаптарымен жұрт көңілін серпілткен екеуіне қа-зылар алқасы да алғыс білдірді. Нұрсұлтан: «нағашы жиенқұрық бермесең де, жолыңды беріп кетерсің» деп қалжыңдаған соңында. Батырлан: «Өмірде жиендікке жол болса да, өнерде жиендікке жол болмайды» деп ұтымды жауап қайырды. Сөйтіп, Батырлан бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Таран ауданының тарланы Мамай Ізтілеуге бұйырса, үшінші жүлдені Арқалықтың тағы бір ақыны Бағила Балмашева еншілеп қайтты. Ал, мүшәйрада Әскерхан Ақтайға бірінші орын берілді. Қостанай ауданының ақыны Аслан Қанғожин екінші орын алды. Торғайлық Байбатыр Ахметбеков, әулиекөлдік Абай Қажи, сондай-ақ қостанайлық Абылай Мауданов пен Нұрболат Мешітбаевтар да жүлдегерлер қатарынан көрінді. 
 
Жеңімпаздарға тағайындалған жүлделерді Амангелді Еренғайыпұлы мен Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітінің директоры Шейх Наджех Бкерат салтанатты түрде тапсырды.
 
– Бүгінгі кешті ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбекке, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық Ғайсинге және басқа да белсене атсалысқан бауырларымызға тек Алланың нұры жауа берсін! – деді «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының басшысы Амангелді Әбдіхалық сыйлықтарды тапсырып тұрып. Өнер додасына демеушілік еткен азамат бірқатар қажыларға да құрмет көрсетті. Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваға, «Зекет» қорының Қостанайдағы өкілі Жақсылық Ғайсинге өз компаниясы атынан «Құрметті қажы» алтын алқасын табыс етті. 
 
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұртшылықтың жүрегіне иман ұялатар осындай шаралар әлі де жалғасын таппақ.
 

Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ 
 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео