Ауызсу ағайынға жетті

18 августа 2016 - Веб-редактор
article11437.jpg

Бүгінгі таңда аудандар мен ауылдардағы көші-қонның тұрақталып, жастардың көптеп тартылуына мемлекет мүдделі. Сондықтан да, әр облыста өңірлердің дамуы бағдарламасы басқа да салалық жобалармен жемісті жүзеге асырылуда. Федоров ауданында «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде үш бірдей елді мекенге ауызсу тартылды. Соның арқасында екі мыңнан астам шаңырақ орталықтанған су жүйесіне қосылып, таза, сапалы суға қолы жетті. Бұл үшін мемлекет есебінен 1 млрд 669 млн теңге жұмсалған. 

 

 

«Ақбұлақтың» арқасында машақаттан құтылғандардың бірі Сәбитбек Тонтақаев. Көпбалалы отбасы бұрын ас-ауқат үшін қажет ауызсуды аудан орталығынан таситын. Бүгінде ол бейнет ұмыт болған. Таза су үйіне еніп тұрғасын, отағасы биыл бау-бақшасы алқабын кеңейтті.

 


– Бұған дейін тұрмысқа, бау-бақшаға қажетті суды орталықтағы калонкалардан таситынбыз, – деп бастады аудан тұрғыны Сәбитбек Тонтақаев. – Шелектеп тасып жатсаң да жетпейтін. Оның үстіне су бірде бар, бір де жоқ күндер де болып тұратын. Қазір, міне, өмірдің рахатын енді сезініп жатырмыз. Мемлекеттік өңірлерді дамыту және «Ақ бұлақ» бағдарламасының шарапатын кәдімгідей сезініп жатқан жайымыз бар. Судың бір кубы отыз-ақ теңге. Бұған да шүкір дейміз.

 


Бұған дейін су құбырынан алыс тұратын кейбір тұрғындар ауызсудың әр багын 30 теңгеден сатып алатын. Қазір елді мекендегі үйлер қаладағыдан кем емес.

 


«Ақбұлақпен» бірге ауданда құбыр құрылысына қажет темір-бетон бұйымдарын шығаратын жаңа цех пайда болды. Ол да мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асып отыр. Кәсіпкер Дмитрий Кузьминский «Бизнестің жол картасы» арқылы грант алып, осы цехты іске қосты. Онда бүгінде үш адам жұмыс істейді.

 


– Күніне кем дегенде он-он екі бұйым шығарамыз, – дейді бастамашы кәсіпкер Дмитрий Кузьминский. – Шығарылған өнімнің барлығы сұранысқа ие. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаның жақсы жұмыс істеп жатқанын көрсетсе керек. Меніңше, кәсіпкерлер мен мемлекет бірлесе жұмыс істегенде ғана халықтың әлеуметтік ахуалы жөнделеді.

 


Мемлекеттік бағдарлама үш жыл бұрын басталып, биыл толық аяқталды. Осы уақыт аралығында Федоров, Приозерный, Жаркөл ауылдарында екі мыңнан астам үй орталықтандырылған су құбыры жүйесіне қосылды.

 


– Тартылған желінің жалпы ұзындығы – тармақтарын қоса есептегенде 89,5 шақырым, – дейді Федоров аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің жетекшісі Евгений Зинченко. – Бүгінгі күні жаңа жеті ұңғыма кешені салынып, пайдалануға берілді. Үш елдімекен тәулігіне шамамен 1,5 мың куб су тұтынады.

 


Федоровтың тұрғындарын 20 жылдан бері әуреге салған ауызсу мәселесі осылайша оңтайлы шешімін тапты. Аудан орталығында енді жолдарды жөндеп, абаттандыруға баса көңіл бөлінуде.

 



Ералы ДОСЫБАЙ
Сурет ғаламтордан алынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео