Мемлекеттік қолдау және бәсекеге қабілеттілік

6 августа 2015 - Веб-редактор
article7499.jpg

Кейінгі жылдары мемлекеттің аграрлық салаға ерекше көңіл бөлуінің арқасында, өндірісте бәсекеге қабілеттілік артып, белсенді дамуда. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков агроөнеркәсіптік кешенді қолдау турасында «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтты.


– Мал өсіріп, егін егетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыру үшін субсидия, несиелендіру, жеңілдікпен салық төлеу сияқты мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі, – дейді министр өз сұхбатында. – Егін шаруашылығы саласын субсидиялау әртүрлі бағытта жүзеге асырылады. Мәселен, мемлекет өнім шығымын және сапасын арттыру үшін демеу қаржы төлейді. Жыл сайын көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім науқаны кезінде шаруалар жанар-жағармайды арзан бағамен алады. Бұдан бөлек, кейбір дақылдарға жеке субсидиялау тәсілдері қаралған. Жерді өңдеу және зиянкестерден қорғау үшін тыңайтқыштар, биопрепараттар сатып алуға да мемлекет көмектеседі. Мал басын асылдандыруға да айрықша назар аударылуда. Селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізген фермерлерге шығынын өтеу үшін қаражат бөлінеді. Қайта өңдеуші кәсіпорындарға да көрсетілер көмек аз емес. Оған қаржылай сауықтыруды, инвестициялық субсидиялауды, лизинг пен несиенің пайыздық мөлшерлемесін азайтуды қосыңыз. Займдарды кепілдендіріп, сақтандырып беретін де мемлекет.


Ведомство тізгіншісі тізген мемлекеттік қолдаудың барлығы саладағы көрсеткіштерді жақсартты. Осы тұста мал шаруашылығы бойынша мысал келтіре кетейік. 2011 жылы еліміздегі ірі қараның тек 5,6% ғана асыл тұқымды болатын. Ал, бұл бағытта даму үшін кем дегенде 10% асыл тұқымды болуы керек-тін. «Ірі қара етінің экпорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы, былтыр асыл тұқымды сиыр саны 585 мың басқа жетті, яғни 9,8% .


Жылма-жыл бөлінген қаражат көлемі көбейтілді. 2011 жылы агроөнеркәсіп кешенін алға бастыруға 68,6 млрд теңге еңсерілсе, биылға қаралған демеу қаржы – 177,3 млрд теңге. Осыған қарамастан, біздегі субсидиялау көлемі Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктестеріміз Ресей мен Беларусь елдерінен аз көрінеді. 2013 жылғы мәліметтерге иек артсақ, Қазақстанда ауыл шаруашылығын қолдау 4,3%, Ресей Федерациясында 6,7%, ал Беларусь республикасында 17% құраған. Көрсеткіш ауыл шаруашылығы министрлігін ойландырды. Енді сала басшылығы тиімділігі аз субсидия түрлерін қысқарту есебінен басқа пайдалы бағыттарды дамытпақ. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін министрлік аймақтарға арнайы схема сызып берді.
– Былтырғы жылы ет экспортын екпіндеттік. 2014 жылы Қазақстан соңғы жиырма жыл ішінде болмаған 12 мың тоннадан астам ет және ет өнімдерін экспорттады. 2013 жылмен салыстырғанда ТМД елдері нарығындағы мұздатылған сиыр етінің көлемі алты есеге артты. Бұрынырақта мұздатылған ет экспорты болмаған. 2015 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстан шекараның арғы жағындағы мемлекеттерге 2,2 мың тонна ет жөнелткен. Оның 80% Ресей нарығына барды, – дейді сұхбатында министр Мамытбеков.


Бірақ былтыр ет экспорты бойынша жоспар толық орындалмапты. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселенің басқа қырларын қарап, дұрыс шешім шығаруға күш салуда.
Айта кетейік, біздің еттен тек ТМД ғана емес, көрші Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, тіпті Парсы шығанағы елдері де ауыз тиіп отыр. Министрдің айтуынша, Қазақстан өз нарығын сиыр етімен қамтуға толығымен қауқарлы.


– Бірер жыл бұрын, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария жүйесін толығымен өзгертті. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті құрылды. Оның 18 облыстық және аймақтық, 197 аудандық еншілес мекемелері бар. Жергілікті атқарушы органдар жанынан мемлекеттік ветеринарлық ұй-ымдар құрылды. «Ветеринария туралы» заңнамаға өзгеріс енгізілді. Облыстық, аудандық, ауылдық округтер деңгейінде ветеринарлық көмек құрылымы жасақталды. Айта кеткен жөн, профилактикалық, аса қауіпті мал ауруларын диагностикалау және ликвидация жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілетін болды. Жануарлардың аса қауіпті індеттерімен күресу туралы эпизоотикалық жағдайға қарсы ветеринарлық шаралар жүргізу қағидаттары халықаралық сараптауларға сай қайта қаралды. Сондай-ақ Қазақстанда қолданылатын мал дәрілерінің сапасына талап күшейтілді. 2013 жылдың екінші жартысынан бастап, елімізде аусылға қарсы Good Manufacturing Practice (GMP) халықаралық стандартына сай келетін өте күшті вакцияналар қолданылады. Осы вакцинаның арқасында кейінгі жылдары бізде аусылдың тарауы байқалған жоқ, – дейді Асылжан Сарыбайұлы.


2013 жылы Астанада халықаралық эпизоотикалық бюроның (ХЭБ) тәртіптік кеңсесі ашылды. Ол ұйым Орталық Азия елдеріне жағдайына бақылау жасайды. Сол кеңсе жанынан вакциналар банкі құрылмақ. Сол жерден аусылға қарсы сапалы дәрілерді грант арқылы сатып алуға мүмкіндік тумақ. Министр бұл жөнінде тілге тиек еткен. Қазақстан мамыр айында Парижде өткен Ассамблеяда ХЭБ сертификатын иеленді. Бұл біз-дің өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға жол ашпақ. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, халықаралық стандарттардың бірі. Айтпақшы, мұның өзі біздің дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімізге септігін тигізді.


Мемлекет басшысы азық-тү-лік импортын азайту туралы аз айтып жүрген жоқ. Қазақстан бүгінде өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жетті. Ішкі нарықтағы 80% өнім өзіміздікі. 2014 жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, елімізде өнім өндірісі 2,9% көбейген және бірінші рет 1 трлн теңгеден асты (5 млрд доллар). Импорттың үштен бір бөлігін шай, пальма, кокос, жаңғақ майлары, какао сияқты Қазақстанда шығарылмайтын экзотикалық тауарлар құрайды.


– Мақсатымыз – елімізді бәсекеге қабілетті тауарлармен қамтамасыз ету. Оған жағдайымыз бар. Бұл бірінші кезекте астық, майлы дақылдар, мал өнімдері, көкөніс, кондитерлік өнімдер және тағы басқа да өндіріске және қайта өңдеуге байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеу бағытында он басымдықты анықтады. Олар өңірлерге бөлініп берілді. Оның ішінде, бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама арқылы да инвестициялық субсидиялар қаралған. Яғни, модернизацияға немесе жаңа кәсіпорынның құрылысы үшін тауар өндірушілерге жұмсалған қаржының 30%-ын мемлекет төлеп береді, – дейді министр.


Былтырдан бастап, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуына мемлекет көмектесіп келеді. Субсидияланатын өнімдер қатарына сүт пен қант қызылшасы бар. Аталмыш жоба 2014 жылы сегіз облыста жүзеге асырылды. Атап айтсақ: Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары. Субсидияға май, ірімшік, құрғақ сүт өндіретін кәсіпорындар қол жеткізді. Бұл бағытқа былтыр бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Осының арқасында, алдыңғы жылмен салыстырғанда, былтыр май өндірісі 16%, құрғақ сүт 24%, ірімшік өндірісі 15% ұлғайған. Биыл бұл бағдарламаның шапағатын барлық өңірлер көреді.


– Мемлекет басшысының тап-сырмасына сәйкес, шетелдік компаниялардың қатысуымен ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Министрлік 15 жобаның жоспарын қарап жатыр. Оның ішінде ет бағытындағы австриялық және германиялық төрт жоба бар. Жылына 17 мың тонна ет өндіретін кешен құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ жалпы қуаттылығы 90 мың тоннаны құрайтын үш құс фабрикасы салынбақ. Соның есебінен құс өнімдерінің импорты 50% азайтылады. Сүт және өсімдік майларын өңдейтін кәсіпорындар да бой көтереді. Бұл жобалардың жалпы құны шамамен 200 млрд теңгені құрайды.


Роза АМАНОВА,
аударған Асыл ҚАСЫМ

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео