Елордада облыс күндері өтті

10 августа 2017 - Администратор
article14534.jpg

Жуырда Астанада тамыздың бесі мен тоғызы аралығында Қостанай облысының күндері өтті. Оның аясында мәдени шаралар, спорттық жарыстар және өзге де бағыттағы шаралар ұйымдастырды. Оның алғашқы күніне облыс басшысы Архимед МҰХАМБЕТОВ арнайы барып, қатысып қайтты.

 

Өмірзақ Шөкеев, Қостанай облысының бұрынғы әкімі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты :

– 1998 жылы осы Қостанай облысының әкімі болып тағайындалған болатынмын. Сол уақытта 34 жасымда Елбасы аталмыш өңірдің тізгінін қолыма ұстатқан еді. Ол өз сөзінде, «сені, сенің қабілетіңді білеміз, Қостанай өңірі республикамыздағы дүркіреп тұрған облыстардың бірі. Сондықтан барлық күш-жігеріңді салып еңбектен» деген болатын. Әрине, өңірдің басшысы қызметі оңай болған жоқ. Ол уақытта айтарлықтай астықта болған жоқ. Мұндағы бірнеше талантты, қызметте адал азаматтардың жанына келіп, қоян-қолтық жұмыс істеп кеттік. Мен қызмет атқарған бес жыл ішінде біріге отырып, бірқатар жұмыстар атқардық. Сол уақыттарды ерекше толғаныспен еске аламын. Жақсы естеліктер қалды. Бүгінде Қостанай облысы туралы жаңалық айта бастаса, құлағым елең ете қалады. Себебі, өзім кезінде аяқтан тұрып кетуіне үлес қосқан өлкем. Қазіргі басшылықтағы Архимед Бегежанұлы облыстың дамуына бар күш-жігерін салып жүр. Сондықтан да өңір туралы үнемі жақсы жаңалықтар естіп, марқайып қаламын.

 

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Қазіргі таңда бүкіл әлем елордамыз Астанаға көзін тігіп отыр. Өйткені, үлкен шара «ЭКСПО-2017»  халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Осыған орай, Қостанай облысының да Астандағы күндері басталды. Еске салсақ, Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылғы 11-ші сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Сол мақала аясында көптеген жобалар қабылданды. Солардың бірі, «Туған жер» деген жоба. Оның мағынасы, сол өңірден шыққан көптеген азаматтар өзінің туып өскен өлкесіне көмек беріп, қол ұшын созуды қолдайтын жақсы бір бастама. Өткен жылы өздеріңіз білесіздер, «Көркейе бер, Қостанай» деген акция жариялаған болатынмын. Жалпы оның мағынасы да сол туған жерге сүйіспеншілік, азаматтық борышын өтеп, сондай демеушілік жасау. Осы орайда, көптеген жақсы мысалдарды келтіріп өтуге болады. Атап айтсақ, бірнеше азаматтар топтасып облысымызда игі істер атқарды. Ондай азаматтардың қатарында, өңіріміздегі ірі ауылшаруашылық саласын басқаратын  кәсіпкерлер қатысып, үлес қосты. Одан да өзге, Шақшақ Жәнібек бабамызға арналған ескерткіш салынып жатыр. Ол тамыз айында ашылады деп күтілуде. Және де биылғы жыл облысымыз үшін айтулы оқиғаларға толы. Бір ғасырға жуық уақыт бойы жат елде сақталған Кейкі батыр бабамыздың бас сүйегі өзінің туған жеріне тапсырылмақ. Осыған орай, Амангелді ауданы мен Арқалық қаласында үлкен іс-шаралар өтеді. Және де кесенесі бой көтеріп жатыр. Кейкі Көкембайұлының бас сүйегінің салтанатты жерлеу рәсіміне байланысты Елбасының басқармасымен, ҚР мәдениет және спорт Министрлігі басшылық жасап жатыр. Кесененің салынуына да үлкен күш салып жатқан адамдар да жеткілікті. Кесененің құрылысы аяқталуға жақын. Жоғарыда атап өткен акция жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатып, туған жерін, Отанын сүюге тәрбилеуге бағытталып отыр.

 

Ақбота САҚҰЛОВА,

сурет ғаламтордан алынды

comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии