Қасиетті қазаннан дәм татты

10 августа 2017 - Администратор
article14533.jpg

Таяуда Астаналық этно ауылда бірнеше іс-шаралар өтуде. Қостанайлықтар дүниежүзілік көрме аясында бірқатар жұмыстар ұйымдастырып, халық пен шетелдік қонақтардың басын біріктірді.



– Біз отбасымызбен, Елордадағы Қостанай облысының күндері аясында үлес қосайық деп шештік, – дейді қоғам қайреткері Жұмағали Арыстан. – Сол себептен, Қостанайдан қасиетті қазанды ала келдік. Оны қасиетті санауымыздың басты себебі, аталмыш қазаннан Елбасы Н.Назарбаев дәм татқан болатын. – Этно ауылда ұйымдастырылған шарада осы үлкен қазанға бауырсақ пісірдік. Сөйтіп, ондағы жиналған қауымға ұсындық. Мұнда әкелместен бұрын 22-ші наурыз күні Қостанайда Ұлыстың Ұлы күнінде осы қазанда наурыз көже пісіріп, таратылған болатын. Бұл үлкен ыдыста дайындалған астан дәм татуға келген адамдардың қатарында шек болған жоқ. Бұл бізге үлкен әсер етіп, осы шараны дәстүрге айналдыруға шештік. Мен бұл қазанды осыдан 30 жыл бұрын 21 жасымда алған едім. 1997 жылы Федоров ауданына Елбасы ат басын бұрып, сол қазанда ас пісірген болатынбыз. Міне, сол уақыттан бері жиырма жыл өтсе де киелі ыдыс өзінің қасиетін жоғалта қойған жоқ. Біз осы қазан және қазақтың ұлттық тағамдары арқылы татулықты, бірлікті дәріптегіміз келеді. Себебі, алғаш Елбасының өзі дәм татып, бата берген қазақтың қара қазаны бірнеше ауқымды шараларда халықтың басын қосады. Мысалға, наурыз көже дайындағанда қостанайлықтар мәз-мейрам болып дәм татса, әлем көз салып отырған дүниежүзілік «ЭКСПО-2017» көрмесінде халқымызбен шетелдік қонақтардың басын біріктіріп, бір қазаннан дәм таттырды. Болашақта бұл қасиетті қазан мұражайдың төрінде орын алады деген сенімдемін. Аталмыш қазанды әкелудегі екінші мақсатымыз – Астанаға ұлттық стильдегі шараларды дәріптеу болып табылады. Және де үшінші мақсат – біз осы қазанның темірінің үлгісін Теміртаудың металлургия институтына тастап кеттік. Мүмкіндік туып жатса, біз осы қазанның бірнеше көшірмесін жасауды қолға алмақпыз. Сол арқылы отбасылық құндылықты, татулықты дәріптеуді көздеп отырмыз.

Жұмағали Ерсұлтанұлының айтуынша, әр отбасының өзіне тән дәстүрлері болуы керек. Ол отбасы мүшелерінің басын біріктіріп, татулықта өмір кешулеріне септігін тигізеді.

– Біздің отбасымыздың ерекше өзіне тән, барлық отбасы мүшелері құрметтейтін дәстүрі бар, – дейді қоғам қайраткері. – Анамыз алғашқы келін болып түскен шағында картоптан ас дайындапты. Ол бірінші тамыз күні болған екен. Сол жоқшылық уақыттарында тамақ табу қиынға соққан. Анамыз бірінші келіндік күнінде қандай ас дайындарын білмей, бақшадан азғантай картопты теріп әкеліп, кешкі ас дайындап берген екен. Сол күн ол кісінің жадында қалып қойғаны соншалық, бірінші тамыз күні міндетті түрде картоп дайындап, отбасымызбен бас қосамыз. Бұл күн біздің ұлттық отбасылық мерекеге айналды. Мұндай мереке отбасының бірлігін нығайта түспек.

 

Ақбота САҚҰЛОВА,

сурет ғаламтордан алынды

comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии