Қыстың қамын жаз ойлаған қария

28 января 2016 - Веб-редактор
article9095.jpg

Суреттегі қария – сексенді алқымдаған Бұқарбай Қалиұлы. Еңбек адамы. Кешегі кеңес үкіметі тұсында бейнеттің бел ортасында жүріп шыңдалған. 

 

Бір күн үйде тыныш отырса, буындары сырқырап, денесі құрысады ақсақалдың. Қара жұмысқа әбден бейімделген қарт қолына айыр-күрек ұстамаса, сырқатынан айықпайтындай көрінеді. Балалары ер жетіп, шаңырақ көтеріп, әр қалада жұмыс жасап жатыр. Бұқарбай ақсақал қолындағы азын-аулақ малын күтіп-баптап, қысқы жем-шөбін өзі дайындайды. Қар кетісімен ескі тракторының май-суын жаңартып, шөп шабу науқанына сәуір айынан бастап дайындық жұмыстарын жүргізеді. Техника тілін жетік меңгерген қария тракторы далада бұзылса, бір сағаттың ішінде моторын ашып-жауып қайта іске қосып алады. 
 
Сөзі мен ісі келіскен қария маңдай терімен тапқан еңбектің берекеті берекелі болатынын айтудан жалықпайды. Бастаған ісін аяқсыз қалдырып көрген емес, соңына дейін жауапкершілікпен әрі ұқыпты аяқтағанды ұнатады. Құрал-саймандар жинайтын шағын цехы бар. Іші тап-тұйнақтай. Қажетті құралдарды іздеп әуре болмайсыз, әрқайсы өз орнында, реттік саны бойынша оңай тауып аласың. Не керектің бәрі осында. Темір жонатын екі станок тұр. Көршілерге де қолғабыс жасап, қолынан келген көмегін аяған емес. Кешегі күннің кермек дәмін татып, бүгінгі бейбіт заманның қазынасына айналған қария әлі күнге дейін жастарға ақылшы, жақын-жұрағаттарының жәрдемшісі болып отыр. Мен нағыз еңбек адамы деп осы кісіні айтар едім. 
 
Былтыр Торғай өзені тасып, шабындыққа шөп мол шықты. Бұл – елдің несібесі. Маусым айының басында шабындыққа орақ салғандардың алғашқысы Бұқарбай ақсақал болды. Жылдағы әдіспен, жанына батырмай, өзіне жайлы қарқынмен шөп шауып, шөмелелеп алды. Ақсақалдың айтуынша, өткен жылы шамамен 30 тонна шөп шауып шығыпты. Оның он тіркемесін өзіне түсіріп, екі жұмыскердің еңбекақысына он тіркеме шөпті теңдей бөліп берген. Артылғанын арзан бағада жергілікті тұрғындарға сатып, жанар-жағармайға кеткен шығын орнын толтырды.
 
– Ауданымызда шөп дайындаумен айналысатын шаруашылық құрылымдары, жекелеген кәсіпкерлер көбейгелі тұрғындар мал азығын сатып алатын болды, бұл халықтың әл-ауқаты тәуір екенін білдіреді, – дейді Бұқарбай қария. – Қалтасында қаржысы бар адамның қопада не шаруасы бар?! Мен шөп шабумен айналысқалы көп жылдың жүзі болды. Отбасыма азғантай болса да көмегім тисін деп жасап жүрген тіршілігім ғой, қарағым. Қарап отырған жанға кім шөп әкеп бере қояр дейсің. 
 
Кейіпкеріміз шөп шабу науқанына шығуға биыл да бекініп отыр. Оның еңбекке құштарлығы кім-кімді де еріксіз сүйсіндіреді. Ақсақал қанша еңбек етсе де шаршадым деп, ағайын-туыстың той-томалағынан, қуаныш-қайғысынан шет қалған емес. Қуанышты да, қайғыны да бөлісе білетін жан.
 
Торғайлықтар Бүкеңнің бұл қасиетін де жақсы біледі, құрметтейді.
 
Көптеген жылдар ауыл шаруашылығында тер төккен құрметті қария атақ-даңқтан еш дәмелі емес. Ол кісі ұстанымына берік, әділетсіздікті су қаны сүймейтін жан. Міне, нағыз еңбек адамына сай қасиет осы болса керек.
 

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
 
 
comments powered by HyperComments

70_let_pobedi

 

Гвозди

Комментарии

 

Видео