Туризм – табыс тетігі

4 августа 2016 - Веб-редактор

Ел экономикасын көтерудің бір жолы – туризм саласын дамыту. Ол үшін отандық демалыс орындары шетелдік шипажайлардан кем түспеуі керек. Сол деңгейге жетпесек те, оған жету жолы қарқынды даму үстінде. Бұл ретте Тобыл өңірінде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының көмегімен жергілікті туризмді өркендетуде белсенділік танытуда. 

 

 

Туризм саласын қолға алып жатқан кәсіпкерлерге соңғы жылдары мемлекет зор қолдау көрсетуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша гранттар және субсидиялар төмен пайыздық шарттармен несиелер берілуде. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің үйлесімі арқасында түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Осы орайда өңіріміздің сұлу жерлерін қонақтарға паш ету мақсатында, облыс орталығында арнайы экскурсиялық бюро жұмысын бастады.

 


– Кәсіпкерлерді бірыңғай қолдау гранты шеңберінде біз шетелдік туризм стандарттарына сай жұмыс бастап кеттік, – дейді экскурсиялық бюроның дирекоры Валерий Гумиров. – Бұл грантты ұтып алудағы мақсат - жергілікті туризмді дамыту. 25-тен астам жол бағдары тағайындалды. Олар: Науырзым қорығы, «Сосновый бор» шипажайы, сонымен қатар, өңіріміздегі өзге де тіркелген шаруа нысандары. Бюро қонақтарға Қостанай бойынша да экскурсия ұйымдастырады.

 


Сала мамандарының айтуынша, аталмыш саланы дамытуда «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің рөлі жоғары. Осы мақсатта Науырзым қорығында көрме ұйымдастырушылары халыққа ақпараттық тур өткізді. Бұл басқосуда халықаралық көрмеге атсалысатын еріктілердің дайындығы жайлы сөз қозғалған.

 


– Жалпы, осы жылға 2 млрд ақша көлеміне алты жоба жоспарланды, – дейді облыстық туризм бөлімінің басшысы Талғат Күтенбаев. – Оның екеуі орындалды. Олар қонақ үй кешендерін дамыту еді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы 600 млн теңгеге «Медеу» қонақ үйін жөндеуден өткіздік. Сонымен қатар «Зерттелмеген Торғай» жобасын дайындап жатырмыз және болашақта балаларға арналған туризмді қолға алу ойымызда бар.

 


Тобыл өлкесіндегі туризм саласын дамытуда жасалған жұмыстар аз емес. Экскурсиялық бюро демалушыларға барынша жағдай көрсету мақстында радиогид қондырғысын қолданады. Ол демалушы мен экскурсия жетекшісі арасындағы қарым-қатынас мәселесіне жауап береді. Радиогид – микрофон және құлаққаптан тұрады,әрі 100-150 метр қашықтығында жұмыс істейді. Бұндай қондырғы әзірге тек біздің өңірде ғана қолданыста бар. Игі істің бұл тек бастамасы ғана, әлі талай жоспарлар бар.

 


Ералы ДОСЫБАЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео