Мүгедектерге қамқорлық – әлеуметтің парызы!

4 августа 2016 - Веб-редактор

Жаз жадырап, күн күлімдегенде, білім беру мекемелеріндегі бала біткеннің бәрі демалысқа шығатыны мәлім. Үш ай бойы бой жазып, бос уақыттарын тиімді өткізуге тырысады. Біреулері ата-аналарымен бірге басқа қалаға қыдырып барады, енді біреулері ата-әжесін сағынып ауылға аттанады. Қалада қалып, қызықтан құр қалмайтындар да бар. Олар – лагерьлерде тынығатын оқушылар. Бірақ, бұндай бақыт барлық балаларға бірдей бұйыра бермейді. Әсіресе, мүмкіндігіне шек қойылған шәкірттерге. Олардың да оқудан тыс уақытын қызықты пайдалану үшін «Перекресток» қоғамдық қоры келелі кеңес өткізді.

 

 

Елімізде «Кедергісіз келешек» атты жарқын жобаның қолға алынғаны бәрімізге де белгілі. Аталмыш акция аясында кембағал кісілерге көмек көрсетіліп, олардың қоғамның тең мүшесі ретінде қалыптасуына қолдау көрсетіледі. Бұл игі шараның шарапатын, ешбір жасыратыны жоқ, ересектер көп сезінуде. Ал, кіші буын өкілдеріне жасалатын қамқорлық кенжелеп келеді. Мысалы, мүгедек мектеп оқушылары жазғы демалысында денсаулығына байланысты ешқайда бармайды.

 

 

Бүгінгі басқосуда осы мәселені ортаға салудамыз дегенді айтады жиын бастамашылары.

 


– Қостанай облысын есепке алмағанда, Қазақстан көлемінде кембағал балалар үшін ашылған демалыс базалары бірен-саран ғана, – дейді «Перекресток» қоғамдық қорының төрағасы Алексей Куликов. – Олардың өзі оқу аяқталысымен-ақ лық толады. Сонда, қалған мүмкіндігі шектеулі шәкірттер үйлерінде қалуға мәжбүр болады. Денсаулықтарында кінәрат болғанымен, олар да бала ғой. Олардың да ойнап-күліп, бой жазғылары келеді. Демалыстарын көңілді өткізуді көздейді. Осы мәселе шешілсе дейміз.

 


Төменгі толқын өкілдеріне қатысты түйіні тарқатылмай тұрған түйткілді қалай оң шешу керектігін ойластырған дөңгелек үстел қатысушылары кембағал кісілер мәселесіне байланысты қабылданған конвенцияға қосымша өзгертулер енгізу керек дегенді жеткізді. Олардың ойларынша, жарымжан жеткіншектер жазғы демалыстарын жалығумен өткізуде.

 


«Әртүрлі бала – тең құқық» деген ұранды ұстанған шара қатысушылары кемістігі бар кіші буын өкілдерін каникул кезінде зеріктірмеудің амалдарын ойластыруда. Дөңгелек үстел басында дым шешілмейтіндігін ұғынған ұйымдастырушылар даулы мәселені халық қалаулыларына тікелей жеткізбек ниетте. Осы мақсатта, облысымызға іс-сапармен келген Парламент депутаты Әлия Сапарова салмақты мәселені сөз еткен жергілікті азаматтармен кездеспек. Мәселе мұқият тыңдалады, ұсыныстар айтылады. Жамағат тілегі жоғары жаққа жеткізіледі.



Айдын ШӘЙКЕНОВ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев