Көрсеткіш көңіл марқайту керек

29 июля 2016 - Веб-редактор
article11251.jpg

Облыс әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВ «Шеминовка» ЖШС алқаптарында болып, Қостанай ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Егістік алқаптарының жай-күйі, алдағы жиын-терін науқанына әзірлік әңгіме өзегіне айналды. Жілікті мәселелер талқыланған бас қосуға шаруа қожалықтарының иелерінен тыс тоғыз ауданнан ауыл шаруашылығы мәселелеріне жауапты әкімдердің орынбасарлары да арнайы шақыртылды. 

 

 

– Қазіргі уақытта облыс көлемінде орақ науқанына дайындық жүргізілуде, – деді Архимед Мұхамбетов. – Элеваторлар астық қабылдау әзірлігіне кірісіп кеткен. Шаруашылықтар астықты сақтауға арналған аргентиналық қаптамаларды алып жатыр. Орақ науқанына техниканың 95% дайын. Алдағы тамыз айының екінші он күндігінде келе жатқан науқанға әзірлікті пысықтау үшін, облыстық ауыл шаруашылығы кеңесін өткізу жоспары тұр.

 


Жауын-шашынның мол түсуі астықтың қалың болып көтерілуіне өз септігін тигізді, әрине, алайда, ылғалдың шектен тыс мөлшері өз зардабын да көрсетуде. Алқаптардағы шіріктің көлемі артып, септориоз дерті дендеп тұр. Аймақтық инспекцияның мәлімдеуінше, облыс бойынша 497 мың гектар алқапты өңдеуден өткізген абзал. Шіріп кету қаупінде тұрған алқаптың көлемі – 186 мың гектар болса, септориоз жайлаған егістік ауқымы – 311 мың гектар. Мамандардың болжалды есептеріне нанар болсақ, орақ науқанында бұл көрсеткіштер еселене түсіп, 600-700 мың гектарға жетуі әбден мүмкін. Сондықтан да, алқаптарды фунгицидтермен өңдеуге жаппай кіріскен ләзім.

 


Тәжірибелі қожалық иелерінің айтуынша, зең ауруынан келетін зардаптың ауыртпалығы фунгицидтерге жұмсалатын қаражаттан қомақтырақ болары сөзсіз. Тек, дәл осы фунгицидтердің құны соңғы жылдары доллардың көрсеткішімен қатарласа өскен. Бұл өз кезегінде шаруаларға тіпті тиімсіз. Ауыл шаруашылығының арнайы маманы және шаруа Василий Кутцтың пайымынша, дерт дендеген алқаптардың шығыны келер жылы да байқалуы бек мүмкін, тіпті, егістік далаларының 60-70% жарамсыз болу қаупі де бар. Сондықтан, шаруа шіріктің алдын алу жұмыстарын мемлекеттік қолдауға сүйене отырып жүзеге асыру керек деген ұсынысын да айтты. Облыс әкімі ортаға салынған пікір-ұсыныстармен толықтай келісе отырып, шаруаларға қол қусырып отырмай, алқаптарды гербицидтермен өңдей бастауға кеңес берді. Келесі жылы облыс егістіктердегі дақылдарды сақтап қалуға бөлінетін қаражаттың көлемін арттыру туралы өтінішін Ауыл шаруашылығы министрлігіне білдірмек.

 

 

Василий Кутцтың айтуынша, қазіргі уақыттағы аспанды торлап алған тозаң тұтас облыс фермерлерінің көңілін күпті етіп отыр. Түнеріп тұрған қабаттан астық қажетті күн энергиясын сіңірмей жатыр, салдарынан құнарлығы төмендеп, қамырлылық та мәз емес болуы мүмкін. Оған қоса, шаруалардың барлығы орақ аяқталысымен астықты сатуға қарсы болып отыр. Олардың есептерінше, араға аз-кем уақыт салып, бағаның сәл көтерілгенінде өткізген ұтымдырақ.

 


Бас қосуға келген ғылыми институттардың мамандары өз кезектерінде алқаптардағы зиянкестерді улау мен орақтағы әдіс-тәсілдерге байланысты пікірлерімен бөлісті. Алдын алу шаралары жүргізілмеген алқаптардағы мүшкіл жағдай бірден көзге шалынатынын «Ж.Жиембаев атындағы өсімдіктердің қорғалуы және карантині қазақ ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Қостанай филиалының директоры Айгүл Олейник өз мысалында дәлелдеп берді:

 


– Өздеріңіз зер салып қарасаңыздар, астықтың бойындағы бірнеше дерттің бар екені байқалады: шіріктен басқа септориоздың және ақұнтақтың белгілер бар. Сол себепті, міндетті түрде фунгицидтермен өңдеуге кіріскен жөн. Алайда, бұл дәрмектің құны доллармен есептелетіндіктен, шығын да қомақты болады.

 


«Ауыл шаруашылығының механизациясы және электрофикациясы қазақ ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры Владимир Астафьевтің пікірінше, астықты жинау кезеңін бөлу арқылы, дақылдардың тез пісіп-жетілуіне мұрша беруге болады. Өйткені, облыс алқаптарындағы астықтың орналасуы әр қабатта, міне, сол себепті пісуі тиісті мерзімнен екі аптаға кешігуде.

 


«Шеминовка» ЖШС директоры Юрий Чеховский егістік далаларының күйімен, орақ науқанына өз жоспарымен бөлісті:

 


– Бұл жылы астықтың шығымдылығы былтырғыдан кем болмауы тиіс. Дақылдарды шығынсыз орып алуға бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған: 15 дана «Вектор» комбайндары, «ДонМар»-дың 13 дестелегіші, арнайы сұрыптау машиналары да бар. Әр комбайнның орақ науқанындағы атқаратын жұмысы орта есеппен 530 гектарды құраса, дестелегіштің еншісінде – 600 гектар. Орақты арнайы шауып алудан бастаймыз, бұл тәсілмен қожалықтың 80 пайыз егістігі жиналады. Астықты көлемі 20 мың тонна болатын арнайы қоймада сақтайтын боламыз. Орақ науқанын 20 күннің айналасында тәмамдауды жоспарлап отырмыз.

 


Орақ науқаны басталмас бұрын әр ауданның әзірлігін пысықтап алған абзал екенін атап өтті облыс әкімі.

 


– Астықты жинауда да, оны қамбаға құюда да нақты жоспар керек, – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов. – «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» дейтұғын халық даналығы астықты ерекше қадірлеуге шақырады. Сондықтан да, дақылдарды шашпай жинауды артық шығынсыз ұйымдастыруымыз керек.

 

 

Элеваторларды қалыпқа келтіріп, жанармайдың қорын әзірлеп, әр комбайнды сақадай сай ету міндеті тұр. Қазіргі жағдай бойынша, астықтың пісіп-жетілуі 10-14 күнге кешігуде, сәйкесінше, науқан басталысымен оны жинақы әрі қысқа мерзімде аяқтау керек. Аграрлық сала мамандары күзгі уақытта астықтың жартысын ғана төмен бағамен сатса, шығынды жауып, еңбеккерлердің жалақыларын төлеуге мүмкіндік туады. Ал, қалған жартысын көктемге дейін сақтап қойып, жақсы бағамен өткізуге болады.

 


Нұрқанат НҮСІПХАН,
Ляззат ЖОЛДИБЕКОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео