Көркейген өңір – келісті өмір!

29 июля 2016 - Веб-редактор

Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Осы орайда, облыс көлемінде орындалып жатқан оң істер мемлекетіміздің мейлінше дамуына даңғыл жол ашатындығы мәлім. Алға қойылған айқын мақсаттарды жүйелі жүзеге асыру жолында аймақ аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар аз емес. Мысал үшін, Әулиекөл ауданына қарасты Тимофеев ауылын көркейтудегі қызу тірлікті айталық. Аталмыш елді-мекенде кейінгі кезде тұрғындардың тәуір тұрмыс кешуін көздеген келелі бастамалар белсенді орындалып келеді. Селодағы сан түрлі саланы қай тұрғысынан қарасаң да, көз қуанып, көңіл семіреді. 


 

Аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Тимофеев елді-мекені бүгінде өңір бойынша қарқынды дамып келе жатқан селолар санатында. Іргетасы 1911-ші жылы қаланған ауылдың ахуалы кейбір аудан орталықтарынан асып түспесе, еш кем емес. Ғасырдан артық тарихы бар елді-мекен үшін ағымдағы жыл оқиғалы болды. Биыл – бұл ауылдың бой көтергеніне 105 жыл! Думанды датаны жергілікті жұрт жоғары деңгейде атап өтті.

 


Тимофеев ауылы – аймақ аумағындағы көне елді-мекендердің бірі болып есептеледі. Тарихпен бірге жасасып, талай кезеңдердің куәсі атанған. Соғыстың салқынын сезіп, тың игеру тұсында да ерен еңбегімен ерекшеленген елді-мекен. Сондықтан болар, мұнда еңбек ерлері едәуір. Солардың бірі – Социалистік Еңбек Ері Қабидолла Тұрғымбаев. Ауылдың 105 жылдық мерейтойында ел игілігі үшін қалтқысыз қызмет еткен елеулі тұлға құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Мерекелік шаралар легі осынау маңызды жиыннан басталды.

 


Мылтықсыз майданның майталмандары мол екенін мәлімдедік мұнда. Сол сияқты, селода соғыста ерлігімен көзге түскен батырлар да баршылық. Оқ пен оттың өтінде жүріп, жерін жаудан қорғаған жерлес жауынгерлеріміздің бірі – Кеңес Одағының батыры, Сергей Нечипуренко. Айтулы күн аясында оған да көше аты беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.

 


Мерейтойдың жалғасы жарысқа ұласты. Айтулы күн аясында өрбіген мерекелік бағдарламалар ауыл тұрғындарын ғана емес, алыс-жақыннан арнайы келген меймандарды да мәз-мейрам етті. Меңзеп отырғанымыз – келіндер бәсекесі. Ауылда тұрып, тәп-тәуір тұрмыс кешіп жатқан жеңгелер сайысы. Конкурс қатысушыларының сөздерінше, ауылда өмір сүрудің өзіндік артықшылығы бар.

 


1375 тұрғыны бар, 420 отбасы түтін түтетіп отырған Тимофеев ауылының күндік өмірінің көрінісі, қазіргі келбеті осындай. Өңір көркеюде, өмір сапасы сәт сайын сатылап көтерілуде.

 


Ералы ДОСЫБАЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео