Субсидия да бір дода

16 июля 2015 - Веб-редактор
article7289.jpg

Шілде айында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіптік кешеннің барлық саласындағы шаруаларға 7,8 млрд теңге субсидия таратып бермек. Қоса кету керек, биыл дотацияның кейбір түрлерінің көлемі молайтылған.

 

Шағын шаруалар да назарда

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған дейін елімізде субсидиялаудың жаңа түрі пайда болатынын хабарлаған. Құзырлы ведомство жаңа ереже шығарып, кейбір ұйымдарды да дотациядан үміттендірді. Мәселен, көкөніс өсіріп, сүт жинаумен айналысатындар қаржылық қолдауға қол жеткізе алады. Қазіргі таңда елдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы ұсақ шаруашылықтардың үлесінде. Олар қосымша құн салығынан босатылғандықтан, салық ауыртпалықтары тауар өндірушілердің мойнына жүктелген. Соның әсерінен дайын өнім қымбаттап кетіп жататыны жасырын емес. 

– Мемлекет бұл саладағы олқылықтарды реттеу жолында жұмыс істеуде. Енді дайындаушы мекемелер әкімдікте аккредитациядан өтулері шарт. Содан соң қосымша құн салығын субсидиялауға рұқсат алулары тиіс, – деген еді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Көшербаев. – Біз қашанда белгілі мөлшерде шаруа қожалықтарына демеу жасап келеміз. Мемлекеттік қолдау тоқтап қалмайды. Тек, қолда барды тиімді қолдана білуіміз қажет.
 
Мал шаруашылығын қолдау
 
Жиын-терім жұмыстарына дайындықты ерте бастау үшін, ауыл шаруашығы басқармасы дотацияны диқандарға маусым айында беріп тастағысы келген. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау ережесін тек 12-ші маусымда бекітті, ал ол күшіне 4-ші шілдеден бастап енді. Өңірдегі басқарманың басшысы Байбосын Мурзин өткенде жарты жылдықты қорытындылау отырысында әзірге 2,1 млрд теңгенің игерілгенін айтқан болатын. Оның ішінде, 328,1 млн – егін шаруашылығына, 1,4 млрд теңге – мал шаруашылығына және 314,6 млн теңге басқа да субсидия түрлері.2015 жылы өңірдегі мал шаруашылығын қолдауға Ұлттық қордан қосымша 547 млн теңге бөлінген. Осыған байланысты, аталған саланы субсидиялауға бөлінген бюджет қаржысы өткен жылғыдан 15% көбейтілді, яғни 4,1 млрд теңге. 
 
Субсидиялау ережесіне өзгерістер мен толықтырулар кіргізілгеннен кейін, Ұлттық қордан бөлінген қаржы мал басын асылдандыруға, селекциялық жұмыстарға жұмсалмақ. Бұған 347,5 млн теңге қаралған. Әр сиырға есептелген дотация мөлшері 18 мың теңгеден, сүт тауарлары фермаларына малазық дайындау, тасымалдау шығындарына 123,4 млн теңге бөлінген. Оның сыртында, құс шаруашылығымен айналысушыларға 74,6 млн теңге, шошқа өсірушілерге 1,5 млн теңге қаралған.
 
Шаруалар үшін тағы бір жағымды жаңалық. Мал шаруашылығына басым бағыт берілуіне байланысты, ереже толыққанды бекітілген соң, екінші жарты жылдықта мал, құс өнімдерін өндіруге берілер демеу қаржы көлемі де ұлғайтылады. Бұл қаражат жұмыртқа, сүт өнімдерінің, құс және шошқа етінің бағасын түсіруге көмектеспек.
 
Егін шаруашылығына екпін
 
Басқарма мамандары атап өткендей, кейбір салаларға субсидия көлемінің көбейтілуі ауыл шаруашылығы тауарларын өн-дірушілерін әртараптандыруға ынталандырады. Биыл, мал шаруашылығын дамытуға аударылып жатқан назар ерекше. Осыған орай, мал азығы дақылдарына бөлінген демеу қаржы гектарына 10 мың теңгеге дейін көбейтілді. Былтыр суармалы мал азығы алқабын субсидиялау қолданысқа енгізілген, яғни бір гектарына 60 мың теңгеден есептеген еді. Осы жылы оны 80 мыңға жеткізді. Бидайды субсидиялауды былтырғыдай қалдырды, гектарына – 300 теңгеден. Сондай-ақ майлы дақылдарға да субсидиялар берілмек. Рапс, күнбағыс, зығыр, қыша (горчица), арыш (рыжик) және соя өсірушілер де қолдаудан құр қалмайды. Бағбандарды қуантқаны – картопқа гектарына – 50 мың теңге, көкөністерге гектарына – 60 мың теңгеден берілетіні. Ал тамшылатып суару технологиясын қолданушы қауымға гектарына 90 мыңнан есептелінген.
 
Жарты жылда қырық пайыз
 
2015 жылы Қостанай аймағына инвестициялық субсидия бағдарламасы үшін 356 млн теңге бөлінген. Мамыр айының соңында, осыған байланысты комиссияның бірінші отырысы өткен. Онда жалпы құны 42,6 млн теңгені құрайтын 15 өтінішті қанағаттандырған. Бірақ, Қаржы министрлігі трансферттерді аудармағандықтан, үміттенгендер маусым айында ештеңе ала алмады. Енді олар мемлекеттік қолдауға шілде айында қол жеткіземіз деп отыр. Қайта өңдеуші кәсіпорындарға өндірістерін өркендету үшін қаралған 384 млн теңге тоқсан сайын бөліп беріледі. Жарты жылда 81,8 млн теңге игерілген, қалған 302 млн теңге қаржыландыру жоспары бойынша үлестірілмек. 
 
Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов шілде айында шаруаларға 7,8 млрд теңге субсидия таратылатынын тілге тиек еткен. Қазірге дейін ол соманың тек қырық пайыздайы ғана берілген.
 
Асыл ҚАСЫМ
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео