Индустрия мен инновация иірімдері

14 июля 2016 - Веб-редактор
article11078.jpg

Қазақстанның уақыт көшіне ілескен даму бағдарламалары әлемдік экономикалық қауымдастықтың тарапынан оң бағаға ие. Жаңалық пен ғылымды, технологияны, техниканы өндіріспен тығыз байланыстыру мақсатында Қазақстанда «Индустриалды-инновациялық даму» бағыты көзделген. Бүгінде біз үлкен мүмкіндіктері бар ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған алып мемлекетке айналудамыз. Мемлекеттің бәсекеге қабілетін көрсететін басты көрсеткіш – оның экономикасы. Экономиканың бәсекеге қабілетті болудың басты бағыты – индустриалды-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процесстерге бет бұру. 

 

 

Қазіргі қазақстандық экономикалық өсім шикізаттық бағыттан дайын өнім өндіру арнасына ауысуы қажет. Мәселен, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуіне сенер болсақ, дамыған индустриялы елдерде заман талаптарына сай технологияларды шығару, қоңсылас, тіпті алыс елдерге экспорт көлемін еселеудің есебінен ІЖӨ көлемі 95% құрайды. Бұл елдерде жаңа технологияларды енгізу нарықтық бәсекелестіктің өзекті факторы өндіріс тиімділігін арттырудың және тауарлар мен кызметтер сапасын жақсартудың негізгі құралы болып отыр. Қазіргі уақытта ғылымды көп қажетсінетін отандық өндірісті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді алуға бағдарланған ғылымды көп қажетсінетін жаңа технологияларды және ақпараттық технологияларды әзірлеу мен игеру республиканың өнеркәсіп пен ғылыми техникадағы әлеуетін сақтау мен дамыту есебінен ұлттық экономикалық кауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.

 

 

Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты инновациялық үдерістерді жандандыруға, жаңа технологиялық құрылымдарды енгізуге өнеркәсіптегі жаңа қайта бөліністерді игеруге, ұлттық ғылыми-техникалық әлеуетті жандандыруға, ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жоюға, индустриялық қызметті ынталандыруға, озық шетел технологиясының нақты трансферті мен халықаралық стандарттарды енгізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Ғылыми техникалық салада кәсіпкерлік секторды қалыптастырмай инновациялық қызметті дамыту мүмкін емес. Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған бүгінгі жаһандану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие. Дамыған елдердің экономикасының үздіксіз алға басуы инновациялық қызметті үнемі қолдап, қуаттайтын және ынталандыратын саясаттың арқасында мүмкін болып отыр.

 


Жалпы, Президентіміздің өзі тікелей ендіріп отырған индустриалды-инновациялық саясаттың басты мақсаты шикізаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететін экономика салаларын инновациялық технологияларды ендіру жолымен мемлекеттің тұрақты дамуына қол жеткізу екені мәлім. Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында еліміз мүмкіндігінше тез осы жүйеге көшу керектігін атап өтеді. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында сервистік-технологиялық экономикаға өту үшін жағдай жасау керектігін де айтқан болатын. Жалпы, индустриалды-инновациялық саясат бойынша өңдеуші өнеркәсіптер және қызмет көрсету салаларында бәсекеге қабілетті және экспортқа негізделген тауарларды, жұмыстар және қызмет көрсетулер өндірісін дамыту мәселесі ең бірінші орынға қойылады.

 


Президентіміздің жемісті еңбегінің арқасында еліміз дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Бүгінгі таңда Қазақстан күрделі экономикалық және саяси міндеттерді табысты шешуде басқа елдерге үлгі болатын деңгейге көтерілді. Ендігі уақытта Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің көшбасшылығына ұмтылуы заңды құбылыс. Өйткені, еліміздің экономикалық әлеуеті мен қоғамдағы саяси тұрақтылық, демократияның дамуы оған мүмкіндік беріп отыр. ХХІ ғасыр – білімнің, ақпараттың жаңа технологияның өрістеу ғасыры. Білімнің, ғылымның бәсекеге қабілеттілігі бұл күнде көптеген мемлекеттер үшін көкейкесті мәселе болып отыр.

 

 

Озық ғылыми-техникалық инфрақұрылымсыз және кәсіби шеберлігі жоғары білімді кадрларсыз, жаһандану талаптарына сәйкес даму мүмкін емес. Осы мақсатта отандық ғылым мен білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет – білім мен ғылымды халықаралық деңгейге көтеру. Экономикамыздың жаңа даму кезеңіне өту процесі халық шаруашылығының нақты секторын, әсіресе, ең басты саласы болып табылатын индустрияны қайта құру мен дамытуда маңызды да сапалы өзгерістер енгізумен басталды. Аталмыш кезеңде индустриялық өнімдер өндірісінің артуы осы сала құрылымындағы жағымды өзгерістермен байланысты болды. Дәлірек айтсақ, мұнай, газ, қара және түсті металлургия мен азық-түлік және текстиль индустриясы өнімдерін өндіру және өңдеуге қатысты салалардың салмақ үлесі айтарлықтай мөлшерде артты.

 


Өзіміздің өңірге оралсақ. Облыстық әкімдіктің берген мәліметтеріне сай, Қостанай облысының индустрияландыру картасына 88 жоба еніп отыр. Бұл берекелі бастамаларға бөлінген инвестиция көлемі де қомақты – 431,7 млрд теңге. Сәйкесінше, сегіз мың жаңа жұмыс орындарын ашудың қайнары – осы. Жіліктеп айтқанда, 31 жоба индустрия саласын қамтыса, 57 жоба агроөндірістік кешеннің ілгерілеуне бағытталған.

 


Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, 2010-2014 жылдар аралығында құны 115,8 млрд теңге болатын 77 нысан іске қосылып, 4753 жаңа жұмыс орындары пайда болған. Мұның ішінде 22 нысан индустрия саласында, құны – 73,2 млрд теңге. Ал, агронөндірістік кешен бойынша 55 жоба ел игілігіне тапсырылып, 2043 адам жұмыспен қамтылған.

 


Өңіріміздегі индустрияландыру картасы жобасының негізінде бірқатар өндіріс ошақтары сәтті іске қосылған: төрт көлік жинау алаңы, комбайн құрастыратын зауыт, ауыл шаруашылығы техникаларын қадағалау мен жөндеуге арналған сауда-қызмет көрсету орталықтары, полиэтиленді құбырларды шығаратын екі зауыт, уақыт талабымен санасатын жабдықтармен қамтылған үш ет өңдеу кешені, италияандық технологияның негізіндегі макарон цехы, негізгі жұмыстарының тетіктері компьютермен басқарылатын алты сүт-тауарлық фермасы, үй-құрылысы комбинаты және алуан салаларда қызу жұмыс істеп жатқан өндіріс ошақтары серпінді дамудың негізгі қозғалтқыштарына айналаған.

 


Аталмыш бағдарламаның аяқ алысы әр жылы әр деңгейде болғаны анық байқалады. Мысалға, 2012 жылы құны 20,8 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Естеріңізге сала кетсек, Қостанай қаласындағы автокөлік шығарудың алғашқы қарлығаштарының бірі осы жылы қанат қаққан еді, ESSIL КЗС-740 атты астық оруға арналған комбайндарды құрастыру және жол жөндеу жұмыстарын қарқындата түсуге арналған кешенді шығаратын зауыт та он екінші жылы іске қосылды. Ал, 2013 жылы қарқын сәл бәсеңсіп, 11 инвестициялық жоба жүзеге асқан.

 


Елбасының сөзіне қарағанда, 2017 жылға дейінгі қабылданған Мұнай және газ секторын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, елімізде мұнай өңдеу 17,5 млн тоннаға, мұнай тасымалы 98 млн тоннаға жетуі тиіс. Газ өндіруді жылына 35 млрд текше метрге жеткізу міндеті де бар. Мұның барлығы экономика үшін аса маңызды салалар екеніне тоқталған Елбасы осы бағытта білікті кадрларды даярлаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, білікті кадрлар ең алдымен индустрияландыру сұранысының талаптарына жауап беруі тиіс. Соған орай, Білім және ғылым министрлігі мен барлық өңірлер алдында білікті мамандар дайындау міндеті тұр. Қазірдің өзінде сұранысқа ие 20 мамандық пен 9 оқу орны анықталған. Түйіндей айтқанда, 2015-2019 жылдары жүзеге асырылатын индустрияландырудың екінші кезеңі экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады. Сонымен қатар, 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен әлемнің 30 дамыған елі қатарына кіру мақсатының маңызды құралына айналып отыр.

 



Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео