Түсіністік пен келісім жолы

7 июля 2016 - Веб-редактор

Таран ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасын іске асыру мақсатында білім беру мекемелерінің қабырғаларында демалыс мезгілінде ұйымдастыру жүзеге асуда. 

 

 

Аудандық тілдерді оқыту бөлімі мамандарының айтуынша, білім мен тәрбие – адамгершілігі мол тұлға қалыптастырудың қос қанаты. Білімді, ой-өрісі кең, салауатты, әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі қоғам алдындағы тұрған басты мәселелердің бірі. Жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды дарыту арқылы өнегелі тәрбие нәрін сіңіру - ұлағатты ұстаз қауымы қызметінің басты бағыттарының бірі. Оқушылардың икемділігіне қарай шығармашылық қабілеттерін дамыту, мүмкіндіктерін зерттеп тану қажеттілігінен «Мың бала» жобасы туындады. Екі апталық курс барлығы 48 сағатты қамтиды екен. Мектеп басшыларының ұсынған мәліметтері бойынша, Таран ауданы көлеміндегі 23 мектептің қабырғасында 60 топ ұйымдастырылып, 801 бала қазақ тілінен дәріс алады деп жоспарланды. Соның ішінде 265 қазақ ұлты өкілі болса, 536 өзге ұлт өкілдері екендігін атап өту керек. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілге деген құштарлықтың арта түскенін көрсетпек.

 


Тілдерді оқыту орталығының басшысы Ақтолқын Кафизованың мәлімдеуінше, жоба қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын бойына сіңіру мүмкіндіктерін көздейтінін айтып, бұл игілікті бастама тұрғысында толығырақ баяндады:



– «Мың бала» жобасының бағдарламасы «мәдени-тілдік бой үйрету» халықаралық тәжірибесінің нәтижелерін ескере отырып құрылғандықтан, барлық қатысушылардың мәдени және тілдік ортаға толығымен ұйысуына мүмкіндік береді, мемлекеттік тілде фильмдер, мультфильмдер көреді, шығармашылық жобалар қорғайды, театрландырылған қойылымдар көрсетеді, конкурстарға, сайыстарға қатысады. «Бұл жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже, қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық нормаларды меңгерту арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, сауатты сөйлеу жүйесі жетілдірілген тұлға қалыптастыру болып табылады.

 

 

Осындай тілге деген жағымды іс-шаралар көп болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деген сенімдемін.

 


Жоғарыда атап өткеніміздей, ауданның білім ошақтарында арнайы курстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ауқымды бастаманың аяқалысына оң септігін тигізбек. Б.Майлин атындағы Таран орта мектебі де назардан тыс қалған жоқ. Үйірме жетекшісі Айгүл Төлеубаеваның сөзіне сүйенсек, жазғы демалыста мектеп ішіндегі «Тіл мектебі» үйірмесі маусым айының 15-нен жүргізілді. Танымдық тілашар үйірмесіне 12 оқушы қатысқан екен.

 


– Жазғы курстардың бағдарламаларының мазмұнына тоқтала кетсем, «Өзім туралы», «Менің мекенжайым», «Менің отбасым» тақырыптары бойынша слайд, тірек сызба арқылы оқушыларға жан-жақты мәлімет беруге тырыстым, – дейді үйірме жетекшісі Айгүл Төлеубаева. - Оқушылар өз отбасы жайында кластер арқылы әңгімеледі. «Менің бос уақытым» тақырыбы бойынша шағын эссе жазып, оқыды. Интерактив тақта арқылы балаларға ұлттық киімдер, аспаптарды слайд бойынша көрсеттім. Ал, Қазақстан Республикасының рәміздері күні бойынша – оқушыларға рәміздер және олардың авторлары жайлы мәлімет бердім.

 

 

Оқушыларды екі топқа бөліп, интеллектуалды ойын өткіздім. Мен мұнымен шектелмей, көрнекілік құралдарды, жаңа технологияларды қолдана отырып, ұйымдастырған басқа да курстың аясындағы сабақтарды барынша қызықты өткізуге тырыстым. Сайыстар соңында жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Жалпы, қатысушылар белсенділік танытып, өзара бәсекеге түсу арқылы қосымша білім алды деп есептеймін.

 


Ұлы Дала елінің дабысын дүние жүзі естуі үшін, мемлекеттік тілдің мәртебесін сәт сайын ел болып ұйысып, ұлықтай түсу – әр азаматқа басты парыз!

 

 


Ділдә МҮКЕЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео