Әлеуетті әскери клубтар

7 июля 2016 - Веб-редактор
article10991.jpg

Қазақстанның болашағы – жастар. Ал, сол жастардың жалынды да жігерлі, қырағы да қайсар болып қалыптасуы шарт. Ұландардың бойына ұлтжандылық қасиетті ұялату тұрғысында Тобыл топырағында әскери-патриоттық клубтар арасында слет өтті. Тамылжыған табиғат аясында тынығып, таза ауамен тыныстап, өз шеберліктерін көрсете білген клуб мүшелеріне арналған ауқымды шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 

 

 

Отан алдындағы өз борышыңды өтеу үшін он сегізге толуды тосудың қажеті жоқ. Әскер қатарына енуге әлі ерте болса, есесіне, күш-қуатыңды көрсетіп, жігеріңді жанитын әскери-патриоттық клубтың мүшесі болуға мүмкіндік мол қазір. Осындай арнайы жасақта жаттығып жүрген жастар қала сыртына шығып, табиғат аясында бас қосты. Мұнда әскери тәрбиені ту еткен, батылдыққа баулитын, патриотизмді насихаттаған ауқымды жиын өтті.

 


– Жастардың жалынды, елінің берік ертеңі болып қалыптасуы қазірден басталмақ, – деді Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшысы Мирлан Қызылов. – Осындай игі шаралардың ұйымдастырылуы жыл сайынғы дәстүрге айналған. Маңыздылығы – жастарды өзара жарыстыра отырып, қайрат-жігерлерін жану. Елжандылықтың дәнін егу бүгіннен басталады.

 


Басқосу барысында болашақ отанқорғаушылар өздері білетін бірқатар әскери оқу-жаттығу үлгілерін үгіттеді. Ширақтық пен шыдамдылықты талап етер армия өміріне олар осы бастан төселіп алғандай көрінеді, бір қарағанда. Өткзіліп отырған жиынға ойдағыдай дайындықпен келген жас сарбаздар кездесуге келген қонақтар мен жиналған жамағатқа жекпе-жек ұрысының әдіс-тәсілдерін көрсетті.

 


– Мен «Сармат» әскери-патриоттық клубының мүшесімін, – деп сөз бастады «Сармат» әскери-патриоттық клубының мүшесі Ангелина Ковальчук. – Маған әскерилердің өмірі, жауынгерлік форма өте қатты ұнайды. Өмірімді осы саламен байланыстырғым келеді. Оқуымды тәмәмдап, әскери қызметте істеу үшін қазірден бастап дайындалып жүрмін. Ел қорғау тек ер азаматтардың ғана міндеті деген – қате пікір. Қарулы күштер қатарында қайсар қыз-келіншектер де жетерлік.

 


«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын жырлағандай, жасақ жетекшілері өз шәкірттерінің жерге қаратпасына, берілген әрбір тапсырманы түгелдей орындап шығарына зор сенім артады. Жастарға жалғыз жетекшілері ғана емес, жалпақ жұрт үлкен үмітпен қарайды. Кешегі бозбала – бүгін жауынгер. Шекара шебін күзетіп, тыныштығымызды қоритын да – солар. Сондықтан, ертең ел қорғайтын ерлердің еңсесі тік болуын бүгіннен бастап қолға алуда аға буын.

 


Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген автор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео