Шарапатты шағын бизнес

4 июля 2016 - Веб-редактор
article10926.jpg

Қазыналы Қостанай өлкесін мекен еткен халықтың тұрмысын тұрақтандыруға шағын және орта бизнес нысандары іргелі өнеркәсіп ошақтарымен қатар үлес қосуда. Бұған әрқайсысы ондаған тұрғынға жұмыс орнын ашып отырған кәсіпорындар мен сауда орындарының да қосып отырған үлесі зор.

 


Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъектілерінің арасында сауда-саттықтың үлесі басым. Қала тұрғындары «15-дүкен» деген атпен білетін сауда орталығында қазір жүзден астам адам еңбек етуде. Құрылғанына ширек ғасыр болған бұл ұжым дайын өнімді сатумен ғана шектелмей, соңғы жылдары ұн өнімдерін өздері шығарумен де айналысып келеді.

 


– Озық технология арқылы дайындалған өнімге қала тұрғындары тарапынан сұраныс мол, – дейді кәсіпкер Қапиза Махмұтова. – Бұл жетістікке мемлекет тарапынан жасалған жәрдем арқылы қол жеткіздік. Бірер жылдар бұрын ұнды диірмендерден сатып алып, зор шығынға бататынбыз. Қазір, міне, мемлекеттік көмектің арқасында алға адымдап келеміз. Яғни, бір сөзбен айтқанда, дайын өнімге қажетті шикізатты өзіміз өндірудеміз.

 


– Бұл сауда орталығының өніміне қашан да сұраныс мол екенін өз көзімізбен көріп жүрміз, – дейді қала тұрғыны Хадиша Шаймерденова. – Меніңше, мемлекет тарапынан қарастырылып отырған көмекті тиімді әрі сауатты пайдаланған кез келген кәсіпкер белгілі бір дәрежедегі жетістікке жетері сөзсіз.

 


Қаладағы жеміс шырындары мен сусын шығаратын «Арасан» кәсіпорнының ашылғанына көп бола қоймаса да қол жеткен табыстары мол. Мұнда орнатылған шетелдік құрал-жабдықтар халықаралық талапқа сай заманауи технология бойынша жұмыс істеуде. Сағатына 12 мың шөлмек сусын шығаратын бұл кәсіпорын қазір өз өнімдерін елімізбен қатар шетелге де сатуға шығаруда. Кәсіпорында бірнеше жаңа жұмыс орны да ашылған.

 


– Біздің кәсіпорын жақында ғана іске қосылды, – деп атап өтті «Аква-Арасан» ЖШС бас технологы Зәуреш Мусина. – Неміс технологиясымен жұмыс істейміз. Бір күнде он екі мың, ал айына жүз мың шөлмек сусын шығара аламыз. Кәсіпорында 30 шақты жаңа жұмыс орны ашылды. Мамыр айында Сочиде өткен халықаралық байқауда біздің өніміміз алтын медальға ие болып, халықаралық сертификатқа ие болды. Өңірдің экономикалық серпілісіне өзіндік септігімізді тигізіп жүргенімізге ерекше қуаныштымыз.

 


Аймақтың алға басып, өңірлік экономиканың еселенуіне екпін қойып жүрген келесі кәсіпорында шығарылған өнімдер жол өндеу жұмыстарына қолданылады. Технологиялық талаптар толық сақталғандықтан, мұнда шығарылған өнімнің сапасы да талапқа сай. Мамандардың айтарына илансақ, қазіргі уақыттың өзінде тапсырыс тек қала көлемімен шектеліп қалмай, сырт өңірлерден де түсуде.

 


– Біз шығарған өнімге жол жөндеушілерден сұраныс көп түсуде, – дейді өнеркәсіп меңгерушісі Әділ Назаров. – Оны өз облысымыздан басқа Қарағанды мен Павлодарға да жібереміз. Сайып келгенде, өндіріс ошағының басты діттері дайын өнімді сатып алуды сырттан емес ішкі нарықта жандандыру. Сонда ғана елдің ақшасы сыртқа емес, ішкі қазанда қалады. Қазір бізде 21 адам еңбек етуде. Өнеркәсіп толық қуатына сай жұмыс істеуде.

 


– Айлығымды уақытында алып тұрамын, – деп сөз бастады өндірістегі еңбеккер Ермек Жұматов. – Сұраныстың көп екені біздің жұмыстың қауырттығынан көрінеді. Әсілі, сапалы өнімге қашан да тұтынушы табылатыны нарықтың ақиқаты емес пе? Қазіргі уақытта енгізілген жаңа технологияның тілін меңгеру үшін арнайы курстар да ұйымдастырылуда.

 


Ал, қаламыздағы баспахана кәсіпорнын іске қосуға индустрияландыру картасы бойынша 84 миллион тенге қаржы игерілген болатын. Қазір мұнда оншақты қала тұрғыны еңбек етуде.

 


– Шағын және орта бизнес нысандарының қатары көбейген соң, олардан жергілікті бюджетке енетін кіріс те арта түсті, – дейді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Теменов. – Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, өңірді дамытуға атсалысып жүрген кәсіпкерлердің қатары көбейгені, әрине көңіл марқайтады.

 


Соңғы жылдары Қостанайда жеке балабақшалардың да қатары көбейіп келеді. Кәсіпкер Ирина Сәдуақасова бұл салада біраз жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол әуелі жалдамалы ғимаратта жұмысын бастап, кейін «Бизнестің Жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсібін дамытуға мүмкіндік алғандығын айтады.Мұнда да 20 шақты адамға жаңа жұмыс орны ашылған.

 


– 2014 жылы «Бизнестің Жол картасы-2020» жобасымен осы ғимаратты сатып алдық, – дейді кәсіпкер Ирина Сәдуақасова. – Қазір 75 бала тәрбиеленуде. Оларға 4 мезгіл тамақ береміз. Жақында білім беру саласы арқылы да грант алдық. Осы арқылы біздің балабақшаның ата-аналары сәбилерінің тамағына ғана ақы төлейді. Біз бұған тек қана мемлекеттің көмегімен қол жеткізіп отырғандықтан, үкіметке айтар алғысымыз зор.

 


Қазір мемлекет тарапынан бизнестің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген жас кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінуде. Мұның да қаладағы шағын бизнестің дамуына қосар үлесі мол.

 


Қостанайлықтар ЭКСПО-2017 – халықаралық көрмесіне де дайындық жасауда. Осы бағдарламаға сәйкес облыс орталығындағы қонақүйлерге күрделі жөндеу жасалуда. Солардың бірі жақында ғана жөндеуден өткен «Медеу» қонақ үй кешені. Мамандар қонақүйдің халықаралық сертификат алып, ЭКСПО-2017 – көрмесі қонақтарына қызмет көрсетуге толық әзір болғандығын айтады.

 


– Біздің өлкемізде шағын және орта бизнес жақсы дамып келеді, – дейді «Медеу» қонақ үй кешенінің директоры Гаухар Бектасова. – Оған қонақүй саласында еңбек ететін біз де үлес қосудамыз. Біздің «Медеу» қонақ үй кешеніне биыл күрделі жөндеу жасадық. Қазір халықаралық сертификатқа ие болдық, ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтарына қызмет көрсетуге әзірміз. Бұл біздің елімізде өтетін әлемдік шараға қосатын үлесіміз болмақ.

 


ЭКСПО-2017 көрмесі аясында шетелдік қонақтардың Тобыл-Торғай өлкесінің табиғаты көркем аймақтарын аралап, тамашалауына да жағдай жасалмақ. Қазір қалада бірнеше туристік орталықтар құрылып, осы мақсатты жүзеге асыруға қам жасауда. Солардың бірі «best kz» туристік орталығы. Мұндағы мамандар қазірдің өзінде Қостанай өлкесінің көркем табиғатымен танысуға ниет білдірушілерге арналған буклеттер мен түрлі жәдігерлерді дайындап, таратумен айналысып жатқандарын айтады.

 


– Біз де облысымыздағы өзге ұжымдар тәрізді ЭКСПО-2017 көрмесіне жан-жақты әзірлік жасап жатырмыз, – дейді «best kz» туристік агенттігі бас маманы Ульяна Гуляева.– Биылдың өзінде Науырзым қорығы мен Қостанай қаласы бойынша бірнеше туристік топтарға қызмет көрсеттік. Биыл мемлекеттік грантты ұтып алған едік. Туристерге ағылшын, неміс, қытай тілдерінде қызмет көрсететін мамандарды да дайындадық.

 


Қала басшыларының айтуынша, қазір үкіметтің шағын және орта бизнесті өркендетуге жасап отырған қамқорлығы мол. Осының арқасында жыл басынан бері Қостанай қаласындағы кәсіпорындар 42 млрд теңгеден астам өнім өндіруге қол жеткізді.

 


Елу мыңнан астам тұрғынға күнкөрістік кәсіп ашып отырған шағын және орта бизнес саласының облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық саласының өркендеуіне қосар үлесі жыл өткен сайын арта түсуде. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен бизнестерінің болашағы берекелі болатындығына кәсіпкерлер де сенімді.

 


Нұрқанат НҮСІПХАН
суреттерді түсірген автор  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео