Қандастарымызға құшағымыз ашық

4 июля 2016 - Веб-редактор

Бұдан былай елімізде еңбек ресурстары жетiспей отырған өңiрлерге өзге аймақтан көшіп келген азаматтарымызға немесе қандастарымызға әлеуметтiк қолдау қарастырылатын болады. Бұл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты негізінде іске асырылады. Осыған сәйкес қандастарымызды облыстағы жеті аудан бойынша қоныс аудару жоспарланған. Оларға жергілікті жерлерде әлеуметтік тұрғыда бар жағдай жасалатын болады. 

 

 

Елу шақты отбасы түтін түтетіп отырған Калинин ауылында Өзбекстаннан келген төрт жанұя бар. Олар елді-мекенге жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жолдамасымен келген. Қандастырымыз баспана және тұрақты жұмыспен қамтылған. Салтанат Жарылқасынова білікті тігін шебері. Ұлттық нақышта көйлек, қоржын-дорба, көрпе тігеді. Салтанаттың отбасымен Тобыл өңіріне қоныс аударғанына он жылға жуықтаған. Алғашында Рудный қаласында тұрып, енді Әулиекөл ауданына көшіп келген. Бүгінде жолдасымен екі қыз және екі ұл бала тәрбиелеуде.

 


– Қазіргі жағдайымыз жаман емес, – дейді Әулиекөл ауданының тұрғыны Салтанат Жарылқасынова. – Алдымызға мал салып, жұмыс берді. Әрине, осындай бағдарламаны іске қосқан үкіметке алғысымыз шексіз.

 


Кезекті жанұяның отағасы Маққым Көшеков шаруа қожалығында еңбек етеді. Өрісте мал бағумен айналысады. Қаладан ауылға келгеніне еш өкінбейді. Айтуынша мұнда тұрмысты дөңгелетіп, молшылыққа кенелуге әбден болады. Тек, ерінбей еңбек ету қажет. Жергілікті серіктестік те өз еңбекккерлеріне бар жағдай жасап берген.

 


Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қандастырымызды қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасу. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты осылай аталады. Осыған сәйкес облыста кешенді шаралар атқарылуда. Соның нәтижесінде бүгінде Әулиекөл мен Қостанай аудандарына 11 отбасы көшірілген.

 


– Бұл бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан қыруар көмек, қолдау көрсетіледі, – дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Дәмелі Ақпанбетова. – Мәселен, қатысушы жол жүру және тұруға материалдық көмек алып, кәсіпкерлік негіздерін тегін оқып шығады. Шағын несие де қарастырылған. Бағдарлама аясында механизаторлар, газ дәнекерлеушілері, металл жонушылар және бақташы мамандықтарына сұраныс жоғары.

 


Қандастарымызды көшіру Әулиекөлден бөлек, Жітіқара, Қамысты, Федоров, Таран, Денсиов және Қарабалық аудандары бойынша іске асырылады. Қазір аталған аймақтардың жұмыс берушілермен келісім жасалып, өзге де әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан.

 


Нұрқанат ОМАРҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео