Әлемнің ерекше назарындағы көрме

22 июня 2017 - Веб-редактор
article14117.jpg

Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында қойылған мақсаттар мен міндеттер 2050-ге жетпей орындалады десем қателеспеген болар едім. Себебі, бүгінде елімізді бүкіл дүниежүзі танып отыр. Оған дәлел – ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу үшін сынға түскенде Қазақстанды қолдап 103 ел дауыс беріп, бүгінде сол көрменің ойдағыдай өтіп жатқандығы. Бұл шара Астана үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа қадамы болатыны анық. Осыған орай, жуырда Л.Н Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында дүниежүзілік көрмені насихаттау мақсатында «EXPO-2017: қазақ елінің ең ірі жобасы» атты кітап көрмесінің тұсаукесері өтті. 

 

 

Шараға Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының бас маманы Роза Олжабаева, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жобаларының жетекшісі Алексей Левашкин, облыс әкімдігінің «Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы» ММ туризм және лицензиялау бөлімінің басшысы Талғат Көтенбаев, мектеп оқушылары, студенттер және өзге де қонақтар қатысты.

 


Көрменің тұсаукесерін ашқан Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манатбек Қадыров осыдан 100 жылдай бұрын, 1925 жылы Париж төрінде және ЕХРО-2017 лейтмотивіне айналған «Балқадиша» әнін шырқады.

 


Аталмыш көрме төрт бөлімді қамтып, оған кітапхана қорынан алынған 100-ден астам басылым қойылды.

 


– Біздің елімізде әлемдік деңгейдегі ең ірі жоба ЭКСПО көрмесі ашылғандығы баршаңызға мәлім, – дейді Роза Төлешқызы. – Бұл мемлекетімізде өтіп жатқан алғашқы ауқымды жоба емес, бұған дейін дүниежүзілік саммит, одан қалды қысқы Азия ойындары, болашақта олимпиада өтеді деген үмітімізде жоқ емес. Міне, осындай ірі жобалардың бірі – осы дүниежүзілік көрме. Елбасымыз атап өткендей, оның аясында елімізде 3000-ға тарта іс шара өтеді, солардың қатарында біздің облыстың да үлесі бар. Мысалға, үш айда облыста 24 ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Соның бірі, бүгінгі өтіп отырған кітап көрмесі. Және де алдағы уақытта Астанада облыстың мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Ол тамыз айының үші мен сегізі аралығында болмақ. Оның ішінде, 31-ші шілдеден бастап біздің этноауылға, қолданбалы көркем өнер шеберлері аттанбақ. Яғни, суретшілер, зергерлер, қолөнер шеберлері Астана жұртшылығына және шетелден келген қонақтарға өздерінің өнерлерін паш ететін болады. Ал театр және филармония әртістері, одан қалды шағын қалалар мен ауылдардан келген өнерпаздар да елордада өздерінің өнерлерін тарту етпек.

 


– Әрбір қазақстандық үшін аталмыш көрме мақтаныш болмақ, – дейді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жобаларының жетекшісі Алексей Валерьевич. – Мен өз баяндамамда дүниежүзілік көрмеге облыстың, соның ішінде біздің кәсіпорынның қосып жатқан үлесі жөнінде айтып өткім келеді. Ол елімізде жаңа автокөліктерді шығаратын және оны қайта өңдейтін ірі кәсіпорындардың қатарына жатады. Компания Қазақстан бойынша жаңа автокөлік шығарудың жаңа жүйесімен жұмыс атқарады. Жеті жыл бойы қызмет жасайтын кәсіпорын Toyota, JAC motors, Ssang Yong маркалы автокөліктерді шығарып үлгерді. Жалпы алғанда сегіз брендті жинақтадық. Сонымен қатар, бізде коммерциялық, ТЖМ-не қажет және медициналық көліктерді де құрастырады. Былтырғы жылы компания үлкен жобаны қолға алды. Ол электрлік көлік шығару болатын. Кәсіпорын алғашқы көліктерді сертификаттау үшін республиканың жер-жеріне таратып, сынақтан өткізіп жатыр. Оның басым бөлігі ЭКСПО-2017 әлемдік көрмесіне жіберілді. JAC электромобильдерін шығара отыра, оған деген сұраныстың көптігін байқадық. Алайда, оған республикада инфрақұрылымның жоқтығы кедергі жасайды. Тағы айта кетеріміз, кәсіпорын әлемдік көрмеге арнап 18 метрлі IVECO BUS атты автобустар дайындады. Ол қазіргі таңда келген қонақтар мен қала тұрғындарының жүріп-тұруларына өз септігін тигізуде. Қорыта айтарым, біздің компания елімізде автокөлік өнеркәсібінің дамып жатқандығын, және мемлекетті қазақстандық өніммен қамтамасыз ете алатындығымыздың тағы бір дәлелі.

 


Көрме барысында облыс әкімдігінің «Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы» ММ туризм және лицензиялау бөлімінің басшысы Талғат Жұмабайұлы ЕХРО-ға арналған «Лондоннан Астанаға дейінгі халықаралық көрмелер тарихы» кітабын тарту етті және арнайы дайындалған туристік маршруттар – 12 ұлттық парк пен Қазақстандағы ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұраға енгізген нысандары туралы айтып берді.

 


– Барлық қазақстандықтар жуырда ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуының куәсі болды, – дейді Талғат Көтенбаев. – Оны Елбасы Н.Назарбаев өзі ашып, көрме 93 күн өтеді. Облысымыздан төрт жоба дүниежүзілік көрмеде көрсетілетін болады. Олар: «Қараман-К» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Тұрар» ЖШС және геотекстил мен синтепон өндіруші фабрика. Бұлардың барлығымен келген қонақтар интерактивті тақта арқылы таныса алады. Біз осы қатарға қосылатын өзге де кәсіпорындар мен фабрикаларды қарастырып жатырмыз. Сол арқылы шетелдік қонақтар біздің облыс жайлы бірнеше ақпараттар біле алады. Аталмыш көрме біздің еліміздегі жасыл экономиканың ғана емес, жалпы экономиканың дамуына өзінің үлкен үлесін қосатынына сенемін. Жалпы алғанда көрме жайлы тоқталар болсам, алғашқыда көптеген жағымсыз пікірлер болды. Кейіннен оның ашылуын өз көздерімен тамашалап келген таныстарым, туыстарым үлкен әсерде қалғандарын жеткізді. Демек, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр деген сөз. Олардың сөзінше, барлық павильондарды аралап шығуға бір күн аздық етеді. Естуім бойынша, онда үлкен әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың қатысуымен іс-шаралар, концерттер өтеді. Сондықтан да қазіргі кездің өзінде билеттер сатылып кеткен. Бұл орталық алдағы уақытта болашақ мұражайы болмақ. Осы орайда айта өту керек, көрмеге билеттерді теміржол кассаларынан алған ыңғайлы. Онда Астанаға жол жүру билетін алсаң, дүниежүзілік көрме билетіне 50 пайыздық жеңілдік беріледі. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалу керек деген ойдамын.

 

 

Ақбота САҚҰЛОВА
суретті түсірген автор 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео